2 ақпан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 2 ақпан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Тұлғалар туған күн
Фото: Kazinform/Midjourney

ЕСІМДЕР

87 жыл бұрын (1938) жазушы, қоғам қайраткері Марал ЫСҚАҚБАЙ дүниеге келді.

 Марал ЫСҚАҚБАЙ
Фото: ult.kz

Жамбыл облысының Қордай ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.

1971-1977 жылдары Қазақ Совет энциклопедиясында, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде редактор, республикалық «Қазақкітап» бірлестігінде бас редактор болып істеген. 1977-1984 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде жауапты қызмет атқарды, 1985-1988 жылдары «Мектеп», «Жазушы» баспаларының директоры, 1991-1997 жылдары ҚР Авторлық құқық жөніндегі мемлекеттік агенттігінің төрағасы болды.

Жазушының «Қырық қыз», «Сұлутөрдің бөктері», «Ұят туралы аңыз», «Жойқын төбе», «Шілде басталғанда», «Көңіл жұбанышы», «Менің көршілерім», «Пенде ғұмыр», «Ғашық боп көрмеген келіншек» атты прозалық, «Шығарма шырайы - шындық», «Мүйізді Өтеген», «Баба ұраны» атты сыни-зерттеу кітаптары жарық көрген.

Жазушының әңгіме, хикаяттары бойынша «Қырық қыздың ауылы», «Қияндағы қыстау» сияқты телеқойылымдар, «Тамшы» көркем фильмі түсірілген. Қазақтың 1100 әнін құрастырып, «Қазақша Караоке» деген атпен CD-ға жаздырған.

Қазақстан Республикасы Құрмет грамотасымен марапатталған.

69 жыл бұрын (1956) «ҚазМұнайГаз» ҰК Директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директоры Асқар Оразалыұлы ШӘКІРОВ дүниеге келді.

Асқар Оразалыұлы ШӘКІРОВ
Фото: egemen.kz

Қарағанды қаласында туған. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Азия және Африка елдері институтын, КСРО Ішкі істер министрлігі академиясының адъюнктурасын бітірген.

1978-1987 жылдары КСРО Ішкі істер министрлігі академиясының адъюнкты, инспекторы, аға инспекторы, ғылыми қызметкері, 1987-1989 жылдары КСРО Ішкі істер министрлігі сыртқы байланыс бөлімінің, 1989-1992 жылдары КСРО Ішкі істер министрлігі Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу институты бөлімінің бастығы, 1992-1995 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігінің Келісімшарт-құқық басқармасы бастығының орынбасары, басқарма бастығы. 1995-1996 жылдары ҚР Корей Республикасындағы Уақытша Сенімді Өкілі, 1996 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі, 1996-1998 жылдары ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары, 1998-2004 жылдары ҚР Үндістан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, 2004-2006 жылдары ҚР Сыртқы істер вице-министрі, 2006-2007 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Кеден комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. 2007-2019 жылдары ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл болды.

2023 жылдың қаңтар айынан бері қазіргі қызметінде.

КСРО-ның ІІІ дәрежелі «За безупречную службу» медалімен, Қазақстан Республикасының «Астана», «Ерен еңбегі үшін», «ҚР тәуелсіздігіне 10 жыл», «ҚР Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Халықаралық әскери достастықты дамытқаны үшін» медалімен марапатталған.

67 жыл бұрын (1958) «Астана ІТ Университеті» ЖШС-нің бірінші проректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Серік Мәуленұлы ӨМІРБАЕВ дүниеге келді.

Серік Мәуленұлы ӨМІРБАЕВ
Фото: astanait.edu.kz

Қарағанды ​​облысында туған. Қарағанды ​​мемлекеттік университетін бітірген, экономист.

Еңбек жолы: 1982-1985 жылдары Қарағанды ​​мемлекеттік университетінде оқытушы, 1985-1988 жылдары Мәскеу қаржы институтының аспиранты, 1989-1999 жылдары Қарағанды ​​мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, доценті, қаржы кафедрасының меңгерушісі, экономика факультетінің деканы, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің кеңесшісі, 1999-2001 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігі Мемлекеттік стандарттар және мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру департаментінің бастығы, Жоғары және орта арнаулы білім департаменті директорының орынбасары, Мемлекеттік стандарттар және тестілеу ұлттық орталығы директорының орынбасары ҚР Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры, 2001-2003 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры, 2003-2007 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мемлекеттік білім беру стандарттары және тестілеу ұлттық орталығы директорының орынбасары, 2007-2010 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры, 2010-2011 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім беруді дамыту стратегиясы және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры, 2012-2015 жылдары С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, Білім беру сапасын қамтамасыз ету тәуелсіз қазақстандық агенттігінің оқу ісі жөніндегі директоры. 2017-2019 жылдары М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры қызметтерін атқарды.

«Құрмет» орденімен, ; «Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медалі, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі», «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «ҚР қаржы полициясына 15 жыл» төс белгілерімен марапатталған.

58 жыл бұрын (1967) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Ақасұлы РАХМЕТУЛЛИН дүниеге келді.

 Ақан Ақасұлы РАХМЕТУЛЛИН
Фото: Kazinform

Алматыда туған. 1991 жылы Алматы энергетикалық институтын бітірді. Дипломатиялық қызметін 1993 жылы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Консулдық басқармасының референті, содан кейін атташесі болып бастады. 1994-1996 жылдар аралығында Қазақстанның Пәкістандағы Елшілігінің атташесі, үшінші хатшысы болды. Қазақстанға оралғаннан кейін және ҚР СІМ Бас консулдық басқармасының үшінші, екінші хатшысы лауазымдарында жұмыс істегеннен кейін 1999 жылы ҚР СІМ Дипломатиялық Академиясының бірінші жиынының тыңдаушысы болып, оны үздік бітірген. Дипакадемияны аяқтағаннан кейін екінші, бірінші хатшы, одан кейін Алматыдағы ҚР СІМ өкілдігінің кеңесшісі лауазымында жұмыс істеді, онда Қазақстанның халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық мәселелеріне жетекшілік етті. 2002 жылғы желтоқсанда бірінші хатшы лауазымында Қазақстанның БҰҰ жанындағы Нью-Йорктегі Тұрақты өкілдігіне жіберілген. Онда БҰҰ Бас Ассамблеясының үшінші комитеті, БҰҰ түрлі органдарына сайлау мәселелерін жүргізген. 2004 жылы Қазақстанға оралғаннан кейін Қазақстан СІМ орталық аппаратында жұмысын жалғастырып, онда халықаралық гуманитарлық-экономикалық ынтымақтастық департаментінің кеңесші лауазымынан бастап директордың орынбасарына дейінгі мансаптық өсу кезеңдерінен өтті. 2007-2011 жылдары Венада Кеңесші-Уәкіл, Қазақстанның ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкілінің орынбасары лауазымында жұмыс істеді. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі кезінде ұйымның екінші өлшемінің (экология және экономика мәселелері бойынша) жұмысын үйлестірді. 2011-2015 жылдары Нью-Йоркте БҰҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілінің орынбасары қызметін атқарды. Исламабадқа қызметке тағайындалғанға дейін 2015 жылғы желтоқсаннан бастап ҚР СІМ Көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры қызметін атқарды. 2019-2021 жылдары ҚР Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, 2022 жылы ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болды. 2022-2024 жылдары Қазақстан Республикасының Біріккен ұлттар ұйымындағы тұрақты өкілі қызметін атқарған.

2024 жылдың мамыр айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

57 жыл бұрын (1968) Қызылорда облыстық сотының төрағасы Әділхади Жұмабайұлы ШИҒАМБАЕВ дүниеге келді.

Әділхади Жұмабайұлы ШИҒАМБАЕВ
Фото: aqmeshit-zhastary.kz

Қызылорда қаласында туған. 1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген, заңгер.

Еңбек жолы: 1985 жылы ҚХА МТС Қызылорда облыстық базасының қызметкері, 1985-1994 жылдары Әуезов ауданы прокуратурасында стажер, аға тергеуші, 1994-1996 жылдары Алматы қаласы прокуратурасының аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі, 1996-1998 жылдары құқық қорғау органының қызметкері, 1998-2007 жылдары Ақтау қалалық сотының судьясы, төрағасы, 2007-2012 жылдары Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы, 2012-2017 жылдары Атырау облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы, 2017-2022 жылдары Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы қызметін атқарды.

2022 жылдың шілде айынан бастап қазіргі қызметінде.

48 жыл бұрын (1977) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сейітжаппарұлы СӘРСЕНОВ дүниеге келді.

Сәкен Сейітжаппарұлы СӘРСЕНОВ
Фото: АО "Казпочта"

Шымкент облысында туған. Мәскеу мемлекеттік авиациялық институтын бітірген, «Ақпарат өңдеу және басқарудың автоматтандырылған жүйесі» мамандығы бойынша инженер.

Әр жылдары ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде жұмыс істеген, ҚР радиожиілік спектрін пайдалануды бақылау мәселесімен айналысты, ҚР Қаржы министрлігі «Қаржылық жүйелерді ақпараттандыру орталығы» РМК ақпаратты қорғауды ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді. 2003 жылы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды, 2008-2009 жылдары «Қазақтелеком» АҚ электрондық қызметтер бойынша Басқарушы директоры лауазымын атқарды, 2009-2010 жылдары ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнаулы есеп жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды, 2010-2012 жылдары ҚР Байланыс және ақпарат вице-министрі лауазымын атқарды, 2012-2014 жылдары ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі қызметінде болды. Сонымен қатар ҚР Байланыс және ақпарат агенттігі төрағасының бірінші орынбасары, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің ақпараттандыру және ақпарат комитетінің төрағасы болды. 2016-2017 жылдары ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі, 2017-2020 жылдары «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды.

2020 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен марапатталған.

45 жыл бұрын (1980) Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы ОТАРБАЕВ дүниеге келді.

Мәлік Нұржанұлы ОТАРБАЕВ
Фото: korkyt.edu.kz

Жамбыл облысы, Ақжар ауылында туған. Еңбек жолын 2001 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінде стажер-зерттеуші болып бастаған. 2003-2016 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінде аспирант, «Диалог» Еуразия-Қазақстан» журналының жауапты хатшысы, бас редакторы, бас үйлестірушісі, Қазақстан Жазушылар одағына қарасты «Қаламгер» журналының бас үйлестірушісі. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Халықаралық түркі мәдениетін дамыту ТҮРКСОЙ ұйымындағы өкілі болып қызметтер атқарған. 2016-2018 жылдары Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы елшілігінің Үшінші хатшысы. 2018-2020 жылдары Түркістан облысы әкімінің орынбасары.

2022 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі қызметінде.

92 жыл бұрын (1933-2015) әйгілі қазақ хирургі, медицина ғылымдарының докторы, академик Мұхтар Әлиұлы ӘЛИЕВ дүниеге келген.

Мұхтар Әлиұлы ӘЛИЕВ
Фото: new.krmu.edu.kz

Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданының Төменарық стансасында туған. 1957 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірген, емдеуші-дәрігер. Медицина ғылымдарының кандидаты, докторы, профессор.

ҚазКСР ҒА, Халықаралық шығармашылық академиясының, Халықаралық ақпараттандыру академиясының, Нью-Йорк ғылым академиясының, ГФР Медициналық білім беру академиясының академигі. ҚР хирургтері ғылыми мектебінің жетекшісі. 800 ғылыми еңбектің авторы, соның ішінде 58 монография, ғылыми-танымдық және оқу кітапшалары бар. ҚР мен КСРО патенттері мен алдын ала патенттерінің 151 өнер табысы авторлық куәлігіне ие. 30 ғылыми еңбектер жинағының бас редакторы.

1950 жылдан Шымкент облысы Тимур ауылы 7 жылдық мектебінің оқытушысы, 1951-1957 жылдары Алматы мемлекеттік медицина институтының студенті, 1957-1958 жылдары Шымкент облысы «Тимур» кеңшарында учаскелік аурухана хирургі және бас дәрігері, 1958-1960 жылдары Алматы мемлекеттік медицина институтында клиникалық ординатор, 1960-1961 жылдары Республикалық кпиникалық ауруханасының хирург-дәрігері, 1961-1963 жылдары Онкология және радиология ҚазҒЗИ кіші ғылыми қызметкері, 1963-1969 жылдары Алматы екінші қалалық ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі, Алматы мемлекеттік медицина институтының аспиранты, 1969-1976 жылдары Алматы дәрігерлердің білімін жетілдіру институты кафедрасының меңгерушісі, доцент, 1976-1980 жылдары Алматы мемлекеттік медицина институты хирургия кафедрасының меңгерушісі, 1978-1982 жылдары ҚазКСР Денсаулық сақтау министрлігінің бас хирургі, 1980-1985 жылдары Ә.Н. Сызғанов атындағы Клиникалық және эксперименталды ҚазҒЗИ директоры, 1982-1987 жылдары ҚазКСР денсаулық сақтау министрі, 1997-2001 жылдары Ә.Н. Сызғанов атындағы Хирургия ғылыми орталығының директоры, 2001 жылдан бері Ә.Н.Сызғанов атындағы Хирургия ғылыми орталығының құрметті директоры.

1983,1985 жылдары 11-ші, 12-ші шақырылған ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты. 1978 жылы «КСРО-Франция» Достық қоғамдастығы Қазақ бөлімінің төрағасы, 1978-1982 жылдары Бүкіл одақтық хирургтер қоғамының басқарма мүшесі, 1988-1989 жылдары ҚазКСР ҒА төралқасының мүшесі, Халықаралық гастроинтестианалды хирургтер клубының, Н.И. Пирогов атындағы хирургтер ассоциациясының мүшесі.

91 жыл бұрын (1934-2004) экономика ғылымының докторы, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының академигі, Халықаралық инженерлік академияның академигі Қаратай Тұрысұлы ТҰРЫСОВ дүниеге келген.

Қаратай Тұрысұлы ТҰРЫСОВ
Фото: Wikipedia

Жамбыл облысының Жамбыл ауданында туған. Мәскеу геология-барлау институтын, КОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебін, КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Халық шаруашылығы академиясын бітірген. 1974-1978 жылдары Қазақстан Компартиясы Торғай облыстық комитетінің хатшысы. 1980-1981 жылдары Қазақ КСР Өнеркәсіпте жұмыс істеудің қауіпсіздігін бақылау мен кен бақылау жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы. 1981-1984 жылдары Қазақ КСР Кәсіподақтар кеңесінің төрағасы. 1984-1986 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы. 1990-1991 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақ КСР Экономикалық реформалар жөніндегі мемлекеттік комиссиясының төрағасы, Қазақ КСР Премьер-Министрінің орынбасары. 1991-1993 жылдары Қазақстан Республикасы Туризм, дене тәрбиесі және спорт министрі. 1993-1994 жылдары ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы. 1995-2004 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономика, қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің төрағасы болған. Экономика мәселелеріне арналған бірнеше кітаптың авторы. 2-ші дәрежелі «Барыс» және екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, медальдармен марапатталған.

85 жыл бұрын (1940-2025) ғалым-әдебиеттанушы, Қазақстанның халық жазушысы, аудармашы, қазақ фальклорын зерттеуші, филология ғылымдарының кандидаты Мұхтар МАҒАУИН дүниеге келді.

Мұхтар МАҒАУИН
Фото: e-history.kz

Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі, «Жазушы» баспасы, «Жалын» журналы бас редакторларының орынбасары, Әдебиет институты және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің аға ғылыми қызметкері, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің аға оқытушысы, доценті, «Жазушы» баспасының, «Жұлдыз» журналының бас редакторы қызметтерін атқарған. «Кешқұрым» атты алғашқы әңгімесі 1964 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған. «Ақша қар», «Бір атаның балалары», «Қияндағы қыстау», «Көк кептер» повестер мен әңгімелер жинақтарының, «Көк мұнар», «Шақан шері» романдардың, «Аласапыран» роман-дилогияның, «Қобыз сарыны» атты монографияның, «Ғасырлар бедері», «Қазақ тарихының әліппесі» ғылыми-зерттеу еңбектерінің, «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» оқулықтарының, хрестоматия және басқа да оқу құралдарының авторы. «Алдаспан», «Бес ғасыр жырлайды», «Ай заман-ай, заман-ай» ақын-жырау шығармалары жинақтарының антологиясын құрастырған. Көптеген шығармалары басқа елдердің тілдеріне аударылған. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері.

Соңғы жаңалықтар