2 қараша. ҚазАқпарат күнтізбесі

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2018 жылғы 2 қарашаға арналған күнтізбені ұсынады.

2 қараша. ҚазАқпарат күнтізбесі

null
2 қараша. ЖҰМА

Журналистерге қарсы қылмыстардың жазасыз қалуына қарсы халықаралық күрес күні

БҰҰ-ның халықаралық күндері жүйесінде атап өтіледі. 2013 жылдың 27 қарашасы күні БҰҰ-ның «Журналистердің қауіпсіздігі және жазасыз қалу проблемасы» тақырыбындағы қарары бірауыздан мақұлданды.  Онда 2 қараша Журналистерге қарсы қылмыстардың жазасыз қалуына қарсы халықаралық күрес күні ретінде белгіленген.

 

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1989 жылы алғашқы Республикалық дүнген құрылтайшылық конференциясы өтті. Онда Алматыда Дүнген мәдени орталығын құру туралы шешім қабылданды. Орталықтың алғашқы төрағалары болып Бакир Яхияевич Баяхунов пен Ильяс Набиевич Вансванов тағайындалды.

1999 жылы Семей университетіне ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының есімі беріліп, университет ғимаратының алдына ескерткіш орнатылды.

2001 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайы ашылды. Мұражайдың басты мақсаты - қуғын-сүргін құрбандары болған қоғам және мемлекет қайраткерлерінің өмірбаяндарын, суреттерін жинастыру.

2005 жылы Қазақстан Республикасының отын-энергетика кешенін қарқынды әрі тұрақты дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға көмектесу мақсатында заңды тұлғалардың тәуелсіз ерікті, коммерциялық емес бірлестігі - «KAZENERGY» қауымдастығы құрылды.

2006 жылы Қазақстан алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және Әлеуметтік кеңесіне (ЭӘК) мүше болып сайланды. 54 мүше мемлекеттен тұратын ЭӘК БҰҰ-ның 14 мамандандырылған мекемесінің, 10 функционалдық және 5 өңірлік комиссиясының жұмысын үйлестіреді, БҰҰ жүйесінің ұйымдарына және мүше-мемлекеттерге ұсыныс береді. БҰҰ Жарғысына сәйкес ЭӘК халықтың тұрмыс деңгейін көтеруге көмектесу үшін, адамдардың еңбекпен толық қамтылуына, экономикалық және әлеуметтік прогреске жауап береді.

2009 жылы Перта қаласында (Батыс Австралия штаты, Австралия) Қазақстан Республикасының Австралиядағы Құрметті елшілігі ресми түрде ашылды. Ашылу рәсіміне ресми тұлғалар және Батыс Австралия штатының іскерлік орталарының өкілдері қатысты.

2011 жылы «Локомотив кұрастыру зауыты» АҚ-да қазақстандық 100-інші  локомотив құрастырылды. 0100 жол нөмірі бар тепловоз Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналды.

2011 жылы ҚР Ұлттық банкі «Көшпенділер алтыны» сериясының кезекті монетасын айналымға шығарды. «Бұланның басы» деп аталған ескерткіш күміс монетасының номиналы - 500 теңге. Күміс монета сынамасы - 925,  массасы - 31,1 грамм,  шеңберінің диаметрі - 38,61 мм, «proof» сапасымен дайындалған, таралымы  - 5 мың дана.

2012 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Монако князі II Альбердің келіссөздері нәтижесінде екі елдің мүдделеріне сай келетін бірлескен декларация қабылданды.

2015 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесінің жалауы Астанаға жетті. Қазақстанға айтулы шараның символын Миланда өткен ЭКСПО-2015 көрмесіндегі Қазақстан павильонының бас комиссары Әнуарбек Мусин әкелді. ЭКСПО жалауы ЭКСПО-2015 өткен Милан қаласынан Қазақстанға салтанатты түрде табысталған болатын.