20 миллионыншы адам: Ақмола облысында туған балаға 2 млн теңгенің сертификаты табыс етілді

Ақмола облысының Бурабай ауданында еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны дүниеге келді. Аймақ басшысы перзентханаға барып, сәбидің ата-анасын құттықтады, деп хабарлайды Kazinform облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

сәби
Фото: Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Сәби Динара мен Айдар Исеновтар отбасында дүниеге келген. Дәрігерлердің айтуынша, ананың жүктілігі қалыпты өткен, қазіргі уақытта нәресте мен ананың жағдайы қанағаттанарлық.

сәби
Фото: Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов ел Президентінің атынан отбасын сәбидің дүниеге келуімен құттықтады.

- Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты еліміздің жиырма миллионыншы тұрғынының дүниеге келуімен құттықтады! Осынау атаулы оқиғаға біз де қуаныштымыз. Еліміздің жиырма миллионыншы тұрғыны болып өмір есігін ашқан перзенттің Ақмола облысының ерекше бір көркем, көрікті, сұлу жері Бурабайда дүниеге келуі біз үшін тіпті ерекше сый! Бала қай жерде туса да, бүкіл Қазақстан халқының қуанышы. Мемлекет денсаулық сақтау мен білімге көп көңіл бөледі, біздің балаларымыз жақсы білім мен медициналық көмек ала отырып, қолайлы ортада өсуі керек. Бұл Отанымыздың тұрақтылығы мен өркендеуінің жарқын айғағы", - деп атап өтті Марат Ахметжанов.

сәби
Фото: Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жаңа туған сәбидің ата-анасы қуанышына ортақтасқан облыс басшылығына алғысын білдірді.

"Біздің отбасымыз үшін бұл күтпеген және өте қуанышты күн! Бұл біздің екінші баламыз! Баршаңызға бейбіт аспан тілеймін! Біз өз тарапымыздан балаларымыздың бақытты отбасында және бейбіт мемлекетте өсуіне ықпал етеміз", - деді отағасы Айдар Исенов.

Қазіргі уақытта ана сәбиімен бірге «Авиценна – Бурабай» ЖШС ана мен бала бөлімшесінде жатыр.

Облыста 10 айда 9604 бала дүниеге келді.