2 мыңнан астам жаңа мамандық айқындалды – Саясат Нұрбек

АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек білім беру бағдарламаларына қандай жаңартулар енгізіліп жатқанын мәлімдеді.

Саясат Нұрбек
Фото: Үкімет

Сала басшысының сөзінше, кадрлар даярлаудың озық жүйесін қалыптастыру мақсатында 20 өңірлік карта әзірленді. Оларда 2 мыңнан астам жаңа мамандық айқындалып, қолданыстағы мамандықтардың трансформациясы көрсетілген.

– Еңбек функциясының өзі өзгеріп жатыр. Энергетик IT-энергетикке, агроном цифрлық агрономға айналып жатыр. Цифрлық егіздер және өндірістік процестерде жасанды интеллектіні қолдану бойынша мамандар пайда болып жатыр. Міндет – бұл өзгерістерді араға уақыт салмай білім беру бағдарламаларына енгізу. 2026 жылы Жаңа мамандықтар атласы негізінде 1 983 білім беру бағдарламасы жаңартылды, ал 2022 жылы небәрі 7 бағдарлама ғана болған еді, – деді министр.

Айқын мысал ретінде ол ұшқышсыз ұшу аппараттары мен жүйелерін атап өтті.

– Бүгінгі таңда ұшқышсыз ұшу аппараттары ауыл шаруашылығында, геологияда, энергетикада, құрылыста, логистикада және басқа да салаларда қолданылып келеді. Мамандарды даярлау азаматтық авиация, аэроғарыштық инженерия, жерді қашықтықтан зондтау және ұшқышсыз аппараттарды басқару бағыттары бойынша 8 жоғары оқу орнында жүргізілуде. Оларда 430 студент оқып жатыр, – деді Саясат Нұрбек.

Айта кетейік, бұған дейін Үкімет отырысында Еңбек министрі қандай мамандықтар жойылатынын мәлімдеген еді.