2 мыңға жуық бүлдіршін уланды: Өзбекстан балабақшаларында азық-түлік сапасы тексеріліп жатыр
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Ташкент облысында балалардың жаппай улану оқиғасын тергеу үшін Өзбекстанның Бас прокуратурасы арнайы жұмыс тобын құрды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Тоқтала кетейік, 24 қыркүйекте Ташкент облысындағы мемлекеттік балабақшаларда балалар астан уланып, 960-тан астам бүлдіршін ауруханаға жатқызылды. Сонымен қатар, түрлі шағымдармен дәрігер көмегінге жүгінгендердің саны 1 900-ден асты.
Аталған оқиға бойынша «Санитарлық заңнаманы немесе эпидемиямен күрес ережелерін бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, 7 күдікті қамауға алынды.
- Тергеуді сапалы жүргізу мақсатында қылмыстық істі Бас прокуратура бақылауға алды, тиісінше Бас прокурордың бірінші орынбасары Бахриддин Валиев жетекшілік ететін арнайы жұмыс тобы құрылды, - деп мәлім етті ведомстводан.
Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін мемлекеттік балабақшаларды азық-түлікпен қамтамасыз ететін компанияларға тексеріс басталды. Яғни, Бас прокуратура оларда санитарлық және гигиеналық нормалардың қаншалықты сақталатынын анықтаумен айналысып жатыр.
Айта кетейік, сүт өнімдерінен уланған 2 мыңға жуық бүлдіршіннің 182-сі аураханаларда әлі ем алып жатыр. Өзбекстан Санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық және қоғамдық денсаулық комитеті бастығының орынбасары Нурмат Атабековтің айтуынша, науқастардың денсаулығы жақсарып келеді. Бірде-бір балада дерт ауыр хәлде өткен жоқ.