2 мыңға жуық қазақстандық шетелдерде сотталды - ҚР Бас прокуратурасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 1 тамызындағы мәліметтер бойынша шетелдерде сотталған қазақстан азаматтары 2 мыңға жуықтады. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
None
None

Қадағалаушы ведомствоның мәліметінше, сотталғандардың дені ТМД елдерінде. «Дегенмен алыс шетелдерде де жазасын өтеп жатқан отандастарымыздың саны біршама: мәселен, ГФР-да 46 адам, Корея Республикасында 22 адам, ҚХР-да 16 адам және т.б.» - делінген хабарламада.

ҚР ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, аталған мерзімдегі ақпараттар бойынша, елімізде 1966 шетел азаматы жазасын өтеуде. Олардың 1912-сі ТМД азаматтары болса, 54-і алыс шетелдердікі.

Биыл Қазақстанның түзеу мекемелеріне жазасын шетелде өтеп жүрген 17 азамат әкелінген. Ал қазақстандық соттармен сотталған 30-дан астам шетелдік өз елдеріне жіберілген.

«Жазасын өтеушілерді өз елдеріне қайтару шарты ТМД елдері арасындағы Конвенцияға сәйкес жүргізіледі. Аталған жұмыс қазірде Ресеймен, Қырғызстанмен, Тәжікстанмен, Грузия және Әзірбайжанмен жақсы жолға қойылған», - деп атап өтті прокуратурада.

Дегенмен, Конвенцияға қатысушы мемлекеттердің барлығы өз азаматтарын қабылдауда оң шешім шығара бермейді. Оның себептері әртүрлі. Мәселен, кейбір мемлекеттер жазасын өтеушінің ел мүддесіне кері әсерін тигізуі мүмкін екендігін немесе оны асырауға бюджеттен қаражат бөлінбегендігін алға тартады.

«Мәселен, ТМД елдері арасында Өзбекстан Республикасы аталған Конвенцияны ратификациялаған жоқ, сондықтан бізде осы елдің құзіретті органдарына біздің елдегі Өзбекстан азаматтарын жазасын одан әрі өз елінде жалғастыруы үшін қайтаруға өтініш беру мүмкіндігі жоқ», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, шетелде жазасын өтеп жатқан Қазақстан азаматтарын елімізге әкелуден бас тарту оқиғалары болған жоқ.

Соңғы жаңалықтар