20 сәуір. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 20 сәуірге арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Жылнама
Фото: Kazinform

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1930 жылы БМСБ (Біріккен мемлекеттік саяси басқарма-ОГПУ) «үштігінің» шешімімен Алаш қозғалысының Мұхамеджан Тынышбаев бастаған 20-дан астам мүшесі жазаланды. Осы топпен бірге істі болған Мұхтар Әуезов, Уәлихан Омаров, Біләл Сүлеев, Әлімхан Ермеков алдын ала тергеу кезінде түрмеде отырған уақыты есепке алынып, босатылды.

1991 жылы Атырауда әлемдегі ең терең кен орны Теңізден алғашқы өнеркәсіптік мұнай өндірілді.

1994 жылы ТМД мемлекеттерінің Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты күшіне енді. Шартқа 1992 жылы Ташкентте Қазақстан, Армения, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан басшылары қол қойған болатын.

2000 жылы Ташкентте Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанның президенттері аймақтық қауіпсіздік мәселелері бойынша кездесу өткізді.

2007 жылы ҚР Президентінің «Ертіс», «Оңтүстік» және «Жетісу» атты үш әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация құру туралы Жарлығы шықты. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың басты қызметі - инвестициялар тарта отырып, жергілікті жерлердегі жаңа жобаларды жүзеге асыру. Сөйтіп өңірдегі халықтың мұң-мұқтажын шешуге қол ұшын беру.

2011 жылы Мәскеудегі қазақ диаспорасы С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас Ұлан» республикалық мектебінде Кеңес одағының батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы туралы жазылған «Аңызға айналған батыр» атты кітаптың тұсаукесерін өткізді.

2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында Орбұлақ шайқасындағы жеңістің 375 жылдығына арналып, ерекше мемориалдық кешен бой көтерді. Оның хас бетінде Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс Баһадүр батырларға арналған ескерткіш ашылды. Шымкент-Ташкент халықаралық күре жолының бойында салынған «Батыр бабалар» мемориалдық кешені алаңының сыртқы жағында бірнеше панно орналасқан. Оның бірі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған зар заманды бейнелесе, екіншісінде Орбұлақ шайқасының көріністері айшықталған. Қабырғада Ұлы жеңіске қол жеткізуде ерекше көзге түскен екі қолбасшымен бірге сардар батырлардың аты-жөндері өшпестей етіп, гранит тасқа қашалған. Ал қос батырға салынған қола мүсіннің биіктігі – 12 метр.

2022 жылы Ұлан-Батырда Азия чемпионатында грек-рим күресінен жарыс аяқталды. Қазақстаннан 10 палуан бақ сынады. Екі жарыс күнінің қорытындысы бойынша біздің спортшылар екі алтын, бес күміс және екі қола медаль жеңіп алды. Бұл нәтиже қорытынды хаттамада ұпай саны бойынша жалпы командалық бірінші орынға шығуға мүмкіндік берді – 180. Иран екінші орында (151), Қырғызстан спортшылары үшінші – 133 ұпай.

2023 жылы Мемлекет басшысы ҚР Әлеуметтік кодексіне қол қойды. ҚО Әлеуметтік кодексі – жаңа жүйелік құқықтық құжат. Кодекс ұлттық демографиялық саясаттың факторы ретінде ана мен баланы қолдаудың басымдығын көрсетеді; еңбек нарығын дамыту және жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді ұйымдастырудың жаңа тәсілдері; аз қамтылған отбасыларға олардың материалдық әл-ауқатын жақсартуға жәрдемдесу және басқа да салалар.

2024 жылы ҚР Президенті Телерадиокешенінің «Jibek Joly» телеарнасы «Стихия» деректі фильмін ұсынды. Қазақстан бұрын-соңды болмаған су тасқынына бетпе-бет келді. Елдің алты облысы, ондаған мың адам, мыңдаған тұрғын үй мен әкімшілік ғимарат табиғи апатқа ұшырады. Алайда апат су тасқынына төтеп беруге жұмылған қазақстандықтарды біріктірді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зардап шеккен бірнеше өңірде болып, оқиғаның ауқымын өзі бағалады, Қазақстан халқын қолдап, Үкімет пен облыс басшыларына бірқатар нақты тапсырма берді.

2024 жылы «Дала Қасқыры» кинокартинасы Брюссель кинофестивалінде «Golden Raven Award» бас жүлде жүлдесін жеңіп алды. Сюжеті бойынша фильмнің бас кейіпкері Тамара есімді шағын қала тұрғыны тәртіпсіздік кезінде ұрланған ұлын табу үшін бұрынғы тергеуші Брайюкті жалдайды. Олар баланы бірге іздейді. «Brussels International Fantastic Film Festival» - 1983 жылдан бері өткізіліп келе жатқан еуропалық жанрлық байқааулар ішінде ең танымалдарының бірі.

Соңғы жаңалықтар