20 мың педагог су басқан аймақтарда ерікті болып жүр – министрлік

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан су тасқыны болған аймақтарда ерікті болып жүрген педагогтар мен психологтар жұмысы туралы айтып берді.

волонтеры
Фото: instagram.com/qazvolunteer.kz

«Педагогтер мен білім саласының барлық қызметкерлеріне айрықша алғыс білдіреміз. Бүгінде білім беру саласының 20 мың қызметкері тасқынға қарсы іс-шараларға ерікті ретінде қатысуда, оның ішінде 10 мыңнан астамы эвакуациялық пункттерде жұмыс істеп жатыр», - деді Еділ Оспан Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Балаларға және зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсету мақсатында жергілікті жерлерде 300-ден астам мектеп психологы жұмыс істеуде. 

Сонымен бірге, Бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің белсенді жұмысы ұйымдастырылған. 

«Зардап шеккен елді мекендердегі балалар қажетті оқу-құралдарымен, сондай-ақ қашықтықтан оқу үшін техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілді», - деді вице-министр. 

Айта кетейік, Оқу-ағарту министрлігі ең көп зардап шеккен аймақтарда тұратын балаларды сауықтыру орталықтарына жіберіп жатыр. Алғашқы лекте Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола және Ақтөбе облыстарынан 600 бала 11 сауықтыру орталығына қабылданған.