2 жасар сәби өртенген көліктің жүргізушісі мен жолаушылары мас болған

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2 жасар бала тірідей өртенген автомобильдің жүргізушісі мен жолаушылары ішімдік ішкен. Бұл туралы КирТАГ Ыстықкөл облыстық ІІБ сілтеме жасап хабарлады.

2 жасар сәби өртенген көліктің жүргізушісі мен жолаушылары мас болған

«Жүргізуші мен жолаушылар мас болған. Қазіргі уақытта бірқатар сараптама, соның ішінде техникалық сараптама жүргізіліп жатыр. Осыдан соң қылмыстық іс туралы шешім қабылданбақ», - деп хабарланды баспасөз қызметінен.

Еске сала кетейік, Қырғызстанның Ыстықкөл облысында екі жасар бала анасының көз алдында тірідей өртенген.

Оқыс оқиға 12 сәуір күні шамамен сағат 14:30 болды. Ыстықкөл облысындағы Семеновка ауылының 22 жастағы тұрғыны Кичи-Ак-Суу шатқалынан «Москвич ИЖ Комби» маркілі көлігімен үйіне келе жатқан. Ол автомобиль салонына ішінде жанар-жағар майы бар 5 литрлік ыдысты қойған.

Қауіпсіздік техникасы сақталмағандықтан, жол бойында ішінде жанар-жағар майы бар канистр өртенген. Бұдан шошынған жүргізуші көлікті күрт бұрған сәтте, аударылып кеткен.

Жүргізуші мен екі ересек жолаушы машинадан шығып үлгерді. Ал 2 жасар бала салонда қалып қойды. Бүлдіршін 23 жастағы анасының көзінше тірідей отқа оранды.

Жүргізуші мен жолаушылардың бірі Ананьево ауылындағы ауруханаға жеткізілді.