1945 жылы Жеңісті Берлинде тойладық - ҰОС ардагері Мүбарак Кәкенов

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Бүгінгі 9 мамыр - Жеңіс күнімен барша қазақстандықтарды құттықтаймын! Барлық Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне зор денсаулық тілеймін! Аспанымыз ашық болып, елімізге Алла тағала тыныштығын берсін!» - дейді ҰОС ардагері Мүбәрак Кәкенов ақсақал.

1945 жылы Жеңісті Берлинде тойладық - ҰОС ардагері Мүбарак Кәкенов

«Бүгін, міне, Ұлы Жеңістің 69 жылдығын аман-есен қарсы алып отырмыз. Бұл, әрине, тәуелсіздігіміздің арқасы. Әрдайым еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Біз көрген соғысты келешек ұрпақ көрмесін! Бейбіт заман болсын!» - деді М. Кәкенов.

Ардагердің айтуынша, ол кісі соғыстың аяғына дейін қатысып, елі үшін қан майданда басқыншы жауға қасқайып қарсы тұрған. Соғыста көрсеткен ерлігі де ескерусіз қалмаған. «Отан соғысы», «Берлинді алғаны үшін», «Беларуссияны азат еткені үшін», «Украинаны азат еткені үшін» ордендерімен марапатталған.

«Мен өзім Бірінші Беларусь майданында болып, Беларуссияны, Польшаны азат етуге қатыстым. 1945 жылдың 2 мамырында Берлинге басып кіріп, Жеңіс күнін сол жерде тойладық. Соғыстан кейін елге оралып, үйленіп, 11 баланың әкесі болдым», - деп еске алады ардагер.