2 млрд теңгеден астам заңсыз табыс тапқан Kizdar.net ұйымдастырушылары ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM – Алматы қаласы прокуратурасының үйлестіруімен «Kizdar.net» интернет-ресурсын ұйымдастырушылардың заңсыз қызметі тоқтатылды.

қамауға алынды
Фото: Polisia.kz

Прокуратураның мәліметінше, тергеу барысында аталған сайттың 2011 жылдан бері жарнама орналастыру және ақылы интимдік қызмет көрсетуді ұйымдастыру үшін пайдаланылғаны анықталған.

«Интернет-ресурстың болжамды ұйымдастырушылары ұсталды. Олардың әрекеттері Қылмыстық кодекстің 309-бабының 2-бөлігі бойынша сараланып, сот санкциясымен қамауға алынды», – деп хабарлады ведомство.

Тергеу әрекеттері барысында күдіктілердің тұрғылықты жерлерінде тінту жүргізіліп, ірі көлемдегі ақша қаражаты, цифрлық активтер, компьютерлік техника және өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленген.

Прокуратураның алдын ала дерегіне сәйкес, күдіктілердің заңсыз қызметтен тапқан табысы 2 млрд теңгеден асқан.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.

Істің тергелу барысы Алматы қаласы прокуратурасының ерекше бақылауына алынған.

Айта кетейік, Астанада 1500-ден астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелді.