20 мың қазақстандықтың ипотекалық қарызы қайта қаржыландырылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Нұр Отан» партиясы тұрғын үй займдарын қайта қаржыландыру бойынша көшпелі қабылдау өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

ҚР Ұлттық банкі мен екінші деңгейлі 13 банктің өкілдері, сондай-ақ ҚР банк омбудсмені Ерсерік Сиырбаев Қазақстанның әр өңіріндегі азаматтарды онлайн-режімде қабылдады.

ҚР Ұлттық банкінің Қаржылық қызметте тұтынушылардың құқығын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы төрағасының орынбасары Иман әл-Кейсидің айтуынша, қайта қаржыландыру бағдарламасы аясында жалпы сомасы 112 млрд теңгеге 20 мың қарыз қайта қаржыландырылған.

«Қайта қаржыландыру бағдарламасы 2005 жылдан бері жүргізіліп келеді. Осы уақыт аралығында жалпы сомасы 112 млрд теңгеге 20 мың қарыз қайта қаржыландырылған. Жалпы айтсақ құны 135 млрд теңгеден асатын 23 мың қарыз мақұлданды. Аталған бағдарламаның арнайы шарттары бар. Ипотека 2004-2009 жылдары алынуы тиіс. Сондай-ақ, ол адамның жалғыз баспанасы болуы шарт. Төленбеген борыш сомасы 36 млн теңгеден аспауы керек. Кей тұтынушылармен арада түсініспеушілік туады. Көпшілігі барлық шартқа сәйкеспей жатады. Сондықтан, банктермен арада осындай жұмыстар атқарылып тұруы дұрыс деп ойлаймын», - деді Иман әл-Кейси.

Мамандар ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру аясындағы мемлекеттік бағдарламаның шарттары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

«Нұр Отан» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Жұмажан Жүкеновтің айтуынша, өткен жылы мемлекеттік органдар 23 мың адамның өтінішін қараса, оның жартысынан астамы Ұлттық банктің жетекшілік ететін саласына қатысты болып шыққан.

«Бүгінгі күні азаматтарды толғандыратын негізгі мәселелердің бірі ипотекалық несие алу, онымен бірге ұлттық валютадағы несие ресурстарының қолжетімділігі болып отыр. Мәселен, өткен жылы бізге 230 мың адам өтінішпен келсе, оның жартысынан астамы ұлттық банктің жетекшілік ететін саласына қатысты болып отыр. Тұрғын үй қарыздарына байланысты біздің партия жылда көшпелі жиын өткізеді. Соның арқасында банк қызметкерлері, банк омбудсмені аймақтарға шығып мәселелерді шешіп жатыр. Өйткені, банктерге көп адамның арызы жетпейді. Партия екі арадағы дәнекер қызметін атқарады», - деді Жұмажан Жүкенов.

Айта кету керек, көшпелі қабылдау барысында азаматтарға білікті заңдық көмек көрсетіліп, кейбір түйткілді мәселелер партия бақылауына алынды.

Соңғы жаңалықтар