20 метрлік мұзды апаннан өз күшімен шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ зерттеушісі 20 метрлік мұзды апанға құлап, одан өз күшімен шығып қана қоймай, бірнеше сағатқа созылған машақатын бейнетаспаға түсірген.
Қабырғалары мен бір қолы сынған ол Непал тауларындағы климаттық өзгерісті зерттеп жүрген. Беті-аузы қанға боялған Джон Элл мұз шатқалмен жоғары өрлеп, 6 сағат ішінде жер бетіне шыққан. Профессор лагерьге жеткеннен кейін де, құтқарушылардың тікұшағын 17 сағат күтті. Жаны сірі ғалымның құрсаулы мұздың арасында жаралы қалыпта түсірген бейнежазбасы ғаламторда тез таралып, көпшілікті таңдай қақтырды, деп жазады 24.kz.