2 қаңтар. ҚазАқпарат күнтізбесі

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырмандарына 2022 жылғы 2 қаңтарға арналған күнтізбесін ұсынады.
None

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1968 жылы «Вечерний Алматы» қалалық газетінің алғашқы саны жарық көрді. Басылым қала әкімшілігі мен мәслихатының, қоғамдық және мәдени ұйымдарының тұрмысындағы жаңалықтарды, кәсіпкерлік, іскерлік, сауда және көлік саласындағы ақпараттарды жариялап тұрады. 1988 жылдың 1 маусымынан қазақ тіліндегі нұсқасы – «Алматы ақшамы» жарық көре бастады.

1992 жылы Қазақстан Республикасының Инженерлік академиясы құрылды. Оның президенті болып қоғам және мемлекет қайраткері, техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Өмірбек Жолдасбеков сайланды.

1992 жылы Норвегия корольдігі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін мойындады.

1992 жылы Қазақстан Республикасы Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше болды.

2007 жылы Қазақстан Рамсар конвенциясына қол қойған 154-ші ел болды. Құжат қол қойылған күннен бастап төрт айдан кейін, 2 мамырда күшіне енді. Қазақстандағы бірінші рамсарлық нысан – Ақмола облысының Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесі. Ол 1976 жылы халықаралық маңызға ие сулы-батпақты алқаптардың тізіміне енді.

2011 жылы Қазақстан ТМД елдерінің ішінде алғаш рет Еуропа онкологтер мектебінің стратегиялық серіктесі болды. ЕОМ құрлықтың осы саладағы барлық кәсіби мектептерін біріктіреді.

2015 жылы Эстонияның Астанадағы елшілігі НАТО-ның Қазақстандағы байланыс елшілігіне айналды. Оның басты міндеті – НАТО қызметі және мақсаттарымен таныс, сондай-ақ елдегі байланыстарды нығайту. Эстония елшілігінің НАТО байланыс елшілігі ретінде қызмет жүргізуі Солтүстік Атлантикалық альянстың елімізге деген сенімін айғақтап, оның байланыс арналарын кеңейте түседі.

2020 жылы Қостанай облысы Қостанай ауданының Затобол кенті аудандық маңызы бар қалалар санатына жатқызылды және Тобыл қаласы болып атауы өзгертілді.

2021 жылы Қазақстан Президенті Қазақстан Республикасының Экология кодексіне қол қойды. Ол адам мен табиғат арасындағы қоғамдық қатынастарды реттеп отырады. Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының мақсаты – республикадағы бірыңғай мемлекеттік экологиялық саясатты іске асырудың құқықтық негіздерін, міндеттері мен қағидаларын, сондай-ақ тетіктерін айқындау.


Соңғы жаңалықтар