2 баласын 15 қабаттан лақтырып жіберген ананың қолына кісен түсті
АСТАНА. 25 маусым. ҚазАқпарат - Мәскеу облысының Долгопрудный қаласында 15 қабаттан құлаған 2 бала мерт болды.
Алдын ала мәліметтер бойынша балаларды туған анасы балконнан лақтырып жіберген, деп хабарлайды РосБизнесКонсалтинг ҚР Тергеу комитетінің Мәскеу облыстық басқармасына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға кеше Пацаев даңғылында орналасқан №7 үйде орын алған. «Алдын ала мәліметтер бойынша Долгопрудный қаласының тұрғыны 15 қабаттағы балконнан өзінің 2 баласын лақтырып жіберген. Жоғарыдан құлап, жарақат алған балалар оқиға орнында көз жұмды», - делінген хабарламада.
Балалардың үлкені 7-де, ал кішісі 4-те. Тергеу органдары «Адам өлтіру» бабы бойныша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта тергеушілер әйелден жауап алды.
«Тергеу барысында отбасының осыдан бірнеше жыл бұрын Волгоградтан Мәскеуге қоныс аударғандығы белгілі болды. Таяу аралықта күдікті жолдасымен ажырасуды жоспарлаған. Ол тұрмысқа шыққанға дейін де өзіне қол жұмсамақ болған», - делінген ведомство ақпаратында.