20 мың теңге үшін адам өлтірген қызылордалыққа сот үкімі шықты

Қылмыстық іс мәліметтеріне сәйкес, сотталушы барлық ақшасын компьютерлік клубта жұмсап, басқа қаражат табудың жолдарын іздеген. Сөйтіп, ұялы телефон арқылы «Делюкс» такси фирмасына хабарласып, оның операторына қолындағы купюра ірі екендігін, яғни жүргізушіде 20 мың теңгеге қайтаратын ақша болуы керектігін ескерткен. Таксист белгіленген жерге келген соң, сотталушы артқы жолаушы орындығына отырып, өзінің сенімді жолаушы екенін көрсету мақсатында бірнеше жерге баратынын айтып, қаланы 3 сағат бойы айналып жүреді. Өзінің ойындағы қылмыстық пиғылын жүзеге асыру мақсатында жүргізушіге қараңғы көшеге бұрылуын сұрап, көп ұзамай тоқтауын өтінеді. Аталған жерге жеткен соң, сотталушы такси жүргізушісінің желкесінен тапаншамен екі мәрте атып, оның қалтасынан 20 мың теңгені алады. Сөйтіп, мәйітті артқы орындыққа ауыстырып, көлікті өзі айдап кетеді. Тұрлығұлов көшесіне жеткеннен кейін, мәйіт жатқан көлікті өртеп, оқиға орнынан із суытқан.
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен сотталушы Е. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 8-тармағымен (пайдакүнемдік ниетпен адам өлтіру), 192-бабы 2-бөлігінің 4-тармағымен (қаруды пайдалану арқылы жасалған қарақшылық), 202-бабы 2-бөлігінің 1-тармағымен (өрт қою арқылы бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру) кінәлі деп танылып, мүлкі тәркілене отырып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.