2 мамыр. Жылнама

Жылнама
Фото: Kazinform

Kazinform оқырман назарына 2 мамырға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік тунец күні

2016 жылы бекітілген БҰҰ ресми халықаралық күні. Бұл күн тунец қорларын тұрақты басқарудың әлеуметтік және экономикалық артықшылықтары туралы жұртшылықтың хабардар болуы үшін жарияланған. Сондай-ақ ол тунецтің құндылығы мен оның популяциясының қаупі туралы ақпарат таратуға үндейді.

Дүниежүзілік астмамен күрес күні

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен демікпенің жаһандық бастамасы аясында мамырдың бірінші сейсенбісінде өтті. Алғаш рет бұл күн 1998 жылы 35 елде өтті және Бронх демікпесі бойынша Дүниежүзілік форумға орайластырылды. Іс-шараның басты мақсаты – демікпе ауруының көбеюі мәселесіне қоғамның назарын аудару, демікпемен ауыратын науқастарға көрсетілетін көмектің сапасын арттыру және халықтың осы ауру туралы хабардарлығын арттыру.

Халықаралық цинк (С дәрумені) туралы ақпарат тарату күні

С дәрумені тапшылығының қауіптілігі туралы хабардар ету және адамдарға дұрыс тамақтанудың маңыздылығын еске салу үшін бекітілген.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1997 жылы ҚР Президентінің «Көкшетау облысының әкімшілік-аумақтық орналасуындағы өзгертулер туралы» Жарлығы шықты. Оған сәйкес Көкшетау облысының Арықбалық, Уәлиханов, Көкшетау, Ленинград, Рузаев, Чистополь, Чкалов аудандары таратылды.

2006 жылы Мойнақ су электр стансасының құрылысы басталды.

2012 жылы Өскеменде Қазақстандағы алғашқы Достық үйінің ашылғанына 20 жыл толуына орай стелла орнатылды. Достық үйінде орнатылған стеллада қолында шаңырағы бар қазақтың ұлттық киімін киген әйел бейнеленген. Оның биіктігі 12 метр, ол композит материалынан жасалған.

2012 жылы күмістен жасалған 500 теңгелік номиналмен «Бауырсақ» монетасы айналымға шығарылды. Бұл тиын 925 сынамалы күмістен жасалған. Массасы 31,1 грамм, диаметрі - 38,61 мм, дайындау сапасы - «proоf», таралымы - 4 мың дана.

2014 жылы Түркістанда жаңа тарихи-этнографиялық орталық ашылды. Онда туристер халық шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдармен таныса алады. Аталған бұйымдар ежелгі замандағы дүниелерге ұқсас етіп жасалған.

2014 жылы режиссер Серік Апрымовтың «Бауыр» фильмі АҚШ-тың Нэшвилл қаласында өткен 45-ші халықаралық кинофестивальда «Үздік фильм» категориясында «Ерекше еске алу» сыйлығын алды. Нэшвилл қаласындағы Халықаралық кинофестиваль 1969 жылы негізі қаланған, ол АҚШ-тың ең көне кинофестивальдарінің бірі.

2015 жылы Дубайда Біріккен Араб Әмірліктерінде тұрақты түрде тұратын қазақстандықтардың бірінші жерлестер жиыны өтті. Іс-шараға 300 қазақстандық қатысты.

2018 жылы Албанияда мектеп оқушылары арасында шахматтан Әлем чемпионатында қазақстандық спортшылар 4 алтын, бір күміс және екі қола медаль иеленді.

2018 жылы Қостанай облысымен шекарада орналасқан Ресейдің Челябинск облысы Троицк қаласында қазақ диаспорасының «Айқап» ұлттық-мәдени қоғамдық бірлестігі құрылды.

2018 жылы Оман Сұлтандығының астанасы - Маскат қаласында алғаш рет қазақстандық кино апталығы өтті. Оның аясында Оман көрермендеріне Қазақстанның танымал режиссерлерінің туындылары ұсынылды.

2019 жылы ЮНЕСКО шешімімен 2020 жыл қазіргі күллі түркілердің ортақ бабасы, ұлы ойшыл Тоныкөк бабаның жазба ескерткішіне арналды. Түркі қағанаты тарихында Тоныкөк тұлғасы ерекше орын алады. Ел қамын ойлаған ақылгөй, дана Тоныкөк Елтеріс қаған және Білге қағандарға кеңесші болған. Түрік қағанатына төрт жағынан жау төнгенде, Тоныкөк ақыл кеңесімен де, тапқыр сөзімен де, батырлық істерімен де қағандарға көмектесіп отырады. «Тоныкөк» жырының авторы бөлек, оны Тоныкөктің өзі жазған деген болжам бар.

2023 жылы Петропавлдың «Sensitive» саңырау бишілер театрының әртістері Дубайда өткен «DANCE-FEST DUBAI» хореографиялық өнердің халықаралық фестиваль-байқауында жеңімпаз атанды. «Sensitive» командасын іс-шараға қатысуға «Art in Motion» халықаралық шығармашылық жобасының ұйымдастыру комитеті шақырды. Байқауға 6 елден 200-ден астам бишілер қатысты. Халықаралық хореографиялық байқаудың қорытындысы бойынша «Sensitive» би театры байқаудың Бас жүлдесін жеңіп алды.

Соңғы жаңалықтар