2 қараша. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 2 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
Дулат ҚҰСДӘУЛЕТОВ, Қазақстанның мемлекет қайраткері
1952 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Мәскеу заң институтын 1992 жылы заңгер мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1975-1978 жылдары комсомол жұмысында қызмет етті. 1978-1983 жылдары Целиноград қалалық атқару комитеті төрағасының көмекшісі, 1983-1987 жылдары партия аудандық комитетінің нұсқаушысы, 1987-1994 жылдары облыстық атқару комитеті мен облыс әкімшілігі бөлімдері меңгерушілерінің орынбасары болды. 1994-1995 жылдары Ақмола облыстық төрелік сотының судьясы, 1995-1996 жылдары Ақмола облыстық әділет басқармасының бас маманы, 1996-1997 жылдары Ақмола көлік прокуроры, 1997-1999 жылдары Ақмола табиғат қорғау прокуроры, 1999-2000 жылдары Ақмола облысы прокуратурасы бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 2000-2005 жылдары Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының мемлекеттік органдар қызметіндегі заңдылықты қадағалау департаментінде аға прокурор, департамент бастығының орынбасары, экономика саласындағы заңдылықты қадағалау басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. 2005-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Әділет вице-министрі болған. 2013-2019 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі болған. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі.
2006 жылы «Құрмет» орденімен және медальдармен марапатталған.
Елдар ӘБДІРАЗАҚОВ, Centras Group негізін қалаушы
1972 жылы дүниеге келген. 1995 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін халықаралық экономикалық қатынастар мамандығы бойынша бітірген. 1996 жылы осы университетте аталған мамандық бойынша ғылым магистрі дәрежесін алған. 2010 жылы АҚШ-тағы Гарвард бизнес мектебінің басшыларға арналған бағдарламасын аяқтаған.
Еңбек жолы: 1995-1998 жылдары «Қазкоммерцбанк» АҚ-да қызмет етті. 1998-2002 жылдары «Қазкоммерцбанк» ААҚ инвестициялық банкинг департаментінің директоры, басқарушы директоры, 2002 жылғы шілде мен 2004 жылғы мамыр аралығында «Kazkommerts Securities» ААҚ бас директоры болды. 2004-2007 жылдары «Сентрас Секьюритиз» АҚ бас директоры, 2004 жылы «Сентрас Капитал» ЖШС бас директоры, 2010 жылғы шілдеде «Коммеск-Өмір» сақтандыру компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. 2012 жылы «Қазақстан қор биржасы» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, 2019-2021 жылдары «ForteBank» АҚ тәуелсіз директоры, 2021-2024 жылдары директорлар кеңесінің төрағасы, «Қазақстан қор биржасы» АҚ мен «Эйр Астана» АҚ директорлар кеңестерінің тәуелсіз директоры болды.
«Құрмет» орденімен марапатталған.
Алмаз ЫДЫРЫСОВ, Ұлытау облысы әкімінің бірінші орынбасары
1983 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. 2005 жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 2003-2005 жылдары «Ремстройсервис-АС» ЖШС-да жол жұмысшысы, 2005-2006 жылдары «Қазақавтодор» РМК өндірістік-техникалық бөлімінің жетекші маманы болды. 2006-2008 жылдары ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Көлік инфрақұрылымын дамыту комитетінің автомобиль жолдарын пайдалану, жұмылдыру дайындығы және теміржол құрылысы басқармасында пайдалану және жұмылдыру дайындығы бөлімінің бас маманы, 2008-2009 жылдары ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің пайдалану басқармасында бас сарапшы, 2009-2012 жылдары аталған комитеттің құрылыс және реконструкция басқармасының бастығы, 2012-2013 жылдары ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің сыртқы қарыздар басқармасының бастығы қызметін атқарды.2013-2014 жылдары ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің сыртқы қарыздар басқармасының басшысы, 2014-2016 жылдары «Қазақавтодор» АҚ Солтүстік Қазақстан филиалы директорының орынбасары, 2016-2017 жылдары ҚР Инвестициялар және даму министрлігі әкімшілік жұмыс департаментінің директоры дауазымына тағайындалды. 2017-2019 жылдары аталған министрліктің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары, 2019-2022 жылдары ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары, 2022 жылы осы комитеттің төрағасы, 2022 жылғы маусым мен 2023 жылғы тамыз аралығында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі, 2023-2026 жылдары Ұлытау облысы әкімінің орынбасары болды.
Қазіргі қызметін 2026 жылғы маусымнан бастап атқарып келеді.
2019 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Азамат САТЫБАЛДЫ, театр, кино және теледидар актері, дубляж актері, продюсер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
1977 жылы Жамбыл облысы Меркі ауданының Тұрар Рысқұлов ауылында дүниеге келген. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын театр және кино актері мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 2000-2001 жылдары Қостанай облыстық қазақ драма театрының актері, 2001-2018 жылдары Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, 2013-2018 жылдары «Қазығұртфильм» ЖШС кадр және шығармашылық жұмыс жөніндегі атқарушы директоры болды. 2018-2022 жылдары Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры, 2022-2023 жылдары Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, 2023-2024 жылдары Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті қызметіне тағайындалды.
2021 жылы «Құрмет» орденімен марапатталған.
Ерсін ИБРАШЕВ, Жетісу облысының туризм басқармасының басшысы
1989 жылы дүниеге келген. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін халықаралық қатынастар мамандығы бойынша бітірген. Қытайдың Бейжің қаласында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алған.
Еңбек жолы: 2014-2018 жылдары жеке секторда жұмыс істеген. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісімшарттарды сараптау басқармасының бас сарапшысы, Жобалық басқару департаментінің мемлекеттік органдармен үйлестіру басқармасының бас сарапшысы, басшысы болды. Жобалық басқару саясаты департаментінің мемлекеттік органдармен үйлестіру және жұмысын сүйемелдеу басқармасының басшысы, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Ішкі әкімшілендіру департаменті директорының орынбасары, 2024-2026 жылдары Маңғыстау облысының туризм басқармасының басшысы қызметін атқарды.
Қазіргі қызметін 2026 жылғы мамырдан бастап атқарып келеді.
Ыбырай АЛТЫНСАРИН, қазақтың аса көрнекті ағартушы педагогі, фольклоршы, қоғам қайраткері
1841 жылы қазіргі Қостанай облысы Қостанай ауданының аумағындағы Жаңбыршы ауылында, Арақарағай болысы, Николаев уезінде дүниеге келген.
Ағартушылық және педагогикалық қызметімен танылған. 1864 жылы қазақ балаларына арналған бастауыш мектеп ашты. 1868-1874 жылдары Торғай облыстық басқармасында іс жүргізуші болып қызмет атқарды. Кейін көп уақыт уездік судья, уезд бастығының көмекшісі болды. Оның бастамасымен 1884 жылы Торғайда, Ырғызда, Николаевскіде, Ақтөбеде және Елек қорғанында болыстық мектептер ашылды. Ал 1887 жылы Ырғызда қазақ қыздарына арналған тұңғыш мектептің ашылуына ұйытқы болды. Ол қазақ тіліндегі оқулықтарды әзірлеуге, орыс графикасы негізінде әліпби мен жазу жүйесін қалыптастыруға зор үлес қосты. Сонымен қатар қазақ мектептеріне арналған орыс тілі оқулықтарын құрастыруға қатысты.
Ы.Алтынсариннің әдеби мұрасына аудармалары, өлеңдері, әңгімелері, мысалдары, этнографиялық очерктері мен қазақ ертегілері енеді. Оның аудармалары қазақ әдебиетіндегі мысал жанрының негізін қалап, қазақ әдеби тілінің қалыптасуына ықпал етті.
Ыбырай Алтынсариннің есімі қазақ халқының мақтанышына айналған тарихи тұлғалар қатарында құрметті орын алады.
1889 жылғы 17 (29) шілдеде қайтыс болды. Тобыл өзенінің жағасында, әкесінің қабірінің жанында, өз үйінен алыс емес жерде жерленген.
Көрнекті ағартушының құрметіне 2007 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін тағайындады.