20 қараша. Kazinform күнтізбесі. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 20 қарашаға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform/ Midjourney

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік балалар күні

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының ұсынысымен 1956 жылдан бастап жыл сайын әлемнің көптеген елінде Дүниежүзілік балалар күні аталып өтеді. Бұл мерекені белгілеу туралы шешім 1954 жылы № 836 (IX) қарармен қабылданған. Ал 1959 жылы осы күні «Бала құқықтары декларациясы», 1989 жылы «Бала құқықтары туралы конвенция» бекітілді.

Педиатр күні

Педиатр күні Дүниежүзілік балалар күнімен тығыз байланысты. 1954 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы ұйымға мүше мемлекеттерге Балалар күнін атап өтуді ұсынған. Осы бастаманы қолдаған елдер мерекені БҰҰ-ның Бала құқықтары декларациясы қабылданған күнмен орайластырды.

Балалардың амандығы мен денсаулығын қорғауға арналған бұл мереке көптеген елде педиатрлардың кәсіби күнімен қатар аталып өтеді. Өйткені бала дүниеге келген сәттен бастап оның денсаулығына қамқорлық жасап, сырқатының алдын алатын алғашқы маман — педиатр. Сондықтан әлемнің көптеген елінде бұл екі мереке қатар тойланады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1923 жылы «Советская степь» газетінің алғашқы саны жарық көрді. 1932 жылғы 20 қаңтарда Қазақ өлкелік комитеті III пленумының қаулысымен басылымның атауы «Казахстанская правда» болып өзгертілді. Жаңа атаумен шыққан газеттің алғашқы саны сол жылдың 21 қаңтарында оқырманға жол тартты.

1998 жылы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан Халықаралық ғарыш станциясының алғашқы модулі — «Заря» функционалдық-жүк блогы ғарышқа ұшырылды.

2009 жылы Қазақстандағы алғашқы «Астана — Бурабай» жедел автожолын пайдалануға беру рәсімі өтті.

Ұзындығы 224 шақырым болатын тасжол құрылысы 1-А техникалық санат талаптарына сай жүргізілді. Алты жолақты жол сағатына 150 шақырым жылдамдықпен жүруге есептелген.

2012 жылы Қарағандыда Украинаның Құрметті консулдығы ашылды. Салтанатты рәсімде консулдық қызмет атқару туралы келісімге қол қойылып, консулдың өкілеттігін растайтын патент пен қабылдаушы елдің оны ресми танығанын куәландыратын экзекватура табысталды.

2012 жылы Астанадағы Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында ТМД және түркітілдес елдердің заманауи композиторларының I халықаралық Camerata tempo фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Оған Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан (РФ), Тәжікстан, АҚШ, Бельгия, Грузия, Түркия, Ұлыбритания және Франциядан келген музыканттар қатысты.

2012 жылы Қазақстандағы бес ұлттық федерацияның бастамасымен «Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы» заңды тұлғалар бірлестігі құрылды.

Бүгінде конфедерация құрамына Қазақстан бокс федерациясы, Дзюдо федерациясы, Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы, Республикалық ауыр атлетика федерациясы және Қазақстан таеквондо федерациясы (WTF) кіреді.

2012 жылы режиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Студент» фильмі Португалияда өткен Lisbon & Estoril халықаралық кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды. Картина фестивальдің негізгі байқау бағдарламасында көрсетілді.

2013 жылы Лондонда Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің жаңа ғимараты ашылды. Дипломатиялық өкілдік Пэлл-Мэлл көшесіне көшірілді. Бұған дейін елшілік ғимараты Оңтүстік Кенсингтон ауданында орналасқан еді.

2014 жылы ҚР Ұлттық музейінде көрнекті ғалым, Қазақстан археология мектебінің негізін қалаушылардың бірі, тарих ғылымдарының докторы Кемел Ақышевке арналған «Ұлы даланың кемеңгер ғалымы» атты көрме ашылды.

Кемел Ақышев Еуразияға есімі танылған археолог ретінде белгілі. Ол әлемге әйгілі «Алтын адам» табылған Есік қорғанын ашып, тәуелсіз Қазақстанның басты рәміздерінің біріне айналған тарихи жәдігерді ғылыми айналымға енгізді.

2014 жылы Қазақстан Республикасы Сан-Томе және Принсипи Демократиялық Республикасымен және Сьерра-Леонемен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты.

Сан-Томе және Принсипи Демократиялық Республикасы — Африканың Гвинея шығанағында, экватор бойында орналасқан арал мемлекет. Ел аумағы екі ірі — Сан-Томе мен Принсипи аралынан және бірнеше шағын жартасты аралдан тұрады. Жалпы жер көлемі — 1 001 шаршы шақырым. Ресми тілі — португал тілі. Астанасы — Сан-Томе қаласы, ұлттық валютасы — добра. Мемлекет басшысы — бес жыл мерзімге жалпыхалықтық тікелей және жасырын дауыс беру арқылы сайланатын Президент. Ол бір рет қайта сайлана алады.

Сьерра-Леоне — Батыс Африкада, Атлант мұхитының жағалауында орналасқан мемлекет. Жер көлемі — 72,3 мың шаршы шақырым. Астанасы — Фритаун қаласы. Ресми тілі — ағылшын тілі, ұлттық валютасы — леоне. Мемлекет әрі Үкімет басшысы — бес жыл мерзімге жалпыхалықтық дауыс беру арқылы сайланатын Президент. Ол қайта сайлануға және елдің Қарулы күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысы болуға құқылы.

2017 жылы Қазақстан Республикасы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Білім беру саясаты жөніндегі комитетінің жұмысына қатысуға шақырту алды. Бұл — білім беру мен экономика салаларында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген Қазақстанға көрсетілген зор сенім әрі ынтымақтастықты нығайтуға деген ұмтылыстың белгісі. Комитет жұмысына қатысу туралы ұсыныс қазақстандық білім беру жүйесінің халықаралық деңгейде мойындалғанын және еліміздің адами капиталды дамытуда дұрыс бағыт таңдағанын көрсетті.

2018 жылы қазақстандық әнші Данэлия Тулешова «Junior Eurovision» ән байқауына қатысушылармен бірге Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың қабылдауында болып, оған кәдесый — үйді тіл-көзден сақтайтын тұмар сыйлады.

Данэлия Тулешова ұлттық іріктеу кезеңінде жеңіске жетіп, Минскіде өткен халықаралық «Junior Eurovision» ән байқауында Қазақстан атынан өнер көрсеткен алғашқы әнші атанды.

2019 жылы Алматыда Денис Тен атындағы стипендия тағайындалды. Алғашқы стипендия Қазақстан-Британ техникалық университетінің үздік үш студентіне табысталды.

Атаулы стипендия оқу үлгерімі жоғары, сонымен қатар спортпен белсенді айналысатын студенттерге беріледі. Оны магистратурада белгілі қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен білім алған университеттің ректораты тағайындады.

Марапаттау рәсіміне құрметті қонақ ретінде Денис Теннің анасы Оксана Алексеевна Тен қатысты.

2020 жылы Атырау қаласында Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының алдына қазақ өнерінің көрнекті өкілдері, халық әртістері Сәбира Майқанова, Нұрмұхан Жантөрин, Асанәлі Әшімов пен Хадиша Бөкееваға арналған ескерткіш орнатылды. «Шығармашылық әңгіме» деп аталатын мүсіндік композицияның авторы — сәулетші-мүсінші Гүлфия Мелдеш.

2022 жылы Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Сайлау қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 81,3 пайыз дауысын жинап, Мемлекет басшысы лауазымына қайта сайланды.

2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қызметтік міндетін атқару кезінде ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмған Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жедел кезекшісінің көмекшісі Асқар Забикулиннің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

Батыр өрт сөндірушінің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында Президенттің тапсырмасымен елордадағы көшелердің біріне Асқар Забикулиннің есімі берілді.

2022 жылы қазақстандық бишілер Максим Жиленков пен Арина Молочникова спорттық би тарихында тұңғыш рет әлем чемпионы атанды. Латвияның Саласпилс қаласында өткен дүбірлі додада Қарағандыдағы «София» би клубының атынан өнер көрсеткен жұп топ жарды. Әлем біріншілігіне 32 елдің бишілері қатысты.

2023 жылы Мексиканың Гвадалахара қаласында өткен ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық Едіге Емберді алтын медаль жеңіп алды. 18 жастағы спортшы 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды. Ол қос жаттығудың қорытындысы бойынша 336 келі (145+191) көтеріп, үздік нәтиже көрсетті.

2024 жылы Қазақстанның екі қаласында Ұлттық бейнемониторинг жүйесі іске қосылды. Инновациялық жобаны Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірлесіп әзірледі. Жасанды интеллект технологияларына негізделген жүйе іздеуде жүрген адамдарды тануға, қоғамдық орындарда қараусыз қалған заттар туралы белгі беруге және құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ компьютерлік көру технологиясы көліктің маркасы, моделі мен түсі бойынша оны анықтай алады. «Ақылды» камералар теміржол вокзалдары, әуежайлар, қонақүйлер, көшелер, жол қиылыстары мен сауда-ойын-сауық орталықтарын бақылайды.

2025 жылы Алматы Дүниежүзілік туристік альянстың (World Tourism Alliance) толыққанды мүшесі атанды. Қалаға ұйым қатарына қабылданғанын растайтын сертификат Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен WTA-ның жыл сайынғы «Сянху — 2025» іс-шарасында ресми түрде табысталды.

Дүниежүзілік туристік альянс — туризмді тұрақты дамытуға бағытталған, 41 елден 251 қатысушыны біріктіретін халықаралық үкіметтік емес ұйым. Ұйымға мүшелік сараптамалық деректерге, білім беру ресурстарына және халықаралық әріптестік байланыстарға жол ашады. Альянс мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері мен сарапшылар қауымдастығының басын қосады. Ол халықаралық туризмді дамытуға жәрдемдесіп, зерттеулер жүргізеді, консультациялық қолдау көрсетеді және кадрлар даярлаумен айналысады. Сондай-ақ мемлекеттік және жеке сектор арасындағы ынтымақтастықты нығайтады.

2025 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары тұқымдарды биоыдырайтын модификацияланған полимерлермен қаптау технологиясын әзірлеп, ауыл шаруашылығында суды үнемдеудің тиімді тәсілін ұсынды. Зерттеу барысында мамандар ауыл шаруашылығы және жеміс-жидек дақылдарының тұқымдарын өңдеу үшін полимерлі гидрогельдерді, сазды, күріш қауызының күлін және крахмал ерітіндісін қолданған. Нәтижесінде осындай құраммен қапталған тұқымдардың кәдімгі тұқымдарға қарағанда әлдеқайда жақсы өнетіні анықталды. Алғашқы өскіндер 7-8 күнде пайда болып, жапырақтары тығыз әрі төзімді келеді. Сонымен қатар арнайы қапталған тұқымдар ылғалды көбірек сақтайды. Бұл жиі суаруды қажет етпей, аптасына бір рет суаруға мүмкіндік береді. Жоба жетекшісінің айтуынша, бұл технология ауыл шаруашылығында су ресурстарын тиімді пайдалануға жол ашады.

2025 жылы Павлодар облысында ферросилиций өндіретін жаңа зауыт іске қосылды. Кәсіпорын құрылысына «EkibastuzFerroAlloys» ЖШС 92 млрд теңге инвестиция тартты. Зауыт жылына 240 мың тонна ферросилиций өндіруге қауқарлы.