1999 жылы сатылып кеткен Ұлттық ұланға тиесілі жер мемлекет меншігіне қайтарылды
АСТАНА. KAZINFORM — Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасы Ұлттық ұланның әскери бөліміне бекітілген, аумағы 86 гектардан асатын жер учаскесінің 1999 жылы коммерциялық құрылымның пайдасына заңсыз иеліктен шығарылғанын анықтады.
Әскери прокурорлар әскери мүліктің мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмысты жалғастырып келеді.
— Қорғаныс мақсатындағы жерлердің пайдаланылу заңдылығын талдау барысында Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасы Ұлттық ұланның әскери бөліміне бекітілген, аумағы 86 гектардан асатын жер учаскесінің 1999 жылы коммерциялық құрылымның пайдасына заңсыз иеліктен шығарылғанын анықтады. Кейін бұл жер бірнеше рет жеке тұлғаларға қайта сатылған, — делінген Бас әскери прокуратура хабарламасында.
Прокурорлық қадағалау актісі негізінде әскери бөлім жер учаскесіне қатысты сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы талаппен сотқа жүгінді.
Талап арыз қанағаттандырылып, жерді мемлекеттік меншікке қайтару рәсімі басталды.
Айта кетелік Оралда жеке меншікке берілген жер 14 жылдан кейін мемлекетке қайтарылғаны туралы жазған едік.