2 миллионнан астам бала еліміздің сауықтыру лагерлерінде демалады - ҚР БҒМ
ҚР Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына қарағанда, жаз айларында 11 893 сауықтыру лагерлері мен алаңдарда 2 млн. 116 мың баланы демалдыру жоспарланған. Бұл 1-10 сынып оқушыларының жалпы санының 83 пайызына тең. Жалпы, елімізде бастауыш және орта мектепте 2 млн. 562 мың бала білім алады. Ағымдағы жылы халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобынан 507930 бала мемлекеттік бюджет есебінен сауықтыру демалысымен және еңбекпен қамтылады.
Кеңес барысында баланың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғауға баса мән берілді. Үкімет басшысының орынбасары демалыс орнына балаларды қауіпсіз жеткізуді қамтамасыз ету үшін жолаушылар көлігін бақылап бірге алып бару, лагерлердің барлығына медициналық ұйымдарды бекітуден бөлек маусымның қауырт кезеңінде су қоймаларындағы қауіпсіздік мәселелеріне де баса назар аудартты.
«Мұны әкімдіктер тыңғылықты қарастыруы тиіс. Олар арнайы орындар жасақтау, ол орындарды абаттандыру керек. Ол жерлерде құтқару қызметі міндетті түрде болуы қажет», - деп атап өткен Д.Назарбаева балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде түбегейлі шаралар қабылдау қажеттігін тапсырды.
Балаларды сауықтыру лагерлерімен және жұмыспен кеңінен қамтуға мемлекеттік-жеке серіктестік базасында балалар демалыс лагерлерін дамыту өз септігін тигізеді. Ал оқу жылы бойында мұндай лагерлер оңалту орталықтары ретінде де пайдаға жарайтын болады. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары мұндай лагерлерді қамту бағдарламасын әзірлеуді еліміздің Білім және ғылым министрлігіне әкімдіктермен бірге қолға алуды тапсырды.
«Бұл лагерлер өте үлкен рөлге ие бола алады. Олар жыл бойы жұмыс істейтін болады. Коммерциялық мүдде тұрғысынан алып қарағанда, олар барынша тартымды. Бұл ретте ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен жергілікті жерлердегі денсаулық сақтау басқармаларының келісімі болғаны маңызды», - деп қосты Д.Назарбаева.
ҚР Премьер-Министрі орынбасарының айтуынша, «қазіргі уақытта біз ішкі туризмді дамытуға мүдделіміз, ал білім саласы туризм индустриясына туристердің мол легін тарта алады».
«Бұл орайда оқушылар мен студенттер үшін туристік бағдарлар өз өңірінің шегінде ғана емес, сонымен бірге өңірлер арасында да болуы тиіс. Міне, осы жұмысты күшейту қажет. Бұл үшін сәйкесінше инфрақұрылымдар құру керек», - деді Үкімет басшысының орынбасары Д.Назарбаева.
Осы ретте ол тиісінше мемлекеттік органдарға балалар мен жасөспірімдердің туристік бағдарының республикалық тізілімін құруға белсене қатысуды тапсырды.