1945 ж. 5 мамыры: Германияның нацистік үкіметі неміс әскерлерінің Батыс майданда қарсылықсыз тізе бүгуі туралы одақтастармен келіссөздер жүргізді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпараттық агенттігі Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай эксклюзивті материалдарды жариялауды жалғастырады.

1945 ж. 5 мамыры: Германияның нацистік үкіметі неміс әскерлерінің Батыс майданда қарсылықсыз тізе бүгуі туралы одақтастармен келіссөздер жүргізді

Германияның Карл Дёниц басқарған нацистік үкіметі Батыс майданда бүкіл неміс қарулы күштерінің қарсылықсыз тізе бүгуі туралы одақтастармен келіссөздер жүргізді.

Келіссөздер Францияның солтүстік-шығысында орналасқан Реймс қаласында болды. АҚШ қарулы күштерінің армия генералы Дуайт Эйзенхауэр басқарған Одақтастар қарулы күштері қолбасшылығының штабы осында орналасқан болатын. Флот адмиралы Ганс-Георг фон Фридебург бастаған неміс делегациясы тек Батыс майдандағы неміс қарулы күштерінің қарсылықсыз тізе бүгуін ұсынды. Алайда, Эйзенхауэр бұған үзілді-кесілді қарсы болып, неміс әскерлерінің барлық майданда, Батыс және Шығыс майданда да бір мезетте ешқандай бұлтарыссыз тізе бүгуін талап етті. Әйтпесе, одақтастардың әскерлері батысқа қарай күндіз-түні тоқтаусыз ағылып жатқан неміс босқындарын күшпен тоқтатып, бүкіл Батыс майданды жауып тастайтындығын ескертті. Адмирал Карл Дёниц бұл шартты тиімсіз деп тауып, одақтастармен келіссөзге неміс қарулы күштерінің штабы бастығы, генерал-полковник Альфред Йодльді жіберді.

Ал бұл күні Шығыс майданда Кеңес әскерлері шабуылдарын үдете түсіп, сәтті ұрыстар жүргізіп жатты. Бұл туралы «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылдың 8 мамырындағы (сейсенбі) №89-шы санында басылған Кеңес ақпарат бюросының мәліметінде нақты айтылған.

«3-ші БЕЛОРУС майданының әскерлері ФРИШ-НЕРУНГ мүйісін жаудан тазарту бойынша ұрыстар жүргізіп, ЛАНГХАКЕН, ШЕЛЛМЮЛЬ, ШМИРГЕЛЬ, ПРЕББЕРНАУ, ШОТЛАНД елді-мекендерін алды.

2-ші БЕЛОРУС майданының әскерлері 5 мамырда немістердің Балтық теңізі бойындағы ірі порты әрі әскери-теңіз базасы - СВИНЕМЮНДЕ қаласын, ВОЛЛИН және УЗЕДОМ аралын және КОЛЬЦОВ, МИСДРОВ, ЛЕББИН, АЛЬБЕК, ЗЕЕБАД ГЕРИНГСДОРФ, УЗЕДОМ, КЕЛПИНЗЕЕ, ЦИННОВИТЦ, ПЕЕНЕМУНДЕ елді мекендерін басып алды.

4-ші мамырда майдан әскерлері немістердің 11 700 солдаты мен офицерін тұтқындап, 55 - ұшақты, 24- танкті, 88 дала зеңбірегін олжалады.

Ал 1-ші БЕЛОРУС майданының әскерлері БРАНДЕНБУРГ қаласының оңтүстік-батысында алға жылжи отырып, ЦИЗАР, ЛОБУРГ, БУРГ, МЕККЕРН, ГОММЕРН, РОСЛАУ қалаларын алды. 4 мамыр күні болған ұрыстарда майдан әскерлері 2 860 неміс солдаты мен офицерін қолға түсірді.

4-ші УКРАИН майданының әскерлері МО-РАВСКА ОСТРАВА қаласының оңтүстік және оңтүстік-батысында шабуылдай отырып, ХОФ (ДВОРЦЕ), БЕРН (МОР БЕРОУН), ФУЛЬНЕК, МИСТЭК қалаларын және МЕЛЬЧ, РАУЧ, ДОМШТАДТЛЬ, ШТАДТ ЛИБАУ, БАРТОШОВИЦЕ, МЕТИЛОВИЦЕ, ФРИДЛАНТ, КУНЧИЦЕ, РОЖНОВ ірі елді-мекендерін ұрыспен алды. Осылайша 1945 жылдың 10 наурызынан 5 мамырға дейін созылған және Чехословакияның Силезия жерінде жүргізілген Моравска-Острав шабуылдау операциясы аяқталды. Бұл операция барысында Кеңес әскерлері 23 964 адамынан айрылды. 88 657 жауынгер жарақат алды. Кеңестік статистика бойынша неміс әскерлері 250 мың адамынан айрылды. Олардың ішінде 150 мыңы тұтқындар. Сонымен қатар әскерлеріміз 4 мыңға жуық зеңбіректі, 1470 - миномет, 1087 - танк пен шабуылдаушы зеңбіректі және 737 - ұшақты олжаланды.

4-ші мамыр күні болған ұрыстарда майдан әскерлері немістердің 1 100 солдаты мен офицерін тұтқындады.

2-ші БЕЛОРУС майданының әскерлері болса БРНО қаласының солтүстік-шығысында шабуыл жүргізе отырып, КРОМЕРЖИЖ қаласын жаудан азат етті. Осылайша, 1945 жылдың 25 наурызынан 5 мамырға дейін созылған Братислава-Брно шабуылдау операциясы да аяқталды. Кеңес әскерлері 19 933 адамынан айрылды. 62663 жауынгер әр түрлі жарақаттар алды. Неміс әскерлері бойынша деректер жоқ.

4-ші мамыр күні барлық майдандарда 26 неміс танкісі талқандалды және жойылды. Әуе ұрыстарында зениттік артиллерияның күшімен 14 жау ұшағы атып түсірілді», - делінген мәліметте.