2 млрд көшет: Нысанбаев Президент тапсырмасын кешіктіріп жатқан өңірлерді атады

АСТАНА. KAZINFORM – Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында Президенттің 2027 жылға дейін 2 млрд ағаш егу туралы тапсырмасын кешіктіріп жатқан өңірлерді атады. 

2 млрд көшет: Нысанбаев Президент тапсырмасын кешіктіріп жатқан өңірлерді атады
Фото: ҚР Үкіметі

- Мемлекет басшысының 2027 жылға дейін 2 млрд түп ағаш егу туралы тапсырмасы аясында 2021-2024 жылдары 736,8 мың гектар аумаққа 1 145 млн дана көшет, оның ішінде 2024 жылы 205,2 мың гектар алаңға 306 млн дана көшет отырғызылды. Бұл ретте 2024 жылы жоспарлы көрсеткіштер Ақтөбе, Атырау облыстарында орындалмады, - деді ол.

Сондай-ақ министр биыл жоспар бойынша 494 мың гектар алаңда 336,5 млн түп көшет егу керектігін еске салды. 

- 2024 жылы министрлік Қызылорда, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Жетісу облыстарында орман өсіру жұмыстарының сапасына тексеру жүргізіп, бұзушылықтар мен кемшіліктерді анықтады. Тексеру қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін облыс әкімдіктеріне хаттар жолданды. Биылғы ағаш егу жұмыстары министрліктің аумақтық бөлімшелерінің, мамандандырылған және ғылыми ұйымдардың қатаң бақылауымен жүзеге асырылады, - деді министр. 

Бұған дейін «Таза Қазақстан» акциясында миллион тоннаға жуық қоқыс шығарылғаны айтылған еді.

Соңғы жаңалықтар