2 млрд теңгеге арзандаған: Алматыда «Байсат» базары үшінші рет сатылымға шығарылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қайтарылған активтерді басқару компаниясы «Байсат» базарын аукционға шығарды.

2 млрд теңгеге арзандаған: Алматыда «Байсат» базары үшінші рет сатылымға шығарылды
Фото: sauda.e-qazyna.kz

Мемлекет меншігіне 2024 жылы алынған нысан үшінші рет сатылымға шығарылды. Бастапқы бағасы 28 639 882 000 теңге ретінде қойылған алғашқы аукцион 2025 жылдың 18 қарашасында өтуі керек еді. 

Алайда сауда-саттық басталған сәтте тіркелген қатысушылар болмағандықтан, аукцион тоқтатылды. Екінші сауда 2025 жылдың 26 желтоқсанында белгіленді. Бұл жолы нысанның бастапқы бағасы 2 млрд теңгеге арзандап, 26 706 317 643 теңге болды. Алайда осы жолы да аукцион сатып алушы болмағансын өтпеді. 

Қайтарылған активтерді басқару компаниясы келесі сауда-саттықты 2026 жылдың 5 ақпанында сағат 12:00-де өткізуді жоспарлап отыр. 

Бұл жолы да нысан бағасы айтарлықтай түскен. Бастапқы бағасынан 4 млрд теңгеге арзандаған базардың қазіргі құны – 24 772 753 285 теңге. 

Еске салайық, Алматыда былтыр қайтырылған активтерді сатудан 3 млрд теңге табыс түсті. 

Соңғы жаңалықтар