2 млн гектар алқапта шегірткеге қарсы күрес аяқталды

Түркістан
Фото: Қайрат Зайнишев\Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен республикалық жедел штабтың кезекті отырысында шегірткеге қарсы күрес бойынша қазіргі жағдай қаралды.

Бүгінгі таңда химиялық өңдеу 2 млн га алқапта жүргізілді, бұл — болжанған өңдеу көлемінің 77,4 пайызы. 

Абай, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында италиялық прусқа қарсы өңдеу аяқталды.

Ақмола және Солтүстік Қазақстан өңірлерінде жұмыс басталады.

Өткен аптада нөсер жауын мен қатты желге байланысты Ақтөбе және Қостанай облыстарында мониторинг пен химиялық өңдеу тоқтатылған болатын.

Жұмыс сәрсенбі-бейсенбі күндері басталады. 

Өңірлер пестицидтермен қамтамасыз етілген, қажет болған жағдайда қосымша техника жіберіледі.

Ақтөбе облысындағы РФ-мен бүкіл шекара маңы аумағы өңделді. Тексеру өзге өңірлердің шекарасында жүргізіледі.

1 шілдеде Серік Жұманғарин РФ Үкіметі төрағасының орынбасары Дмитрий Патрушевпен телефон арқылы сөйлесіп, Ресей тарапынан Қазақстанмен шекаралас аумақтарды өңдеу аяқталғаны белгілі болды.

Сонымен қатар Серік Жұманғарин өңір әкімдіктеріне жағдай толық тұрақталғанға дейін жұмыс қарқынын төмендетпеуді тапсырды.

Отырыста аграршыларды минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету барысы да қаралды.

Естеріңізге сала кетейік, биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында тыңайтқыш енгізу көлемін 1,5 млн тоннаға дейін ұлғайту бойынша шаралар қабылданды.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,2 есе көп.

Наурыз айынан бастап отандық тыңайтқыш аванстық субсидия тетігі арқылы іске асып жатыр. 

Бұл ретте бюджеттік субсидия шаруаларға арзандатылған тыңайтқышты сату үшін өндірушілердің арнайы шотына алдын ала аударылады.

Облыс әкімдіктерінің дерегі бойынша, 963 мың тонна тыңайтқыш жеткізуге шарт жасалды, оның 855 мың тоннасы жөнелтілген.

Соңғы жаңалықтар
telegram