2 МАУСЫМ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарға 2013 жылғы 2 маусымға арналған күнтізбені ұсынады.
None
None

2 маусым, ДҮЙ СЕНБІ

Байқоңыр қаласының және ғарыш айлағының күні. Осыдан 56 жыл бұрын 1955 жылғы маусымның 2-сінде КСРО Қорғаныс министрлігі Бас штабының директивасымен «Байқоңыр» ғарыш айлағын ұйымдастыру-штаттық құрылымы бекітілген болатын. Міне, содан бері, маусымның 2-сі - Байқоңырдың туған күні және ғарыш айлағының күні тойланады.

Әзірбайжанда азаматтық авиация күні. Әзірбайжан Республикасы Президентінің 2006 жылғы мамырдың 18-дегі Жарлығына сәйкес жыл сайын атап өтеді. 1938 жылғы маусымның 2-інде Әзірбайжан Республикасында алғашқы авиация тобы құрылып, азаматтық авиацияның қалыптасуына негіз болды. Жаңа Зеландияның мемлекеттік мейрамы - Патшайымның туған күні. Маусым айының бірінші дүйсенбісінде атап өтіледі.

Италия Республикасының Ұлттық мейрамы - Республиканың құрылған күні (1946). Италия - Еуропаның оңтүстік бөлігінде, Жерорта теңізі жағалауындағы Апенин түбегінде, Сицилия, Сардиния және бірнеше ұсақ аралдарда орналасқан мемлекет. Әкімшілік жағынан 20 облысқа бөлінеді. Оның бесеуі Сицилия, Сардиния, Трентино-Альто-Адидже, Валле Д´Аоста, Фриули-Венеция-Джулия ерекше автономиялық мәртебеге ие. Сонымен қатар Италия аумағында тәуелсіз Ватикан және Сан-Марино мемлекеттері орналасқан. Астанасы - Рим қаласы. Ресми тілі - итальян тілі. Ақша бірлігі - еуро. Италия - парламенттік республика. 1948 жылы қабылданған Конституциясы бойынша елді Президент басқарады. Заң шығарушы органы екі палаталы парламент - Республика сенаты және Депутаттар палатасы. Атқарушы билік Министрлер Кеңесінің қолында.

Қазақстан Республикасы мен Италия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы маусымның 12-де орнатылды. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

84 жыл бұрын (1930) Қазақстан кәсіподақтарының I съезі болды.

59 жыл бұрын (1955) КСРО Қорғаныс министрлігінің ғылыми-зерттеу сынақ полигоны, қазіргі «Байқоңыр» ғарыш айлағының іргетасы қаланды. «Байқоңыр» ғарыш айлағы 6 млн. 227 мың гектар аумақты қамтиды. Қызылорда облысының Қармақшы және Қазалы аудандары жер көлемін және зымыран тасымалдағыштан бөлінген бөлшектердің түсу аймақтарын қоса есептегенде ғарыш айлағы 4 млн. гектардан астам жерді алып жатыр. Бүгінде ғарыш айлағында 15 ұшыру қондырғысы, 9 бастама жинағы, 11 құрастыру-сынау тұрқы бар. Байқоңырдан ұшу трассасы Арал теңізінен Камчатка түбегіне дейін созылып жатыр. Байқоңыр ғарыш алаңы 1991 жылы Қазақстан Республикасының иелігіне өтіп, 1993 жылы Ресей Федерациясына 20 жылға жалға берілді. 2004 жылдан Қазақстанның ғарыш қызметіне қатысуының жаңа кезеңі басталды. Қазақстан мен Ресей президенттері қол қойған келісімде «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға беру мерзімін ұзартумен қатар Ресей ғарыш саласының қолдауымен Қазақстанның ғарыш жобаларын жүзеге асыру қарастырылған.

2 6 жыл бұрын (1988) Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Мәдениет жөніндегі мемлекеттік комитет құрылды. Қазақстан Республикасы Президентінің 1992 жылғы ақпанның 7-сіндегі Жарлығымен аталған комитет Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі болып қайта құрылды.

2010 жылғы 12 наурыздан бастап Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі болып қайта құрылды және оған Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің азаматтардың діни сенім бостандығын қамтамасыз ету және діни бірлестіктерімен өзара әрекеттесу саласындағы қызметтері өкілеттілігі берілді.

2 1 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің «Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасы туралы» қаулысы қабылданды.

1 6 жыл бұрын (1998) Астанада Қазақ ұлттық музыка академиясы ашылды. Қазақ ұлттық музыка академиясының ректоры - Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор, әлем әртісі Айман Мұсақожаева. 2010 жылғы ақпан айынан Қазақ ұлттық музыка академиясы Қазақ ұлттық өнер университеті болып қайта құрылды.

1 6 жыл бұрын (1998) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының жаңа астанасының тұсаукесері құрметіне орай «Астана» медалі белгіленді.

1 5 жыл бұрын (1999) Астанадағы көшелердің біріне алаш қайраткері, ғалым, драматург, жазушы, журналист Қошке Кемеңгерұлының (1896-1937) есімі берілді.

Кемеңгеров Қошмұхамбет (Қошке) Дүйсебайұлы (1896-1937) - алаш қайраткері, ғалым, жазушы, драматург, журналист.

1896 жылы 15 шілдеде сол кездегі территориялық бөлініс бойынша Ақмола облысы, Омбы уезінің Қаржас ауылында дүниеге келді. Омбы ауыл шаруашылығы училищесін бітірген. 1916-1918 жылдары «Балапан» қолжазба журналының редакторы болады. Ол 1915 жылдан бастап 1930 жылға дейін үзіліссіз ұлт әдебиетіне, драматургиясына, журналистикасына, ғылымына айрықша үлес қосты. Осы уақыт аралығында Қошке өз қатарластарымен бірге отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық күреске қатысты. Оның сан салалы ізденіске толы ұлтты дамыту жолындағы қызметін 30-жылдары басталған Кеңес өкіметінің қуғын-сүргін науқаны үзді.

1917 жылы сәуірде Омбыдағы Ақмола облыстық қазақ атқару комитетінің тапсырмасымен Д.Әділов екеуі Ақмолаға келеді, мұнда Сәкен Сейфуллинмен бірлесіп, «Қазақ» комитетін, «Жас қазақ» ұйымын құруға ат салысады.

Қошке Кемеңгеров шығармашылығы «Айқап» журналында 1915 жылы жарияланған «Жазғытұры», «Бақ іздеген», «Солған гүл» өлеңдері мен «Пайғамбар», «Сәскелік көлдің жағасында» секілді аудармаларынан басталады. Прозадағы алғашқы туындыларының бірі - «Тұтқынның ойы» әңгімесі. Осы және «Отаршылдың ұсқындары», «Қанды толқын» әңгімелерінде қазақ қауымының күрделі әлеуметтік жай-күйі шебер суреттеледі.

Қаламгер құрметіне Баянауылда мектеп, Астанада көше атауы берілді.

9 жыл бұрын (2005) Лондонның байырғы Southwark Cathedral кафедралық соборында белгілі қазақстандық скрипкашы Марат Бисенғалиевтің басқаруындағы Батыс Қазақстан филармониясының оркестрі концерт қойды. Концертте британдық өнер сүйер қауымға қазіргі замандағы классикалық композитор Карл Дженкинстің жаңа туындысы - «Реквием» ресми таныстырылды. Карл Дженкинстің «Реквиемі» қазақстандық классикалық оркестрдің Лондонда әлемдегі беделді «EMI» компаниясымен бірлесіп жазылған алғашқы альбомы. Бұл жобаны жүзеге асыруға британ-қазақ қоғамы, Ұлыбританиядағы Қазақстан елшілігі және «Эйр-Астана» ұлттық әуе компаниясы қолдау көрсетті.

8 жыл бұрын (2006) Мойнақ су электр стансасының құрылысы араға 14 жыл салып қайта қолға алынды. Құрылысы 1985 жылы басталып, Одақ тарағаннан кейін тоқтап қалған су электр стансасын іске қосу, жалпы қуаттылығы 300 МВт болатын Мойнақ СЭС-інің жұмыс істеуі еліміздегі электр энергиясына деген тапшылықтың орнын толтырмақ.

8 жыл бұрын (2006) Алматы қалалық әкімдігінде мультимедиялық жабдықтармен жасақталған «Қазақ тілі» оқу залының таныстырылымы болды. Электронды бағдарламалар арқылы жеделдете оқыту бойынша арнайы курстан өткен қызметкерлердің алған білімдері тексеріліп, тиісті дәрежедегі сертификаттар тапсырылады. Бүгіндері мемлекеттік тілді қызметкерлерге оқытудың бір ізді жүйесі жоқ екенін ескерсек, мұндай залдар ондай мәселелерді шешуге үлкен көмек болатыны анық.

7 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Кәрім Мәсімовке Ресей халықтар достығы университетінің құрметті докторы атағы берілді. Дипломнан басқа Кәрім Мәсімовке құрметті доктордың мантиясы, бас киімі және естелік медалі табысталды.

7 жыл бұрын (2007) Павлодарда «Ақ отау» неке қию сарайы ашылды. Сарай ғимараты қала орталығындағы Ертістің жағасында киіз үйге ұқсастырылып салынған. Жас отау иелерін тіркеу кең, әдемі безендірілген залда өтеді.

5 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттарының арасындағы құрлықаралық баллистикалық зымырандардың шахталық ұшыру қондырғыларын, апатты жағдайлардың салдарын жоюға және ядролық қарудың таралуына жол бермеуге қатысты Келісімге Түзетулерді бекіту туралы» Заңға қол қойды.

5 жыл бұрын (2009) Алматы облысының Қаратал ауданындағы Үштөбе қаласында ауыл шаруашылығы саласына арналған «Арлан» атты қазақстандық трактор құрастыратын зауыттың салтанатты ашылу рәсімі болды.

Зауыттың ашылу рәсіміне Ауыл шаруашылық министрлігінің, «Ұлттық инновациялық қор» АҚ-ының, Алматы облысы әкімдігінің, Қытайдың «YTO Group» компаниясының өкілдері қатысты.

Мұнда құрастырылатын 20-дан 180-ге дейін ат күші бар «Арлан» атты шағын көлемді тракторлар Қазақстан нарығында теңдесі жоқ, ал құны бойынша шағын және орта фермерлік қожалықтарына қолжетімді.

90 жыл бұрын (1924) АҚШ Конгресі американдық үндістерге азаматтық берді.

70 жыл бұрын (1944) И.Сталин қырым татарлары, грек және армян халқын Қырым мен Кавказдан КСРО-ның Шығыс бөлігіне жер аудару туралы өкім шығарды.

1 4 жыл бұрын (2000) Астанада композитор Иманжүсіп Құтпанұлын (1863-1929) еске алу кеші өтті.

ЕСІМДЕР

8 1 жыл бұрын (1933-2013) биология ғылымының докторы, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі РЫСҚҰЛОВА Сәуле Тұрарқызы дүниеге келді.

Мәскеу қаласында туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын және аспирантурасын бітірген. 1961-1968 жылдары - Алматы мемлекеттік медицина институтының ассистенті, бөлімше меңгерушісі. 1968-1971 жылдары Алматы дәрігерлердің білімін жетілдіру институтының аға оқытушысы. 1971-1976 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясы Экспериментальды биология институтының аға ғылыми қызметкері. 1976 жылдан Қазақстан Ғылым академиясы Зоология институтының аға ғылыми қызметкері, радиобиология зертханасының меңгерушісі, бас ғылыми қызметкері болған. Бірнеше кітаптың, 100-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Ғалым плазмалық мембраналар клетканың радиациялық сәуледен зақымдануында қандай рөл атқаратынын анықтап, радиобиологияда жаңа ғылыми бағыт қалыптастырған.

80 жыл бұрын (1934-2012) түркітанушы-ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылым академиясының академигі, Қазақ тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының құрметті мүшесі АМАНЖОЛОВ Алтай Сәрсенұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Шығыс тілдері институтын бітірген. 1957-1966 жылдары - Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері. 1966-1979 жылдары - Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының аға оқытушысы, доценті, профессоры, кафедра меңгерушісі. 1979 жылдан бері Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде істейді. 1986-1987 жылдары - Орталық Ұлттар институтында (Пекин) 1993-1994 жылдары Қара теңіз техникалық университетінде (Трабозон, Түркия) түркітанудан, қазіргі қазақ тілінен лекциялар оқыды.

А.Аманжоловтың ғылыми зерттеу еңбектері негізінен көне түркі жазба ескерткіштерін зерттеу мәселелеріне, тіл типологиясы мен графикалық лингвистикаға арналған. Ғалымның түркі филологиясына және тіл біліміне арналған 200-ге жуық мақаласы, оның ішінде қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген 7 монографиясы бар. Бірқатар жарияланымы ағылшын және түрік тілдерінде басылған. Халықаралық ғылыми конференцияларда баяндама жасаған. Ол 17 филология ғылымының кандидатын және 1 докторын даярлаған.

«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған. Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер.

5 8 жыл бұрын (1956) «Еуразия Энерджи Холдингс ЛТД» компаниясының вице-президенті Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлік академиясының корреспондент мүшесі НИЕТБАЕВ Марат Әбенұлы дүниеге келді.

Қызылорда облысының Қармақшы ауданында туған. Қазақ политехникалық институтын (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген. 1973-1991 жылдары - Шымкент қорғасын зауытында балқытушы, шебер, аға шебер, бастықтың орынбасары, цех басшысы, аға металлург, өндірістік бөлімнің бастығы. 1991-1992 жылдары - Шымкент қорғасын зауыты директоры. 1992-1997 жылдары - «Шымкент қорғасын зауыты» АҚ-ының бас директоры. 1997-1998 жылдары - «Тың тау-кен химиялық комбинаты» АҚ-ының оңалту басқарушысы. 1998-2004 жылдары - «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ-ының тау-кен рудасы департаменті директоры. 2004-2006 жылдары - «Тау-кен рудасы компаниясы» ЖШС-інің бас инженері. 2005-2007 жылдары - «Волковгеология» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі. 2006-2007 жылдары - «Кең дала» АҚ-ының бас директоры. 2007-2010 жылдары - «Тау-кен рудасы компаниясы» ЖШС-інің бас директоры қызметін атқарған. Қазіргі қызметінде 2010 жылдың желтоқсан айынан бастап істейді.

5 3 жыл бұрын (1961) «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ының персоналды басқару және әлеуметтік мәселелер жөніндегі вице-президенті АКЧУРИН Асхат Харисұлы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысы Фурманов ауданының (қазіргі Қазталов ауданы) Талдықұдық кентінде туған. Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы интситутын (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университеті) бітірген. 1983-1996 жылдары - техниканың мүжілуіне қарсы бас мамандандырылған құрылымдық бюроның инженер-құрылымдаушысы, жүргізуші инженері, сектор меңгерушісі, бас инженер, бас құрастырушысы - бастығы. 1996-1998 жылдары - техниканың мүжілуіне қарсы бас мамандандырылған құрылымдық бюроның және «Целинсельмаш» АҚ мамандандырылған құрылымдық бюро бірлестігінің бас құрылымдаушысы, Астана қаласы әкімі аппараты Нарықтық экономика бөлімінің меңгерушісі. 1998-2002 жылдары - Астана қаласы Алматы ауданы әкімінің бірінші орынбасары, орынбасары. 2002-2004 жылдары - Астана қаласы Сарыарқа ауданының әкімі. 2004-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмыстары бөлімінде, Ұйымдастыру-бақылау жұмыстары және кадр саясаты басқармасы Мемлекеттік инспекциясының мемлекеттік инспекторы. 2006-2008 жылдары - Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары. 2008-2009 жылдары - «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ының аппарат басшысы қызметін атқарған. Қазіргі қызметінде 2009 жылдың қаңтар айынан бастап істейді.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

4 9 жыл бұрын (1965) «Аstаnа Grouр» компаниясының президенті, «Алматы сауда-қаржы» банкі директорлар кеңесінің мүшесі СМАҒҰЛОВ Нұрлан Еркебұланұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

Қазақ мемлекеттік университеті жанындағы «Нұрбұлақ» шағын кәсіпкерліктің директоры. 1992-1993 жылдары - «Саят-Брок» ЖШС-ның, «Мәдина» шағын өндірісінің коммерциялық директоры. 1993-1996 жылдары - «Астана-моторс» компаниясының президенті, «Астана-холдинг» вице-президенті. 1996-1997 жылдары - «Мемлекеттік азық-түлік келісімшарт корпорациясы» республикалық мемлекеттік өндірістің президенті. 1997-2004 жылдары - «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ЖАҚ-тың президенті. 2004-2006 жылдары «Астана Моторс» Қазақ мотор компаниясының президентi қызметтерін атқарған. Аталған қызметінде - 2006 жылдан.

3 5 жыл бұрын (1979) «Қазақстандық ипотекалық компания» АҚ басқарма төрағасының орынбасары ЖҰМАБЕКОВ Сержан Лесбекұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. 2002 жылғы қаңдардан бастап - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кіріс министрлігі Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жөніндегі комитетінің Заң басқармасының бас маманы.2002 жылғы қазан айынан бастап - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментінің Коммерциялық заңнама бөлімінің бастығы. 2003 жылдан бастап - «Қазақстанның Инвестициялық Қоры» АҚ Заң департаменті директорының орынбасары. 2008 жылғы 28 қарашадан бастап «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ Заң департаментінің директоры, аппарат басшысы. 2011 жылғы қыркүйектен бастап - «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.

Соңғы жаңалықтар