2 миллион гектардан астам аумақта «Ырғыз-Торғай-Жыланшық» экологиялық дәлізі құрылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жалпы ауданы 2 миллион гектардан астам аумақта «Ырғыз-Торғай-Жыланшық» экологиялық дәлізі құрылды.
«Экологиялық дәліз Ырғыз-Торғай және «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерваттар аумақтарын қамтиды (Қостанай облысы). Бұл аумақтар киіктердің бетпақдалалық өсіп-өнуін, табиғи өрістеу жолдарын қорғау мен төлдеуін қамтамасыз ету мақсатымен байланыстырылып отыр», - делінген ҚР ҚОСРМ баспасөз қызметінің мәліметінде.
Экологиялық дәлізді құру барысында далалық экожүйелердің, топырақтың, климаттың жағдайы ескеріліп, киіктерді ғарыш серігінен бақылау мәліметтері қолданылды. Ғылыми мәліметтер мен картографиялық материалдардың сараптамалары экологиялық дәліздің аумағын анықтап, белгілеуге мүмкіндік берді.
Бұл жұмыс Жаһандық экологиялық қордың, БҰҰ Даму бағдарламасының және ҚР ҚОСРМ Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің далалық экожүйелерді сақтау және орнықты басқару жөніндегі бірлескен жобаны іске асыру аясында жасалды.
Нәтижесінде қорғауға алынған дала экожүйелерінің аумағы 2,4 миллион гектардан 4,8 миллион гектарға дейін ұлғайды.
Биыл жүргізілген есеп бойынша, киіктердің бетпақдалалық өсіп- өнуі 216 мың басқа жетті.