«20 жаста қос аяғымнан айырылдым» – Азия рекордын жаңартқан параспортшы

АСТАНА. KAZINFORM – 20 жасында жол апатына түсіп, қос аяғынан айырылған Айсұлу Сүлейменова араға жылдар салып, параспорттан өз орнын тапты.

Айсұлу Сүлейменова
Фото: видеодан скрин

Бүгінде ол халықаралық жарыстарда Қазақстан намысын қорғап, Азия параойындарында 100 метрге жүгіруден құрлық рекордын жаңартты. Оған қоса, Құрылтайдың алғашқы шақырылымына депутат атанып үлгерген. Тілшілерге берген сұхбатында А. Сүлейменова спортқа қалай келгенін айтып берді.

Бүгін Ақордада Азия ойындары мен Азия параойындарының жеңімпаздары және жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Айсұлу Сүлейменованың қайсарлығын ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы оның тағдырдың қиын сынағына қарамастан, алға ұмтылып, көпке үлгі болып жүргенін айтты.

Айсұлу Сүлейменова
Фото: Ақорда

Спортшының өзі де бүгінгі жетістігінің артында оңай жол болмағанын жасырмайды. 2011 жылы, небәрі 20 жасында, жол апатына түсіп, екі аяғынан айырылған. Бұл оның өміріндегі ең ауыр сынақтардың бірі болды.

– Көп қиындықты бастан өткердім ғой. Әсіресе ең үлкен сынақ – жол апатына түсіп, екі аяғымнан айырылғаным. Дегенмен бүгін осындай дәрежеге жеткеніме, Президенттің өзі мені мақтан тұтып, ерекше атап өткеніне өте қуаныштымын, – дейді Айсұлу.

Бірнеше жылдан кейін А. Сүлейменова параспорт туралы естіп, жеңіл атлетикамен айналысуға бел буған. Содан бері спортшының өмірінде жаңа кезең басталды.

– Спорт мені өмірге қайта әкелгендей болды. Өмірге деген құштарлығымды арттырып, алға ұмтылуға мотивация берді, – дейді ол.

Айсұлу жүгіру кезінде арнайы спорттық протез пайдаланады. Ал күнделікті тұрмыста басқа протез киеді. Оның айтуынша, спорттық протез жүгіруге бейімделген және жаттығу мен жарыс кезінде ғана қолданылады.

Азия параойындарындағы бәсекенің де оңай болмағаны айтылды. Айсұлу қарсыластарының біразымен бұған дейін халықаралық жарыстарда кездескен. Сондықтан жеңіс оңайлықпен келген жоқ.

– Қарсыластарым өте мықты болды. Олардың барлығын бұрын басқа халықаралық жарыстардан көргенмін. Дегенмен бұл жолы жеңіс маған бұйырды, – дейді спортшы.

Айта кетейік, бүгін Ақордада Президент Азия ойындары және Азия параойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады.

Бұған дейін жарыстағы нәтижесі жойылған Ясмина Тоқсанбаева Азиададан кейінгі өмірі туралы сұхбат берген еді.