1980 жылдан бері қарай туғандардың барлығы тек өздерінің зейнетақы жүйелеріне ғана үміт артуы керек - С. Әбденов

Бүгін ҚР Парламент Сенатында еліміздегі зейнетақыны жаңғыртуға арналған заң жобаларын таныстыру барысында депутаттар сауалына жауап берген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов осылай мәлім етті.
Министрдің айтуына қарағанда, 2012 жылдың қорытындысы бойынша базалық, еңбек өтіліне байланысты ынтымақтық және жинақтау жүйесін қамтыған зейнетақының орташа мөлшері 41 мың теңгені құрады. Оның ішінде ынтымақты зейнетақы 32 пайызды, жинақ жүйесіндегі зейнетақы мөлшері 3,1 пайызды құраған. Ал министрдің пайымынша, бұндай үдеріс бұдан кейінгі жылдар ішінде сақталған болса, онда 2050 жылға қарай зейнетақы мөлшерінің қысқаруы 4 есеге дейін жетпек. «Бұл негізінен ынтымақты жүйесінің қысқартылуымен байланысты, сонымен бір мезгілде жинақтаушы зейнетақы жүйесі де тиісті деңгейде дамымай отыр. Біздің бүгінгі міндетіміз осы жүйені жаңғырту», - деп атап өтті С. Әбденов. Бұл ретте ведомство басшысы елімізде алдағы уақытта 80-ші жылы және одан кейін туған әйелдер ынтымақты жүйеден бір де бір теңге алмайтынын, яғни негізгі ауыртпашылық жинақтаушы жүйеге түсетінін алға тартады. «Яғни, алдағы уақытта 1980 жылдардан бері туғандар тек базалық және жинақталған зейнетақы жүйесіне ғана үміт арта алады. Сондықтан да, 1980 жылдан бері қарай туғандар зейнетақы жинақтарына барынша ден қоюға тиіс. Үкімет те осы мәселелер бойынша жұмыспен қамту, жинақ салымына ынталандыру шараларын бұдан кейінгі күні де қарастыратын болады», -дейді министр.