2 қазан. Kazinform күнтізбесі. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 2 қазанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Халықаралық зорлыққа қарсы күн
БҰҰ Бас Ассамблеясы тарапынан 2007 жылғы 27 маусымда (БҰҰ A/RES/61/271 қарары) белгіленді. 2007 жылдан бастап жыл сайын 2 қазанда күш қолданбау философиясының негізін қалаушы Махатма Гандидің туған күнінде аталып өтеді. Осы халықаралық күннің мақсаты, Бас Ассамблеяның қарарында айтылғанындай, бейбітшілік, төзімділік, түсіністік және күш қолданбау мәдениетін бекітуге қол жеткізу. Қарар барша адамды осы күнді тойлауға шақырады.
Қазақстанда техникалық, кәсіптік және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласының жұмыскерлері күні
Бұл мереке Қазақстандағы кәсіби мерекелер тізіміне 2025 жылдың қаңтарында қосылды. Қазақстан Республикасының техникалық, кәсіптік және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру қызметкерлері күні — мұғалімдердің, өндіріске оқытатын шеберлердің, колледж оқытушыларының, техникалық және кәсіптік білім беру және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйелерінде жұмыс істейтін барлық мамандардың құрметіне белгіленген кәсіби мереке. Мереке мұғалімдер мен нұсқаушылардың ел экономикасы үшін білікті кадрларды даярлауға қосқан үлесін мойындауға; білім беру саласындағы мамандықтардың беделін арттыруға; колледждер, лицейлер, оқу орталықтары және техникалық мектептер мұғалімдеріне алғыс білдіруге; және мектеп пен университет арасындағы маңызды буын ретінде ТжКБ мен жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің маңыздылығын нығайтуға бағытталған.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1982 жылы Нұрғиса Тілендиев атындағы Академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестр құрылды. Оркестр ғасырлар бойы баға жетпес мәдени мұра боп келе жатқан қазақ ұлттық музыкалық аспаптарының бай қорымен танысу мүмкіндігін береді. «Отырар сазы» оркестрінде домбыра мен қобыздан тыс жетіген, шертер, шаңқобыз, месқобыз, сырнай, сазсырнай, сыбызғы, сондай-ақ асатаяқ, дауылпаз, тұяқтас, қоңырау, қайрақ сияқты соқпалы аспаптардың дауысынан сусындауға болады.
1991 жылы Кеңес Одағының Батыры, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров КСРО ғарышкер-ұшқышы Александр Волков, Австрия Республикасының азаматы Франц Фибек үшеуі «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен ғарышқа аттанды. Сонымен қатар осы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Байқоңыр ғарыш айлағынан республиканың Ұлттық аэроғарыштық агенттігін құру туралы жария етті.
1992 жылы ТМД-да жаңа үлгідегі алғашқы жоғары оқу орны — Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты (КИМЭП) ашылды.
2009 жылы Қазақстан ашық дауыс беру жолымен 2 жыл мерзімге Стандарттау жөніндегі халықаралық кеңеске сайланды. Қазақстанның кандидатурасы ИСО Кеңесіне АҚШ, Жапония, Израиль, Австрия, Польша, Оңтүстік Африка Республикасы және тағы басқа елдердің аттарынан ұсынылды. Ұйым 700-ден астам халықаралық ұйыммен ынтымақтастық құрған және әлемнің 162 елінің басын қосып отыр. Ал ИСО Кеңесіне 18 ел кіреді.
2013 жылы Алматыда Қазақстан киноакадемиясының ресми түрде ашылуы өтті.
2015 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің басқаруындағы Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларының республикалық әскери мектеп-интернаттары ҚР Қорғаныс министрлігінің қарамағына берілді. Ал бұл мектептердің тәрбиеленушілері ұландықтар деп аталатын болады.
2016 жылы Мексика Құрама Штаттарының Депутаттар конгресінде (Мексика Парламентінің төменгі палатасы) Қазақстанның Мексикадағы Елшілігінің бастамасымен «Мексика-Қазақстан» парламенттік достық тобының ресми құрылу салтанаты болды.
2019 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданында археологтар тарихи маңызы бар Алтын Орда дәуіріне жататын көне мазарлардың орнын тапты. Сілеті өзенінің бойында XIV–XV ғасырларға жататын көне мазарлардың орны табылды. Көне кесенелердің орнын еліміздегі атақты археологтар ашқан. Солардың бірі — Тимур Смағұлов. Ол — танымал ғалым, орта ғасырлар бойынша маман. Әлемге танылған «Үржар ханшайымы» тарихи жәдігерін тапқан. Ал Анатолий Плешаков — солтүстікқазақстандық профессор, Ботай мәдениетін ашушылардың бірі.
2019 жылы ҚР Ұлттық Банкі номиналдық құны 5000 және 500 теңгелік «Үкі» ескерткіш күміс монеталарын айналымға шығарды.
2020 жылы Қазақстан Республикасы Сенаты жанынан Жас сарапшылар клубы құрылды. Клуб құрамына түрлі сала өкілдері кірді: заңгерлер, экономистер, қаржыгерлер, саясаттанушылар, әлеуметтанушылар, дәрігерлер, филологтар және басқалары. Оларды қоғам игілігі үшін жұмыс істеуге деген ұмтылыс біріктіреді.
2021 жылы 37-ші әуе шабуылдау бригадасына Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Иван Панфиловтың, 5-ші механикаландырылған бригадаға Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, полковник Бауыржан Момышұлының есімі берілді.
Әскери бөлімдерге әскери басшылардың есімдерін беру әскери дәстүр сабақтастығын сақтауға көмектеседі және фашизмді жеңуге, әскери ғылымды, тактика мен оперативтік өнерді дамытуға елеулі үлес қосқан аты аңызға айналған қолбасшыларды мәңгі есте қалдырады.
2024 жылы Қазақстанның Ұлттық банкі «SHAŃYRAǴYŃYZ SHATTYQQA TOLSYN» монетасын айналымға шығарды. Монета жердегі бейбітшілік пен үйдің жылуы идеясын білдіреді. «Шаңырағыңыз шаттыққа толсын» — адамдардың бір-бірімен тату-тәтті өмір сүруін, ал үй иелерінің амандық пен тыныштығын тілеу.
2025 жылы Астанада Digital Bridge 2025 халықаралық технологиялық форумы ашылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев форумның жалпы отырысында сөз сөйледі. Іс-шараға Венгрия президенті Тамаш Шуйок құрметті қонақ ретінде қатысты. Спикерлердің арасында Telegram негізін қалаушы және СEO Павел Дуров; Sinovation Ventures компаниясының бас директоры Ли Кай-фу; Стэнфорд университетінің ғылыми қызметкері және Google сарапшысы Питер Норвиг; G42 International компаниясының бас директоры Мансур Ибрагим Әл-Мансури; Стэнфорд университетінің профессоры Илья Стербулаев және жоғары технологиялық индустрияның басқа да өкілдері болды.
2025 жылы Ұлттық қолжазбалар және сирек кездесетін кітаптар орталығының мамандары қазақ халқының ең құнды қазыналарының бірі — «Едіге би» эпосының ежелгі қолжазбасының факсимилиялық басылымын цифрландырып, басып шығарды. «Едіге би» эпосының қолжазбасын шамамен XV ғасырда белгісіз автор жазып қалдырған. Бұл шығарманың алғашқы нұсқаларын 19 ғасырдың басында қазақ ғалымы, шығыстанушы Шоқан Уәлихановтың әкесі Шыңғыс Уәлиханов көшіріп жазған. Эпос түркі тілдерінде сирек кездесетін көне сөз тіркестерімен, сөз қолданыстарымен ерекшеленеді, бұл оның шығу тегі ежелгі замандарға барып тірелетінін көрсетеді. Жыр Едігенің туылуынан басталып, оның Тоқтамыштың ұлы Қадірберді қолынан қаза табуымен аяқталады. Аңыз бойынша, Едіге қазір оның есімімен аталатын қасиетті Ұлытаудың биік шыңдарының бірінде жерленген. Эпос алғаш рет 1905 жылы Санкт-Петербургте профессор П. М. Мелиоранскийдің редакциясымен «Едіге мен Тоқтамыш туралы аңыз» деген атпен жарық көрді.