2 сәуір. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 2 сәуір күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

83 жыл бұрын (1941) өнертанушы, профессор, сыншы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Республикасы Композиторлар одағының басқарма мүшесі Юрий Петрович АРАВИН дүниеге келді.

РесейдіңТверь қаласында туған. Новосібір консерваториясы тарихи-теоретикалық факультетін, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының аспирантурасын (ғылыми жетекшісі – профессор Б. Ерзакович) бітірген.
Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында, қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында музыкалық-тарихи және теориялық пәндерден дәріс берген. Педагогикалық қызметін ғылыми-зерттеу және музыкалық-ағарту жұмыстарымен байланыстырған.
«Дыбыстар музейі», «Қазақ музыкасының кіші антологиясы» сияқты танымал телехабарлардың және «Тотем» радиосындағы «Дала шоқжұлдызы» циклдық хабарлардың авторы.
«Абай жадына арналған лирикалық поэма», «Қазақстанның симфониялық поэмаларының тақырыбы мәселесі туралы», «Халық қаћармандары туралы үш поэма», «Мұқан Төлебаевтың «Қазақстан» поэмасы», «Қазіргі заманғы ұйғыр симфониясының бастама көздері», «Әндік симфонизм тарихына», «Дала шоқжұлдызы: қазақ музыкасы туралы очерктер мен этюдтер» тағы басқа шығармалары қазақтың өнертануына қосылған өлшеусіз үлес болып саналады. Жалпы, 100-ден астам жарияланым авторы.
«Парасат» орденімен, медальдармен марапатталған.
76 жыл бұрын (1948) кинорежиссер, сценарист, продюсер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сламбек Тілеуғабылұлы ТӘУЕКЕЛ дүниеге келді.

Павлодар облысында туған. Бүкілодақтық кинематография институтын бітірген.
Еңбек жолын «Қазақфильм» киностудиясы мультипликациялық бірлестігінің директоры болып бастаған. 1973-1974 жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік кино комитетінің бөлім меңгерушісі, 1974-1990 жылдары «Қазақфильм» киностудиясы директорының орынбасары, бірінші орынбасары, директоры, Қазақ КСР Мемлекеттік кинематография жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары, 1990-1993 жылдары шығармашылық жұмыста болған. 1993-1999 жылдары «Қазақкинофест» акционерлік қоғамының тең төрағасы, 1999-2001 жылдары Мемлекеттік мәдениет және өнерді қолдау қорының атқарушы директоры, 2001-2004 жылдары «Қазақстан теледидары және радиосы» республикалық корпорациясы» жабық акционерлік қоғамының бас продюсері, басқарма төрағасының бірінші орынбасары, 2004-2005 жылдары Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы қызметін атқарған. 2005 жылдан Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ бас редакторы қызметінде болды.
«Армысың, Наурыз!», «Біздің киіз үй», «Террордың қанқұйлы іздері», «Асанәлі», «Сәтбаев» және басқа да деректі фильмдердің, «Батыр Баян», «Бір бала» көркем фильмдерінің режиссері.
«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
61 жыл бұрын (1963) Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Юрьевич ДУДНИК дүниеге келді.

Қостанай қаласында туған.1986 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын «емдеу ісі» мамандығы бойынша үздік бітірді. 2010 жылы Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін «экономика» мамандығы бойынша, 2013 жылы Халықаралық бизнес академиясын іскерлік әкімшілендіру магистрі квалификациясы бойынша, 2016 жылы Ресей халық шаруашылық академиясын іскерлік әкімшілендіру докторы квалификациясы бойынша және 2017 жылы Швейцарияның Еуропалық университетін аяқтады, DBA. Жоғары санатты дәрігер, медицина ғылымдарының докторы.
Еңбек жолын медицина институтында оқу кезінде бастады, 1983-1986 жылдары Қарағанды қаласындағы облыстық клиникалық ауруханада мейіргер болып істеді. 1986-1987 жылдары Қостанай қалалық ауруханасы хирургия бөлімшесінің дәрігер-интерні, 1987-2005 жылдары Қостанай қаласындағы облыстық онкологиялық диспансердің дәрігер-онколог-хирургі, бас дәрігері, 2005-2006 жылдары Астана қаласы денсаулық сақтау департаментінің директоры, 2006-2008 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау департаментінің директоры, 2008-2009 жылдары ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының бастығы, 2009-2012 жылдары ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығы Орталық клиникалық ауруханасының бас дәрігері, 2012-2014 жылдары ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығы бастығының орынбасары, 2014-2017 жылдары ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының бас дәрігері, 2018-2021 жылдары Қостанай облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы, 2021-2022 жылдары Қостанай қаласы «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының кеңесшісі болып қызмет атқарған.
2022 жылғы 4 сәуірден бастап Денсаулық сақтау вице-министрі қызметіне тағайындалды.
Жұмысындағы жоғары көрсеткіштері үшін «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісімен (2001 жыл), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011 жыл), «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» (2020 жыл), «Қазақстан конституциясына 25 жыл» (2020 жыл) мерекелік медальдарімен, «Құрмет» (2013 жыл), «Парасат» (2021 жыл) ордендерімен марапатталған.
54 жыл бұрын (1970) Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Әделұлы ЖАЛҒАСБАЕВ дүниеге келді.

Ақтөбе облысында туған. 1993 жылы Ресей Федерациясы Петрозаводск мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолы: 1993 жылдан бері ҚР СІМ жүйесінде жұмыс істейді. 1999 жылдан бері ведомствода басшылық қызметтер атқарды. 2003-2004 жылдары ҚР СІМ көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры, халықаралық ұйымдастыру және қауіпсіздік мәселелері департаментінің директоры, 2004-2008 жылдары Нью-Йоркте БҰҰ жанындағы ҚР тұрақты өкілдігінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасының Грузиядағы уақытша сенімді өкілі, Қазақстан Республикасының Норвегия Корольдігіндегі Уақытша сенімді өкілі қызметтерін атқарды. 2008-2009 жылдары Еуропа департаментін басқарды. 2009-2015 жылдары ҚР Италия Республикасындағы Елшілігінің кеңесші-өкілі, 2016-2019 жылдары АӨСШК кәсіби құрамының (дипломатиялық құрам) мүшесі, 2019-2021 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігі көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры лауазымын атқарды.
52 жыл бұрын (1972) Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Асламбек Амангелдіұлы МЕРҒАЛИЕВ дүниеге келді.

Павлодар облысында туған. 1999 жылы Ыстанбұл мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1998-1999 жылдары компанияда заңгер, 1999-2001 жылдары Павлодар облысы Әділет басқармасының бас маманы, 2001-2003 жылдары Павлодар облыстық сотының бас маманы, 2003-2007 жылдары Павлодар қалалық сотының судьясы, 2007-2008 жылдары Павлодар облысы Екібастұз қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы қызметінде болды. 2008-2012 жылдары Екібастұз қалалық сотының төрағасы, 2012-2014 жылдары Павлодар қаласы №2 сотының төрағасы, 2014-2015 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы, 2015-2020 жылдары Қостанай облыстық сотының төрағасы, 2020-2022 жылдары Ақтөбе облыстық сотының төрағасы қызметін атқарған.
Қазіргі қызметін 2022 жылдың 8 желтоқсанынан бастап атқарып келеді.
47 жыл бұрын (1977) Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы Медицина орталығының меңгерушісі Алексей Владимирович ЦОЙ дүниеге келген.

Шымкент қаласында туған. 2001 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын, 2007 жылы «Дәнекер» халықаралық құқық және халықаралық бизнес институтын, Sels College (Лондон), Қазақ мемлекеттік медицина академиясының аспирантурасын, Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының корпоративтік басқару жоғары мектебін және Халықаралық бизнес академиясын бітірді.
Еңбек жолы: 2001-2007 жылдары Қалпына келтіру хирургиясы және трансплантология орталығының хирург-эндоскописі, ҚР ДСМ «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» РМК Ішкі медицина орталығының жетекші ғылыми қызметкері, 2007 жылдан бастап «Еуразия респираторлық қоғамы» ҚБ Бас хатшысы, ҚР Президенті Іс басқармасының «Қазіргі заманғы медициналық технологияларды енгізу орталығы» РМК директоры, 2010-2011 жылдары «ҚР Президенті Іс басқармасының медициналық орталығы» ММ бастығы, 2011-2014 жылдары Астана қаласы әкімдігінің «№ 1 қалалық ауруханасы» ШЖҚ МКК бас дәрігері, 2014-2017 жылдары Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі, 2017-2019 жылдары Денсаулық сақтау вице-министрі, 2019-2020 жылдары ҚР Президенті Іс басқармасының медициналық орталығының басшысы, 2020-2021 жылдары Денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған.
Қазіргі қызметін 2022 жылдың қазан айынан бері атқарып келеді.
40 жыл бұрын (1984) Қызылорда облысы әкімі аппаратының жетекшісі Шахмардан Асқарұлы БАЙМАНОВ дүниеге келді.

Қызылорда қаласында туған. 2005 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін қаржы және қаржылық құқық мамандығы бойыша, 2012 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебін саясаттанушы мамандығы бойынша аяқтаған.
Еңбек жолын 2005-2007 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ректорының жастар ісі жөніндегі көмекшісі болып бастады. 2007-2008 жылдары Қызылорда облыстық «Жастар бастамаларын дамыту орталығы» қауымдастығының атқарушы директоры, 2008-2011 жылдары «Қазақстан жастар конгресі» атқарушы директорының орынбасары, 2011-2012 жылдары «Қазақстан жастар конгресі» атқарушы директоры, 2012-2015 жылдары Ақмола облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы, 2015-2017 жылдары «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы, 2017-2019 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарған. 2019-2020 жылдары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары, 2020-2022 жылдары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасы қызметінде болды.
Қазіргі қызметінде 2022 жылдың сәуір айынан бастап.
«Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «Белсенді қызметі үшін» медальдарымен марапатталған.