1945 ж. 27 сәуірі: Кеңес әскерлері Берлиннің ең соңғы қорғаныс шебі - Тиргартенге шықты. Рейхстагқа дейін тікелей - 2250 метр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- 1945 жылдың 27 сәуірі - соғыстың 1406-шы күні Кеңес әскерлері Берлиннің ең соңғы орталық қорғаныс шебі - Тиргартен паркіне шықты. Рейхстагқа (Парламент ғимараты) дейін тікелей - 2250 метр қалды. Бұл туралы «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылдың 29 сәуіріндегі (жексенбі) №84-ші санында басылған Кеңес ақпарат бюросының мәліметінде айтылған.

1945 ж. 27 сәуірі: Кеңес әскерлері Берлиннің ең соңғы қорғаныс шебі - Тиргартенге шықты. Рейхстагқа дейін тікелей - 2250 метр

Айта кетелік, Тиргартен (зообақ) - Берлиннің орталық аумағы. Арал іспеттес. Айналасы Шпрее өзені және басқа да су арналарымен қоршаланған. Ұзындығы 8 шақырым, ал ені 2 шақырымды құрайды.

Берлиннің орталығына жақындаған сайын, құрамалар мен бөлімшелердің шабуылдау учаскелері тарыла бастады. Бұл әрине қолбасшылық тарапынан аса сақтықпен, үйлесімді соғыс қимылдарын жасауды талап етті.

Сонымен, Берлинде көше ұрыстары жалғасуда. Нақтырақ айтар болсақ, 1-ші Белорус майданының 2-ші гвардиялық танк армиясы Шпрее өзеніне өтіп, Вестенд стансасын алған соң, Тиргартен паркіне және Берлиннің орталық аудандарының бірі - Шрлоттенбургке қарай жылжып жатыр. 3-ші екпінді армия Фербингдус су арнасынан өтіп, Моабит ауданына жақындады. 5-ші екпінді армия 1250 метр алға жылжып, қаланың 40-тан астам кварталын жаудан тазартты. Ал 1-ші гвардиялық танк армиясы Нейкельн ауданында ауыр ұрыстар жүргізе отырып, қаланың 80 кварталын басып алды.

«1-ші БЕЛОРУС майданының әскерлері шабуылдай отырып, 27 сәуір күні Орталық Германияның маңызды қорғаныс тораптары - РАТЕНОВ, ШПАНДАУ және ПОТСДАМ қалаларын алды. Бір мезетте майдан әскерлері Берлинде көше ұрыстарын жүргізе отырып, НЕЙКЕЛЛЬН, ТЕМПЕЛЬХОФ аудандарын және ТЕМПЕЛЬХОФ әуежайын басып алды» - делінген мәліметте.

26 сәуір күні болған ұрыстарда майдан әскерлері 8500 неміс солдаты мен офицерін қолға түсіріп, 20 - ұшақ, 200 - танк және 290 - дала зеңбірегін олжалаған.

Ал 1-ші Украин майданының әскерлері мен англо-америкалық әскерлер шығыстан және батыстан шабуылдай отырып, 25 сәуірде ТОРГАУ қаласы маңында 13 сағат 30 минутта қосылды. Осылайша, Германияның солтүстігіндегі неміс әскерлері, оңтүстіктегі әскерлерден бөлініп тасталды.

«27-ші сәуірде майдан әскерлері немістердің ЭЛЬБА өзеніндегі маңызды қорғаныс пункті ВИТТЕНБЕРГ қаласын алды. Сонымен қатар майдан әскерлері БЕРЛИНДЕ де көше ұрыстарын жүргізіп, ШТЕГЛИЦ және ШМАРГЕНДОРФ аудандарын алды» - делінген мәліметте.

26 сәуір күні болған ұрыстарда майдан әскерлері 3000-нан астам неміс солдаты мен офицерін қолға түсіріп, дұшпанның 85 ұшағын олжалады.

Чехословакия жерінде 2-ші УКРАИН майданының әскерлері УГЕРСКИ БРОД және УГЕРСКИ ОСТРОГ қалаларын және СУХА ЛОЗ, ХАВРЖИЦЕ, ВЛЧНОВ, ГЛУК және БЛАТНИЦЕ елді-мекендерін азат етті.

2-ші БЕЛОРУС майданының әскерлері болса 27-ші сәуір күні Германияның батыс Померания провинциясының ПРЕНЦЛАУ, АНГЕРМЮНДЕ және ПЕЛИТЦ қалаларын және ЯСЕНИТЦ, ХАММЕР, ШТОЛЬЦЕНБУРГ, ПАМПОВ, МЕВЕГЕН, БООК, ЛЕКНИТЦ, БЕРГХОЛЬЦ, БРЮССОВ, ФАРЕНВАЛЬДЕ, КЛОКОВ, БЕРТИКОВ, ГРАМЦОВ, ПАССОВ, ХОЭН ЛАНДИН ірі елді-мекендерін алды.