2 мың шақырымнан астам инженерлік желілер жөнделеді - БҚО әкімі
«Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына тоқталатын болсақ, 2023 жылы бекітілген инвестициялардың жалпы көлемі 11,7 млрд теңге болып отыр. Осы аталған қаражатқа 2 мың шақырымнан астам инженерлік желілерге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары қарастырылған. Биыл Орал қаласының жылу электр орталығын жаңғырту мақсатында турбоагрегат пен градирняны қайта құру бойынша 4,8 млрд теңгеге екі жоба жүзеге асырылады», - деді өңір басшысы.
Оның айтуынша, турбоагрегатты іске қосу нәтижесінде өндірілетін электр энергиясы 46 МВт-тан 58 МВт-қа ұлғаятын болады. Ал, градирняны іске қосқан жағдайда, Жайық өзенінен алынатын техникалық судың көлемі 10 млн-нан 6 млн текшеметрге азайтылады.
«Сонымен бірге, су жылу желілерін жаңарту және облыс орталығында жаңа қазандық салу сияқты жұмыстар іске асырылады», - деді Нариман Төреғалиев.