20 қазан. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 20 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
Арман ҚЫРЫҚБАЕВ, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі
1976 жылы Целиноград (Астана) қаласында туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын (1996); Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын (2002) бітірген.
Еңбек жолы: Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің референті, атташесі (1996-1997); Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Елшілігінің атташесі, үшінші хатшысы (1997–2000); ҚР Сыртқы істер министрлігінің екінші хатшысы (2002); «АВЕ Корпорация» ЖАҚ стратегия және мониторинг департаментінің директоры (2002–2005); Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары, Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры (2005–2006); ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Қоғамдық-саяси жұмыс және қоғаммен байланыс департаментінің директоры (2006–2008); ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы (2008–2010); Қарағанды облысы әкімінің орынбасары (2010–2012); ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі (2012–2013); «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі (2014–2015); Алматы қаласы әкімінің орынбасары (2015–2019); «Nur Otan» партиясының хатшысы (2020–2022); Алматы қаласы әкімінің орынбасары (2022–2024); ҚР Президенті Әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі (2024–2025); ҚР Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі (2025-2026).
Қазіргі лауазымына 2026 жылғы қыркүйекте тағайындалды.
Ескендір ШЫНЫБАЕВ, Семей қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы
Шығыс Қазақстан облысында туған. 1999 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетінде құқықтану магистрі дәрежесін алған. Сонымен қатар Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолы: 2000 жылы Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының органдарында жұмыс істеген. 2000-2014 жылдары түрлі қызметтерде, атап айтқанда прокуратура органдарында және экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі департаментте жетекшілік қызметтер атқарған. 2014-2016 жылдары Зырян аудандық сотының судьясы; 2016-2021 жылдары Шемонаиха аудандық сотының төрағасы; Семей қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы (2021-2026).
2026 жылдың қазан айынан бастап қазіргі қызметінде.
Берік АДАМОВ, Алматы облысының прокуроры
1983 жылы Павлодар облысында туған. Гуманитарлық-заң университетін (2004), Инновациялық Еуразия университетін (2006), РФ Бас прокуратурасы Академиясын (2016) тәмамдаған.
Павлодар қаласы прокурорының көмекшісі, Астана қаласы Алматы аудандық прокурорының аға көмекшісі, Астана прокуратура басқармасының прокуроры, ҚР Бас прокуратурасы департаментінің Бірінші бөлімінде прокурор, Қарағанды облысы және Астана қаласы прокуратурасы 4-ші басқармасының бастығы, Екібастұз қаласының прокуроры, Алматы қаласы прокурорының орынбасары, Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған.
Қазіргі қызметін 2022 жылдың тамызынан бері атқарып келеді.
Ғалымжан МОЛДАНАЗАР, әнші, музыкант, Moldanazar тобының солисі
1988 жылы Қызылорда облысы Қараөзек ауылында дүниеге келген. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алған.
Шығармашылық жолы: Хит телеарнасының музыкалық симпозиумында рок жұлдызы Әсеммен бірге «Жылама жүрегім» әнін орындады (2011); «Ақпен бірге» (2013) музыкалық бейнебаянын шығарды; Молданазар тобын құрды (2015); Молданазар Break of Reality тобымен бірге Нью-Йорктегі сахналарда өнер көрсетті; «Өзің ғана» клипі (2016), ән «Ұмытшы мені тез» (2016), «Жаным сол» және «Сенің жаныңда» (2017); «Тараз» фильмінің саундтрегін орындады (2016 ж. қазан); композиция «Сағым»; «Алтыншы пост» фильміне саундтрек (2018); Ғалымжан украиндық орындаушы Иван Дорнмен бірге «Қайда» трегін шығарды (наурыз 2018); «Есімде бәрі» (2018), «Айтарым көп» (2020) және «Депті» (2021) музыкалық альбомдарын шығарды. 2024 жылдың желтоқсан айында Лондондағы AIR студиясында жаңа «Arbir Janga (Әрбір тірі жанға)» әні жазылды.
Нұрғожа ОРАЗ, белгілі қазақ жазушысы әрі ақыны, журналист-публицист, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері
1932 жылы Қостанай облысында туған. 1956 жылы Алматы қаласындағы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген соң туған ауылында мұғалім болып алғашқы еңбек жолын бастаған. Кейін Қостанай облыстық «Коммунизм туы» газетінде тілші болып қызмет атқарған. 1963 жылы Целиноград қаласына қоныс аударып, өлкелік «Тың өлкесі» газетіне жұмысқа ауысады. 1965-1991 жылдар аралығында Қазақстан Жазушылар одағының облысаралық бөлімшесін басқарды. 1990 жылдан өмірден өткенше өзі ашқан әдеби-көркем, қоғамдық-саяси «Сарыарқа» (кейін «Жаңа Сарыарқа») журналының бас редакторы болды.
40-тан астам кітабы жарық көрген. «Достар хаты», «Жауқазын шақ» повестері, «То, что остается с нами» пьесасы, «Көніл көктемі» жинағы оқырманға танымал. Өлеңдер топтамасы украин, орыс, қырғыз тілдеріне аударылған.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ҚР Журналистер одағының М. Сералин атындағы сыйлығының лауреаты, «Астана» және «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» медальдарымен марапатталған. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2006).
Тоқсын ҚҰЛЫБЕКОВ, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі
1950 жылы Алматы облысында туған. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген.
1968-1970 жылдары Амангелді ұжымшарында мәдениет үйінің меңгерушісі, Қазақ радиосының дикторы, режиссері болып істеді. Сондай-ақ, ол сол тұста көрермендердің сүйікті бағдарламалары болған «Қымызхана», «Алтыбақан», «Жебе» телехабарларының жүргізушісі болды. 1984 жылдан өмірінің соңына дейін «Тамаша» ойын-сауық отауының құрамында өнер көрсетті.
«Жігер» жастар фестивалінің лауреаты.
Анатолий ХРАПАТЫЙ, ауыратлет, КСРО спорт шебері, халықаралық спорт шебері, ауыр атлетикадан еңбек сіңірген спорт шебері
1963 жылы Ақмола облысының Атбасар қаласында туған. Алматыдағы Қазақ дене шынықтыру институтын бітірген. Алғашқы бапкері — А. Сидоров. Ол Қазақстан және КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы, Азия ойындарының күміс жүлдегері, екі мәрте Азия чемпионы және Орталық Азия ойындарының, Шығыс Азия ойындарының жеңімпазы, бес дүркін Еуропа және әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының алтын (Сеул, 1988) және күміс (Атланта, 1996) жүлдегері болған.
«Құрмет» орденімен марапатталған.