2% ипотеканың артық төлемі қандай болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2 проценттік ипотека әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтардың нақты үш категориясына берілуі шарт. Олар - көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар және мүгедек балалары бар отбасылар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» басшысы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, жеңілдетілген несиені алу үшін алдымен, қарызға алатын ақшаның 10 процентін алғашқы жарна ретінде салу қажет. «Мәселен, 8 миллион теңгенің алғашқы жарнасы 800 мың теңге болады. Ондай несие алған отбасы 8 жыл бойы ай сайын 42 700 теңге төлеп отырады. Одан кейін 10 жылдай 27 000 теңгеден салу қажет. Ондай несенің артық төлемі 18 жылдың ішінде 500 000 теңгеден төмен болады», - деді Л.Ибрагимова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Оның сөзіне қарағанда, Алматы мен Астана қалаларында ипотека 15 миллион теңгеге дейін беріледі. Бұл жағдайда алғашқы 8 жыл бойы ай сайын 76 000 теңгеден, кейінгі жылдары 50 000 теңгеден төлеп отыру қажет болады.

Ал ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Марxабат Жайымбетовтың айтуынша, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың алғашқы жарна салу мәселесі тұрғын-үй куәліктерінің есебінен шешіледі. «Жеңілдетілген баспана несиесіне жаңа пәтер, болмаса, үй сатып алуға болады. Жылдық мөлшерлемесі - 2 процент. Ол 19 жылға беріледі. Сосын 10 пайыз көлемінде алғашқы жарна салу қажет. Енді, алғашқы жарнаға ақша жоқ деген мәселе туындайды. Мәселен, 10 миллион теңгені қарызға алсаң, 1 миллион теңге көлемінде алғашқы жарна қажет. Біз бұл мәселені былай шешуді көздеп отырмыз. Әкімдіктер беретін тұрғын үй куәліктері арқылы, болмаса алғашқы жарнаны ірі кәсіпорындардың көмегімен алуға болады. Мәселен, Астана қаласы тұрғын үй куәліктеріне 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлеміз деп отыр. Соның көмегімен алуға болады», - дейді М.Жайымбетов.

Айта кетейік, «Nur Otan» пратиясының кезекті съезінде ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға 2 проценттік ипотека беру мәселесін қарыстыруды тапсырған болатын.

Халық арасында «Аталған несиені ауқаттылар алып кетпей ме?» деген сұрақтар да болды. Осыған байланысты ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі айлық табыстың шекті мөлшерін белгіледі. Одан жоғары алатындарға 2 проценттік несие алуға рұқсат берілмейді.

Министрлік әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға берілетін баспана несиесінің ай сайынғы төлемақысын да жариялады.

Тұтынушылық кредиті бар отбасыларға да тұрғын үй несиесін алуға мүмкіндік бар.

Соңғы жаңалықтар
telegram