20 қыркүйек. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 20 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform/ Midjourney

АТАУЛЫ КҮНДЕР

HR менеджер күні

ТМД елдерінде қыркүйек айының үшінші сәрсенбісінде тойланатын бұл мереке бейресми мәртебеге ие. Ол кадрларды жұмысқа қабылдайтын, оқытатын, есепке алатын және лауазымдық нұсқаулықтарды әзірлейтін қызметкерлерге арналған. Бұл күні компаниялар мерекелік корпоративтік іс-шаралар өткізеді. Көзге түскен HR-менеджерлер жұмысы үшін алғыс білдіріп, марапатталады.

Дүниежүзілік күріш күні

Бұл халықаралық мереке 2004 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында бекітілген. Сол жыл халықаралық күріш жылы болып жарияланды.

Күріш әлі күнге дейін Ескі дүниеден Жаңаға қайталанбас сыйлық болып саналады. Дүние жүзінде бұл дәнді дақылдың 10 мыңнан астам түрі бар. Күріш Қазақстанда да өсіріледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1913 жылы Семейде алғашқы қазақстандық футбол командалары: ССК, «Олимп», «Ласточка», «Орлята» және «Ярыш» құрылды. «Ярыш» футбол клубының құрамында қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғалым Мұхтар Омарханұлы Әуезов (1897-1961) ойнаған.

2001 жылы Қарағандыда Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы этнопарк ашылды. Жалпы аумағы 36 га құрайтын этнопаркте Ұлытау және Қарқаралы таулары, Балқаш көлі, қаланың бас ғимараттары орналасқан.

2002 жылы Қазақстанда адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымы құрылды. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл – өз құзыреті шегінде адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылдау өкілеттіктері берілген, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адам.

2010 жылы теннистен Қазақстанның ерлер құрамасы тарихта алғаш рет Девис кубогінің әлемдік тобына жолдаманы жеңіп алды.

2010 жылы Таразда Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына орай жазушы шығармаларының 30 томдық жинағы жарық көрді. Жинақ «Мемлекет қайраткерлерінің есімін мәңгілік ету» бағдарламасы аясында басып шығарылады.

2010 жылы 1931-1934 жылдары белгілі партия және мемлекет қайраткері, Орта Азия мен Қазақстанда Кеңес өкіметін ұйымдастырушылардың бірі, РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов (1894-1938) тұрған Мәскеудегі Покровский бульвары, 14 мекенжайындағы үйге мемориалдық тақта орнату туралы келісімге қол жеткізілді.

2013 жылы отандық «Тұран-ТВ» телеарнасы хабар тарата бастады, бұл белсенді өмір салты мен қызықты outdoor демалысқа арналған алғашқы қазақстандық телеарна. Телеарнаның форматы денсаулық мәдениетін, спортты насихаттау, ішкі туризмді танымал ету, еліміздің табиғи байлықтарына қатысты халықтың мәдениет деңгейін арттыру.

2016 жылы қазақстандық скрипкашы Ержан Құлыбаев Румын Атенеумінің сахнасында өткен «Джеорже Энеску» халықаралық фестивалінде Чайковскийдің № 36 операсы Ре мажорды орындап, үздік үштіктің қатарынан көрінді. 29 жастағы скрипкашы Мадрид пен Зальцбургте білім алып, Познань филармониялық оркестрімен бірге концерттерге қатысып, поляк камералық филармониясында, дирижер Валерий Гергиевтің жетекшілігімен Мариин театрында, сондай-ақ әйгілі Карнеги холлда жеке концерттер берді. Ол «Хиндемита Павел» халықаралық байқауының (бірінші шығарылым) және «Генрик Венявский» байқауының лауреаты (5-орын).

2016 жылы алғаш рет қазақстандық БҰҰ-ның Батыс Сахарадағы миссиясының (MINURSO) әскери бақылаушысы подполковник Асқар Қожағалиев MINURSO қолбасшысының бұйрығымен Ауусардтағы миссиядағы БҰҰ әскери байқаушылар базасының командирі болып тағайындалды.

2017 жылы қазақстандық грек-рим күресінің шебері Нұрбақыт Теңізбаевқа 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдесі табысталды. Халықаралық Олимпиада комитеті допинг дауына байланысты сол жылғы нәтижені қайта қарап, отандасымызға күміс медаль беру жөнінде шешім қабылдаған. Балуанға олимпиадалық медальді ҚР ҰОК Бас хатшысы Данияр Әбілғазин табыс етті.

2018 жылы ел тарихында алғаш рет Лондонда өткен әлемдік арт-сахнада «Фокус – Қазақстан» кең ауқымды жобасы көрсетілді. Халықаралық көрермендер ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап бүгінгі күнге дейінгі отандық бейнелеу және заманауи өнер туындыларын тамашалай алды. «Фокус – Қазақстан» жобасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды және бұл қазақстандық өнерді бүкіл әлемде ілгерілетуге бағытталған.

2018 жылы Қазақстанда мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде жеке медициналық ұйым тандемді масс-спектрометрдің жаңа моделін сатып алды, ол республиканың барлық балаларына қолжетімді болады. Қазақстан тандемді масс-спектрометрдің жаңа моделі тіркелген әлемдегі алғашқы ел, ол қанның бір жағынан алмасудың 49 тұқым қуалайтын, өте ауыр ауруларына диагностика жүргізуге мүмкіндік береді.

2019 жылы Алматыда белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың құрметіне көше берілді. «Әбіш Кекілбаев өзінің балалық шағы мен өмірінің бақытты сәттерін Алматыда өткізген. Ол өз саласында үлкен биіктерге жетті. ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай: Әбіш Кекілбаев Қазақстан халқы ғана емес, басқа да елдер арасында танымал ұлы тұлға болған. Оның есімі мен шығармашылығы қазақстандықтардың жүрегінде мәңгі қалады», - деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.

2019 жылы Мажарстан астанасы Будапеште Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі (Түркі кеңесі) кеңсесінің ашылу салтанаты өтті.

Рәсімде сөз алған Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев бұл оқиғаны тарихи сәт деп атап, Будапештте кеңсенің ашылуымен Түркі кеңесі өсіп, нығая түскенін айтты.

2020 жылы ҚР ҚК Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшілері 4010 метр биіктікте Іле Алатауы жотасының сілемінде орналасқан Абай шыңына шықты. Акция қазақтың ұлы ойшылы, жазушы және қоғам қайраткері Абай Құнанбайұлының мерейтойына орайластырылды.

2022 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясында жалпы пікірсайыста сөз сөйледі.

2024 жылы БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 57-ші сессиясында Қазақстанның БҰҰ бөлімшесі жанындағы Тұрақты өкілдігі мен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының қолдауымен «Әр балаға бейбітшілік пен толеранттылық үшін сапалы білім беру» атты панельдік пікірталас өтті.

2024 жылы Шымкент зообағында көк қой төлдеді. Бұл жануарлар өте қауіпті және IUCN жойылып кету қаупі төнген түрлердің Қызыл тізіміне енгізілген. Еуропа хайуанаттар бағының коллекцияларында көк қой сирек кездеседі. Көк қойлар Непал, Қытай, Пәкістан және Үндістанның Гималай тауларын мекендейді. Олар 2500-2600 метр биіктіктегі ашық беткейлер мен қалың шөпті үстірттерде мекендейді.

Соңғы жаңалықтар