2 ТАМЫЗ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

2 тамыз, БЕЙСЕНБІ
Канадада азаматтық мереке. Азаматтық мерекенің мағынасы «жұмыс істемеу» болып табылады. Канаданың тұрғындарына жаздың ортасында ұзақ мерзімді демалыс керектігі туралы ой ертеректе туған болатын. Торонто қаласының құжаттарында тағы да бір жаз күні керек деген жазу бар. Ал, 1871 жылы ағылшын Палатасы бүкіл Британ Империясына тамыз айының басын демалыс күні деп жариялады, оны ол кезде «банк демалысы» деп атаған. Сол кездегі белгілі ағылшын банкирі, саясаткері, биологы және археологы Джон Люббок мырза Торонто қаласының муниципалитетіне «Канадаға қосымша тамыз мерекесі артық болмайтынын ұсынды». Мүмкін, сол ұсыныстан кейін шығар Торонто қаласының муниципалитеті 1875 жылы тамыздың бірінші дүйсенбісін Азаматтық мереке деп бекітті. Қазіргі уақытта канадалықтар сол күні демалады, саяхат жасап, мерекені қызықты етіп атап өтеді.
Македония Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Республика күні. Түркия қол астында болған Македонияның 104 жыл бұрынғы (1903) ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты 1998 жылдан бастап атап өтіледі. Македония - Еуропаның оңтүстігінде, Балқан түбегінде орналасқан мемлекет. Әкімшілік жағынан 30 ауданға бөлінеді. Астанасы - Скопье қаласы. Ресми тілі - македон тілі. Ақша бірлігі - денар. Мемлекет басшысы - Президент. Жоғары заң шығарушы органы бір палаталы парламент. Атқарушы органы - Үкімет.
Қазақстан Республикасы мен Македония арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1994 жылғы маусымның 1-інде орнатылды.
Ресей Федерациясының Әуе-десант әскерлерінің күні. 1930 жылы Воронежге таяу жерде Мәскеу әскери округінің бөлімі, шартты түрде алынған жаудың ту сыртына алғаш рет парашютті десант түсірді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
21 жыл бұрын (1991) Көкшетау облысында Абылай ханның туғанына 280 жыл толуына арналған той өтті. Абылай қаһарлы хан болуымен қатар, қазақ халқының рухани қасиетінен еркін сусындаған дарынды күйші ретінде де белгілі. Ол - «Ақтолқын», «Алабайрақ», «Бұланжігіт», «Дүние қалды», «Жетімторы», «Қайран елім», «Қара жорға», «Қоржынқақпай», «Майда жел», «Садаққаққан», «Сары бура», «Шаңдыжорық», т.б. күйлердің авторы. Абылай өмір жолын ат үстінде жорықтарда өткізіп, Арыс өзені жағасында қайтыс болды. Сүйегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ішінде Қабырхана мен Ақсарай арасындағы дәлізде жерленген. Абылайдың артында 12 әйелінен 30 ұл, 40 қызы қалған. Қазақ халқының жадында Абылай қажырлы мемлекет қайраткері, батыл қолбасшы, дарынды дипломат ретінде сақталып келеді.
17 жыл бұрын (1995) Абай атындағы халықаралық қор Алматыдағы Достық үйінде А.Құнанбаевтың «Өлең сөздің патшасы» деген өлеңдер жинағының тұсаукесерін өткізді.
79 жыл бұрын (1933) Ақ теңіз бен Онега көлін жалғастыратын Беломор-Балтық арнасының құрылысы салтанатты түрде ашылды. Жалпы ұзындығы 227 шақырым, оның 190 шақырымы өзен-көл арналары арқылы өтеді. Қалған 37 шақырымы қолмен қазылған. Арнада 19 шлюз, 15 бөгет, 49 дамба, 12 су ағытқыш, т.б. гидротехникалық құрылыстар бар. Ресейдің еуропалық бөлігінің солтүстігін су жолы қатынасымен қамтамасыз етіп, Санкт-Петербор мен Архангельск қалалары аралығын Скандинавия түбегін айналып жүретін су жолына қарағанда 4000 шақырымға қысқартты.
Арна құрылысына саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялылары Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, т.б. қатысқан.
48 жыл бұрын (1964) Солтүстік Вьетнамның әскери кемелері АҚШ-тың 2 торпедо тасушы кемесін атқылады. Бұл шабуыл Вьетнамдағы соғысқа араласуға ілік таппай отырған АҚШ-тың арандатуынан туындады.
13 жыл бұрын (1999) Британияның Ғылым министрлігі Марста тіршілік белгісі бар-жоқтығын анықтау үшін ғарыштық зерттеу құралын ұшыру туралы шешім қабылдағаны туралы мәлімдеме жасады.
17 жыл бұрын (1995) Египет астанасы Каирде Абай Құнанбаевтың туғанына 150 жыл толуына арналған салтанатты кеш өтті.
Құнанбайұлы Абай (1845-1904) - ұлы ақын, философ, ағартушы, композитор, қазақтың реалистік жаңа жазба әдебиетінің негізін қалаушы. Қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған.
7жыл бұрын (2005) Павлодарда Баянауыл ауданының тарихы туралы кітаптың таныстырылымы болды.
Оны Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің жас ғалымдары Мақсат Алпысбес, Ернар Кейси, Еламан Қасен және Темірғали Аршабек жазды. Ол жерден елімізге белгілі қазақстан ғылымының негізін қалаушы, академик Қаныш Сәтбаев, ғалым-энциклопедист Әлікей Марғұлан, бір топ ғалымдар, тарихшылар, археологтар, этнографтар шыққан. Баянауылда Сұлтанмахмұт Торайғыров өзінің тұңғыш өлеңін жазды, ал болашақ әдебиетші және философ Мәшһүр Жүсіп Көпеев көз-қарастарын өзгерті, Жаяу Мұса керемет өлеңдерін шығарды.
Кітап қазақ тілінде жарық көрген. 480 беттік түрлі-түсті суреттермен көмкерілген томнан оқырман өзіне керекті географиялық, этнографиялық, археологиялық және тарихи мәлімет алады. Кітаптың авторлары Павлодар облысының жастарына өздері тұрып жатқан өңірдің, елінің тарихын білуді ұсынады.
5 жыл бұрын (2007) Елбасы мақта саласын дамытудың құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негіздерін айқындауға және Қазақстан Республикасында мақтаны өндіру, өңдеу, сақтау және өткізу процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған «Мақта саласын дамыту туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
5 жыл бұрын (2007) Сеулде Қазақстан халықтар Ассамблеясының тұсау кесер рәсімі өтті.
Аталмыш шараға көрнекті қоғам және саясат қайраткерлері, елдің академиялық және іскер топтарының өкілдері қатысты. Шара аясында «Н.А.Назарбаев - основатель казахстанской модели межэтнического и межнационального согласия», «Н.А.Назарбаев. Политика мира и согласия» атты кәріс тіліндегі екі кітаптың тұсау кесер рәсімі өтті. Шара Қазақстан эстрада майталмандары «Ұлытау» тобы және «Наз» би ансамблінің ән шашуымен аяқталды.
3 жыл бұрын (2009) Алматы облысының Үшарал қаласында № 40398 әскери бөлiмнiң базасында жаңа спорт кешенi ашылды.
Спорт кешеннің жалпы ауданы - 1182 шаршы метр. Оның ішіне баскетбол, волейбол және футбол ойнауға болатын жабық спорт алаңы және заманауи жабдықтары бар тренажер залы, дәрігер қызметкерінің кабинеті кіреді.
402 жыл бұрын (1610) теңіз саяхатшысы Г.Гудзон Солтүтік жолмен Тынық мұхитына шыққанына сенімді болып,
Гудзонов шығанағын ашты.
299 жыл бұрын (1713) Канаданың Луйсбург қаласына алғашқы қоныс аударушылар келді.
294 жыл бұрын (1718) Франция, Англия, Австрия және Голландия Испанияға қарсы алғашқы Төрттік одағын құрды.
200 жыл бұрын (1812) Одессада оба эпидемиясы басталды. Оның салдарынан қаланың әрбір бесінші тұрғыны көз жұмды.
188 жыл бұрын (1824) Ньюй-Йоркта Бесінші авеню ашылды, кейін ол сәнді дүкендер орналасқан жерге айналды.
182 жыл бұрын (1830) Француз королі Х Карл (Бурьбон әулетіндегі соңғы король) өз тағынан бас тартты.
125 жыл бұрын (1887) АҚШ-та Роуэлл Ходж тікенекті сымды патенттеді.
78 жыл бұрын (1934) Гинденбург рейхспрезидентінің өлімінен кейін Адольф Гитлер Германияның фюрері болып жарияланды.
72 жыл бұрын (1940) Молдавия КСР құрылды.
40 жыл бұрын (1972) Мысыр мен Ливияны біріктіру туралы келісімге қол қойылды.
31 жыл бұрын (1981) Джон Леннонның өліміне айыпталған Марк Дэвид Чапменнің ісі бойынша тыңдаулар басталды.
22 жыл бұрын (1990) Ирак Кувейтке бас көктеп кірді.
17 жыл бұрын (1995) Орыс радиосы құрылды.
ЕСІМДЕР
134 жыл бұрын (1878-1968) орыс палуаны, ауыр атлетика бойынша әлемнің бірнеше дүркін рекордшысы және француз күресі бойынша әлем чемпионы ГАККЕНШМИДТ Георг дүниеге келді.
63 жыл бұрын (1949) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы, саяси ғылымдар докторы, Қазақстан Республикасы Саяси ғылымдар академиясының академигі және бірінші вице-президенті БИЖАНОВ Ақан Құсайынұлы дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Қазақ политехникалық институтын бітірген. Ал маты машина жасау зауытының Партия комитеті хатшысының орынбасары болған. 1993-1994 жылдары - Алматы қалалық әкімдігі басшысының бірінші орынбасары. 1994-1995 жыжлдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Мемлекеттік құрылыс және аймақтық саясат мәселелері комитеті төрағасының бірінші орынбасары. 1995-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі. 1996-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы ПРезиденті Әкімшілігінің бөлім меңгерушісі. 2000-2005 жылдары - Алматы қаласы әкімінің орынбасары, қала әкімінің кеңесшісі. 2005 жылы Алматы қаласынан Қазақстан Республикасы Парламентіне депутат болып сайланған.
«Республика Казахстан: демократическая модернизация общества переходного периода» атты кітаптың авторы.
«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.
58 жыл бұрын (1954-2000) белгілі әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі ЕРӘЛИЕВА Мәдина Есмалайқызы дүниеге келді.
Қызылорда облысының Қазалы ауданында туған. Қызылорда педагогикалық училищесінің музыка бөлімін, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының музыкалық факультетін бітірген. 1978-1984 жылдары Әдебиет және өнер институтында қызмет істеді. 1985 жылдан өмірінің соңына дейін Алматы облыстық филармониясының жетекші әншісі болды.
Нәзік те сыршыл үн, өзіндік мәнерімен халықтың сүйікті әншісіне айналды. Оның орындауындағы «Ай-қарагөз», «Ақбаян», «Жылқы ішінде ала жүр», тағы басқа көптеген әндері мен «Кірмеші жиі түсіме», «Сағым жылдар» сияқты қазіргі қазақ композиторларының әндері М.Ерәлиеваның өзіне тән ғана әншілік мәнерімен, өзіндік орындау ерекшелігімен, нақыс-бояуымен халық жадында қалды. Ол халқымыздың ұлттық ән өнерін насихаттауға елеулі үлес қосты.
43 жыл бұрын (1969) қазіргі бессайыс пен су астында бағдарлаудан еңбек сіңірген спорт шебері, суға жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қазіргі бессайыстан үш дүркін Азия чемпионы ШУМИЛОВА Людмила Григорьевна дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Жаттықтырушысы - В.Василев. Спортшы 1984-1993 жылдары аралығында КСРО мен ТМД кубогы мен біріншіліктерінің бірнеше дүркін жеңімпазы атанған. Л.Шумилова ХХ ғасырдағы әлемнің ең мықты бессайысшыларының бірі. Қазақстан Республикасының 25 рет рекордын жаңартқан. 19 елде өткен қазіргі бессайыс пен су астында жүзуден ашық біріншіліктерге қатысып, бірнеше дүркін чемпион болды. Қазіргі бессайыстан Афинада өткен Олимпиада ойындарына қатысқан.
«Құрмет» орденімен марапатталған.
128 жыл бұрын (1884-1953) француздқ велошабандоз, 1908 жылғы жаздық Олимпиада ойындарының чемпионы және күміс жүлдегері ОФРЕ Андре дүниеге келді.
1908 жылы Лондонда өткен ойындарда ол жарыстың 5 түріне қатысқан. Ол тандем жарысында Морис Шилемен бірге чемпион атанса, 5000 метрлік жарыста қола жүлдеге ие болған.
107 жыл бұрын (1905-1983) суретші МОРОЗОВ Сергей Александрович дүниеге келді.
Семей қаласында туған. Мәскеуде Жоғары әдеби курстарын бітірген.
Журналист болып қызмет атқарған. Оның Т.Бигелдиновтың өмірбаяны туралы кітабы, «Первые русские фотографы-художники», «Советская художественная фотография», «Творческие фотографии» атты монографиялары жарық көрді. Морозовтың жұмыстарында Қазақстанның тарихы, тарихи ескерткіштер туралы фотоматериалдар жиналған.
87 жыл бұрын (1925-1944) Кеңес Одағының Батыры ВЕЛИЧКО Валерий Федорович дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданында туған. 7-ші сынып бітіргеннен кейін совхозда слесарь болып жұмыс істеген.
1944 жылдың тамызынан бастап Ұлы Отан соғысына қатысқан. Латвияның Добел қаласы үшін болған шайқаста қаза тапты. Қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Ленин орденімен марапатталған.
62 жыл бұрын (1950) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары СУДЬИН Александр Сергеевич дүниеге келді.
Қарағанды облысы Балқаш қаласында туған. Қазақ политехникалық институтын (Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті), Алматы Жоғары партия мектебін бітірген.
«Сельэнергияжоба» Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу жобалау институты Қазақ бөлімінің инженері, аға инженері, комсомол және партия органдарында, Алматы қалалық әкімшілігі үйлестіру-кадрлық жұмыс бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Аппараты ұйымдастыру-бақылау басқармасының мемлекеттік инспекторы, Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының аумақтық даму бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің меңгерушісі, мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмыстары 3-дәрежелі «Барыс» орденімен, медальдармен марапатталған.
60 жыл бұрын (1952) Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы ҚАСЫМБЕКОВ Махмұд Базарқұлұлы дүниеге келді.
1952 жылы 2 тамызда Жамбыл облысының Шу қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары, математика пәнінің мұғалімі, экономист, саясаттанушы, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор. Еңбек жолын 1969 жылы Шу қаласындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепте бастады. 1974 жылы Абай атындағы Қазақ педагогика институтының математика факультетін, 1985 жылы Алматы халық шаруашылығы институтының жоспарлау-экономикалық факультетін, 1990 жылы Алматы жоғары партия мектебін бітірген. 1973-1976 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты комсомол комитеті хатшысының орынбасары, кейіннен хатшысы болып істеді. 1976-1983 жылдары Фрунзе аудандық, Алматы қалалық және облыстық комсомол комитеттерінің хатшысы, республика комсомолы Орталық Комитетінде бөлім меңгерушісі болып істеді. 1983-1990 жылдары Алматы облыстық және Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде еңбек етті. 1990 жылдан - Қазақстан Республикасы Президенті мен Министрлер Кабинеті Аппараты, кейіннен Мемлекет басшысының Әкімшілігі Жалпы бөлімінің меңгерушісі. 1996 жылдың наурызынан - Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің меңгерушісі, ал кейіннен бастығы қызметін атқаруда.
М.Б.Қасымбеков 100-ден астам ғылыми мақалалар жариялаған, ол 25-ке тарта кітаптардың авторы, телавторы және құрастырушысы болып табылады. Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім саласындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев», ІІІ дәрежелі «Барыс», «Құрмет» ордендерімен, 7 медальмен марапатталған.
40 жыл бұрын (1972) ҚР Көлік және коммуникация министрі ЖҰМАҒАЛИЕВ Асқар Қуанышұлы дүниеге келді.
1972 жылы туылған. Білімі: Свердловскідегі Суворов училищесі, Харьков ракета әскерлерінің жоғары командалық - инженерлік училищесі, Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, Қазақ гуманитарлық заң университеті.
Лозаннадағы Швейцария Федералды Технология Институтының электронды басқару бойынша Шебер дәрежесі бар (Ecole Polytechnique Federale de Lausanne - EPFL).«Жарық» ЖШС Бас директоры; Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігінде Байланыс саласындағы мемлекеттік қадағалау басқармасының бастығы, Байланыс және ақпараттандыру комитетінің төрағасы болып қызмет атқарды.Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігі құрылған сәттен бастап төраға орынбасары, 2004 жылдың қыркүйегі мен 2005 жылдың қаңтары аралығында төраға міндетін атқарды.2005 жылдың мамырынан Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігі төрағасының бірінші орынбасары. 2006 жылдың 27 қаңтарында Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы лауазымына тағайындалды.2006 жылдың 11 қазаннан 2010 жылдың наурызына дейін «Қазақтелеком» АҚ Басқармасының төрағасы. 2010 жылғы 12 наурыздан 2012 жылғы 20 қаңтарға дейін ҚР Байланыс және ақпарат министрі қызметін атқарды.
2012 жылғы 20 қаңтарда ҚР Көлік және коммуникация министрі болып тағайындалды.
«Қазақстан Конституциясына 10 жыл» , «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталды. 2005 жылы «Құрметті байланысшы» атағы берілді, Ю.А.Гагарин медалінің иегері. 2009 ж. «Құрмет» орденімен марапатталды.
65 жыл бұрын (1947) Ақмола облыстың мәслихатының аппарат басшысы СЫЗДЫҚОВ Тұрғұн дүниеге келді.
56 жыл бұрын (1956) Астана қалалық Құрылыс басқармасының бастығы ЛЮТОВ Владимир дүниеге келді.