2 сәуір. Жылнама

Бүгін, 1 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
Фото: ҚазАқпарат ХАА

Kazinform оқырман назарына 2 сәуірге арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Бүкіләлемдік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні

БҰҰ Бас Ассамблеясының 2007 жылғы желтоқсанның 18-індегі арнайы қарарымен бекітілген. 2008 жылдан бастап жыл сайын сәуірдің 2-сінде аталып өтеді.

Бұл Бүкіләлемдік күн Қатар мемлекетінің ұсынысы бойынша белгіленді, мұны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы 2008 жылғы жолдауында атап өтті. Бас Ассамблеяның қарарында, ең алдымен балалардың аутизм мәселесіне көңіл бөлінді, сондай-ақ диагнозды неғұрлым ерте қою және тиісті тексеру жүргізу атап көрсетілген.

Халықаралық балаларға арналған кітап күні

1956 жылдан бастап Халықаралық кеңестің шешімімен жыл сайын дат жазушысы Ганс Христиан Андерсеннің туған күніне орай аталып өтеді.

Көптеген елде балалар мен жасөспірімдер кітабы апталығы аясында әлемнің үздік кітаптарына арналған байқаулар, көрмелер, конференциялар мен фестивальдар өткізіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1938 жылы Балқаш көлі маңындағы кент Балқаш қаласы деп атала бастады. Қаланың негізі 1937 жылы, өңірдегі тұңғыш мыс қорыту зауыты салынған кезде қаланды деп саналады.

Балқаш Қарағанды облысында, облыс орталығы Қарағанды қаласынан оңтүстікке қарай 380 км жерде, Балқаш көлінің жағасында орналасқан. Қала 5,9 шаршы км ауданды алып жатыр.

1940 жылы Семейде Абайдың мұражай-үйі ашылды (Мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалды Абай мұражайы). Оның тұңғыш директоры жас әрі талантты әдебиетші, абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов болды.

1963 жылы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Найзағай» зымыран тасығышы ұшырылды. Ай мен «Ай-4» ғарыш кеңістігін зерттеу үшін Айға ұшудың траекториясына шығарылды.

1993 жылы Қарулы Күштердің жекелеген түрі – Әскери-теңіз күштері құрылды. Оның басты міндеті – Каспий теңізінің қазақстандық секторында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасына қол сұғылмауын, аумақтық тұтастығын, егемендігін, экономикалық мүдделерін қорғау.

Бүгінгі таңда Әскери-теңіз күштері Каспий маңы елдері арасында күштерді орналастыруда лайықты орын алып, Каспий өңіріндегі тұрақтылықтың кепілі болып отыр.

1996 жылы Қазақстан Республикасы азаматтарының тегі мен әкесінің атын қазақша жазу тәжірибесін қазақ халқының қалыптасқан дәстүрлеріне сәйкес келтіру жөніндегі ҚР Президентінің «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Жарлығы шықты.

1997 жылы «ҚазТрансОйл» Мұнай тасымалдау ұлттық компаниясы» ЖАҚ құрылды. Оған барлық магистралды мұнай құбырлары, сондай-ақ Батыс Қазақстанның магистралды су құбыры берілді.

2008 жылы Алматыдағы «Медеу» спорт кешенінде «Бейжің-2008» Олимпиадалық алау эстафетасы басталды. Олимпиада ойындарының басты символын салтанатты табыс ету рәсімін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашты. Мемлекет басшысы мұз айдынында орнатылған тұғырға фанфар әуенімен көтерілді. Сонымен бірге, тұғырға Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сиюнь мен 1980 жылғы Олимпиадада грек-рим күресінен чемпион атанған тұңғыш қазақ Жақсылық Үшкемпіров көтерілді.

2008 жылы Алматыда еліміздің тарихында алғаш рет пошта мұражайы ашылды, сонымен қатар қалалық пошта бөлімінің ауласында пошта аллеясы және заманауи филателистикалық салонның таныстырылымы болды.

Мұражай экспозициясын пошта қызметкерлері жинастырған және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мұрағатының қызметкерлері материалдар берді. Мұражайдың хронологиялық шеңбері тарихи кезеңдерді қамтиды, онда қазақстандық пошта қызметінің құрылуы мен дамуы туралы деректер бар.

2010 жылы ұлттық даму институты «Kaznex invest» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі құрылды. Ол қазақстандық шикізаттық емес экспортты дамыту мен ілгерілету және экономиканың басым секторларына тікелей шетелдік инвестицияларды тарту үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасау жолымен ұлттық экономиканы әртараптандыру үшін ықпал етуге бағытталған.

2013 жылы Мемлекет басшысы «ҚР Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласында Алғыс жариялау және Сыйақыларды тағайындау, гранттар бөлу ережелерін бекіту туралы» өкімге қол қойды. Мақсат – бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірінен хабар тарату сапасын жақсарту және журналистердің кәсіби өсуін ынталандыру.

2014 жылы «Тау-Кен Алтын» ЖШС аффинаж зауыты дайын өнiм, тазартылған алтынның алғашқы партиясын ҚР Ұлттық банкiне жөнелттi. 99,99 сынамалы стандартты банктiк құйманың бiрiншi партиясының көлемi – шамамен 500 келi, жалпы құны - 21 млн АҚШ доллары.

2014 жылы КСРО және Қазақстан Республикасының халық әртісі Бибігүл Төлегеноваға гуманитарлық саладағы «Достастық жұлдызы» сыйлығы табысталды. Салтанатты марапаттау рәсімі Ресейдің Мемлекеттік академиялық Үлкен театрының Бетховен залында өтті.

2016 жылы Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік саммиті аясында Қазақстан, Ұлыбритания, Венгрия, Германия, Иордания, Испания, Канада, Қытай, Норвегия, БАӘ, АҚШ, Филиппин, Финляндия, Франция, Чехия, Швеция, Оңтүстік Корея және Жапония МАГАТЭ-нің Қазақстандағы Төмен байытылған банкі жөнінде бірлескен мәлімдеме қабылдады.

2022 жылы Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Гүлназ Аманжолова әлемнің бірден 9 университетіне оқуға шақырылды. Ол әртүрлі елдердің 15 университетіне бакалавриат бағдарламасына құжат тапсырып, тоғызына оқуға түсті. Бұл – НЗМ-дегі тыңғылықты оқу мен мұқият дайындықтың нәтижесі. Гүлназ Аманжолова әлемнің ең үздік университетінен шақырту алу үшін арнайы тест тапсырмаларынан өтті. Ол SAT Reading емтиханында 1 430 ұпай жинады, ал IELTS орташа балы – 9-дан 7,5-ке тең.

2023 жылы Түркияның Анталья қаласында өткен көркем гимнастикадан жастар арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық Зейнолла Ыдырысов қола жүлдегер атанды. Бұл – жасөспірімдер арасындағы гимнастика тарихындағы Қазақстанның алғашқы медалі.

Соңғы жаңалықтар