2 желтоқсан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. 2 желтоқсан. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 2 желтоқсанға арналған күнтізбесін ұсынады.2 желтоқсан СЕЙСЕНБІ
Бүгін - «Құлдықты жою үшін күрес» халықаралық күні. БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен атап өтіледі. 1949 жылғы желтоқсанның 2-інде БҰҰ БА 4-ші сессиясы адам сату және үшінші тұлғаны жезөкшелікке пайдаланумен күрес туралы конвенция қабылдады.
Бүгін - Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық мейрамы - БАӘ құрылған күн. 1971 жылғы желтоқсанның 2-інде жеті жеке әмірліктерден құрылған жаңа мемлекет қалыптасты. Біріккен Араб Әмірліктеріне кіретін әр әмірліктің өз үкіметі мен оған бағынышты әкімшілік органдары бар. Мемлекет басшысы - Президент. Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қыркүйектің 1-інде орнатылды. Бүгін - Лаос Халықтық Демократиялық Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Республика күні (1975). XIV-ғасырдың ортасы мен XVII-ғасырдың аяғына дейін Лаос Республикасының орнында Лансанг - «миллион пілдер корольдігі» мемлекеті жайлаған болатын. 1883 жылы бұл жерлер Францияның қол астына еніп, франциялық Үндіқытайдың бір бөлігіне айналды. XX ғасырдың 50-ші жылдарында Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Франция үкіметі биліктен тайып, Солтүстік Лаос үкіметі коммунист көтерілісшілерінің қолына көшті. 60-70-ші жылдары Вьетнамда болып жатқан кескілескен соғыс Лаосқа да өз әсерін тигізбей қала алмады. 1975 жылы Вьетнам соғысы аяқталғаннан кейін Лаос билігі коммунистерге түпкілікті көшті. Бүгінгі күндерде Лаос саясатына вьетнам коммунистері өз ықпалын жүргізіп отыр. Қазақстан Республикасы мен Лаос арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1997 жылғы қыркүйектің 19-ында орнатылды. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 22 жыл бұрын (1992) Мәскеуде Халықаралық инженерлік академияның жалпы жиналысы өтіп, онда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев аталған академияның академигі болып сайланды. 9 жыл бұрын (2005) Алматыда Қазақстандағы алғашқы пиротехникалық өнімдерді сынақтан өткізу орталығының таныстырылымы болды. Ұйымдастырушысы - «Қазақжарылысөнеркәсіп» акционерлік қоғамы. Жаңа орталық пиротехникалық құралдарды қауіпсіздік, экологиялық жағынан таза және стандарттарға сай екендігін анықтай алады. Қазақстан заңдары бойынша барлық пиротехникалық бұйымдар міндетті сертификаттауға жататыны белгілі. 9 жыл бұрын (2005) Алматыда қоқысты қайта өңдеуге арналған сынақ алаңы ашылды. Өзге алаңдармен салыстырғанда шағын полигон тәуліктік сақтау камераларымен, торлы столдар мен қалдықтарға арналған бункермен жарақтандырылған. Алаң 300 шаршы метр аймақты алып жатыр. Ол демеушілердің есебінен салынып, құны 4 миллион теңгені құрады. 7 жыл бұрын (2007) Алматыда орыс тілінде жазылған тарихи роман «Сақтар» кітабының қайта басылып шыққандығына байланысты салтанатты шара өтті. Болат Жандарбеков (1932-1991) тарихшы, жазушы, көптеген әңгімелердің авторы, ғалым, теледидар мен кино режиссері болған. «Сақтар» атты тарихи кітап ішіндегі «Томирис» және «Ширактың ерлігі» деген атпен оқушы қауымға белгілі. Кітапты көркемдеуші - суретші Дана Мұқанова-Хуршудян. 6 жыл бұрын (2008) Астанада Мәдениет пен діндердің халықаралық орталығы ашылды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.А.Назарбаевтің Әлемдік дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІ съезінде айтылған бастауымен құрылды. 6 жыл бұрын (2008) Алматыда «САГА» баспасында Серікбол Қондыбайдың «Арғықазақ мифологиясы» атты кітабы басып шығарылды. 5 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Тарифтік квоталарды қолданудың шарттары мен тетігі туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Елбасы сонымен қатар, «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қорғаныс министрліктерінің радиациялық, химиялық және биологиялық жағдайды бақылау саласындағы өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. 5 жыл бұрын (2009) Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін көтеруге бағытталған «Парыз» конкурсының жеңімпаздарын марапаттады. 5 жыл бұрын (2009) Қарағандыда өрт құрбаны болған өрт сөндірушілерге ескерткіш ашылды. Ескерткіш «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі үйінің жанында орнатылды. Ол облыс төтенше жағдайлар департаментінің және оның бөлімшелері қызметкерлерінің ерікті қайырымдылық қаражатына салынды. ЕСІМДЕР 85 жыл бұрын (1929-1994) жазушы, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты ҚҰТТЫБАЕВ Қаратай дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. 1955-1960 жылдары - «Жұлдыз» журналының редакциялық алқа мүшесі, бөлім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі. 1960-1990 жылдары - Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының доценті қызметтерін атқарған. «Син Як Чен» атты алғашқы әңгімесі 1952 жылы жарық көрген. «Мақтагүл», «Шындық пен шығарма», «Сыр көктемі», «Оның ұрпағы», «Шындық пен шеберлік» атты әңгімелер, повестер, әдеби-сын мақалалар авторы. М.Горькийдің, Н.Зарудныйдың, В.Баныкиннің, Н.Поповтың, Ю.Балтушистің шығармаларын қазақшаға аударған. Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Президиумының грамотасымен марапатталған. 74 жыл бұрын (1940-2005) ақын, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері ҚЫЗЫҚБАЙ Тоқтарбек дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласында туған. 1958-1962 жылдары - «Совет туы» аудандық газетінің тілшісі. 1962-1975 жылдары - облыстық «Коммунизм туы» газетінің әдеби қызметкері, бас редактордың бірінші орынбасары. 1975-1994 жылдары - республикалық «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінің бөлім меңгерушісі, «Қазақстан коммунисі» («Ақиқат») журналының бөлім меңгерушісі. 1994-1998 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің аға референті, консультанты қызметтерін атқарған. 1998 жылдан - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мемлекеттік тіл жөніндегі бас маманы. Республика баспаларынан әр жылдары «Қыр гүлдері», «Алтай әуендері», «Темір тізгін», «Парыз», «Арайлы шақ», «Зайсан», «Өмір-сапар», «Көңіл қоңырауы», «Жүрек оты», «Жусан исі» атты жыр жинақтары жарық көрген. «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. 65 жыл бұрын (1949) спортшы, еркін күрестен спорт шебері ЖАРҚЫНБАЕВ Жұмабек Әубәкірұлы дүниеге келді. Алматы облысы Жамбыл ауданында туған. Мектеп оқушылары арасындағы бүкілодақтық спартакиаданың чемпионы. Жастар арасындағы КСРО біріншілігінің, Кубада, Моңғолияда өткен халықаралық турнирлердің жеңімпазы. 1969-1973 жылдары - Қазақстанның бес дүркін чемпионы. 1973 жылы - КСРО кәсіподақтары біріншілігінің қола жүлдегері. 60 жыл бұрын (1954) «Қазақстанның халық банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары ӨСКІМБАЕВ Қожамұрат Бейісұлы дүниеге келді. Ақтөбе облысында туған. 1981-1986 жылы Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғарғы мектебінде, құқықтану мамандығы бойынша оқыды. Осы мамандық бойынша 1989-1991 жылдары Мәскеу қаласында ІІМ Академиясында білім алды. 1997 жылдың қаңтар - ақпан айлар аралығында АҚШ-тың Федералды Тергеу Бюросының Академиясында сынақ мерзімін өткізді. Еңбек қызметін 1972 жылы Ақтөбе қаласының мемлекеттік ауыл шаруашылығының тәжірибе станциясында техник болып бастады. 1973-1975 жылы Отан алдында борышын өтеді. 1980-1989 жылдары Қапшағай қаласында қалалық Ішкі істер бөлімінде (кезекші инспектор, телім инспектор, инспектор, бас инспектор, бастық орынбасары, бастығы), 1990-1992 жылдары Фрунзе аудандық ішкі істер бөлімінде Алматы қалалық ішкі істер басқармасы (аудандық ішкі істер бөлім бастығы), 1992-1995 жылдары Алматы қаласы бойынша қалалық ішкі істер басқармасы (қалалық ІІБ күзет басқармасының бастығы, ІІБ бастығының орынбасары), 1995-2002 жылдары Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі (мемлекеттік күзет қызметі департаментінің бастығының бірінші орынбасары, мемелекеттік күзет қызметі департаментінің бастығы), 2002-2003 жылдары -Ақтөбе облысының ішкі істер басқармасы бастығы, 2003-2007 жылдары - Ішкі істер вице-министрі. 2007 жылдың қыркүйек айынан «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-да басқарма төрағасының орынбасары. Бірқатар медальдармен марапатталған. 54 жыл бұрын (1960) Қазақстан Республикасының Индонезиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі ОРАЗБАЙ Асхат Тұтқышбайұлы дүниеге келді. Ташкент мемлекеттік университетінің Шығыс тілдері факультетін бітірген. 1985-1990 жылдары - Қазақ КСР Мәдениет министрлігі Телерадио комитетінің редакторы. 1990-1992 жылдары - әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Шығыстану факультетінің оқытушысы, факультет деканының орынбасары. 1992-1994 жылдары - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс департаментінің екінші хатшысы, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің көмекшісі. 1994-1999 жылдары - Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы елшілігінің бірінші хатшысы, кеңесшісі. 1999-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі екі жақты ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары. 2001-2002 жылдары - БҰҰ арнайы миссиясының Исламабад қаласындағы Ауғанстан жөніндегі саяси кеңесшісі. 2002-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Африка, Таяу Шығыс және Азия департаментінің директоры. 2003-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің арнайы тапсырмалар жөніндегі елшісі, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы. 2006-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің арнайы тапсырмалар жөніндегі елшісі, Қазақстан Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы қызмет жөніндегі ұлттық үйлестірушісі қызметтерін атқарған. 2008 жылдан - Түркіменстандағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі. Қазіргі қызметінде 2012 жылғы шілдеден бері. 52 жыл бұрын (1962) ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің қаржы-шаруашылық бөлімінің меңгерушісі МЕЙІРБЕКОВ Бердібек Қуанұлы дүниеге келді. Шымкент облысында туған. Т.Рысқұлов атындағы Қазақ мемлекеттік экономика институтын бітірген, экономист. 1983 жылдан - КСРО Мемлекеттік банкінің Созақ бөлімшесінде 2-разрядты кассир-сарапшы. 1988 жылдан - Агроөнеркәсіптік банктің ақша айналмаы жөніндегі уәкілі. 1991 жылдан - Шымент облысының Таукент кентінде Агроөнеркәсіпбанкі филиалының меңгерушісі. 1992 жылдан - «Әлембанк Қазақстан» АҚ-да жетекші экономист, бас экономист, басқарма бастығы, басқарма төрағасмының орынбасары. 1995 жылдан - Орталық азия ынтымақтастық және даму банкінің вице-президенті. 1988 жылғы мамырдан - ҚР Премьері Кеңсесі құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары. Қазіргі қызметінде - 1999 жылдан бері. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Ерен еңбегі үшін» (2005), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Қазақстан Парламентіне 10 жыл» (2006) медальдарымен марапатталған. . 45 жыл бұрын (1969) Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары ШӨЖЕҒҰЛОВ Әнуар Аманқұлұлы дүниеге келді. Талдықорған облысы Гвардия ауданының Қоғалы ауылында туған. В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының металлургия факультетін бітірген (1993), түсті металдар зауытының инженер-механигі. 1994 жылдан - Алматы қаласы «Жетісу» кедендік бекетінің инспекторы, аға инспекторы, бас инспекторы; 2003-2008 жылдары - бастығының орынбасары, бастығы. 2009 жылдан - ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша Кедендік бақылау департаменті бастығының орынбасары. 2010 жылдың қаңтарынан бері - ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша Кедендік бақылау дөпартаментінің бастығы. 2013 жылғы мамырдан қазіргі қызметінде. 91 жыл бұрын (1923-1977) грек және американ әншісі, ХХ ғасырдың көрнекті опера әншілерінің бірі Мария КАЛЛАС (Сесилия София Анна Мария Калогеропулос) дүниеге келді. 68 жыл бұрын (1946-1997) итальяндық модельер Джанни ВЕРСАЧЕ дүниеге келді.