20 жастағы электрик Бурабайды жарықпен қамтамасыз етіп жүр
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Жұмысшы мамандықтар жылы аясында біз өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған мамандық иелеріне тоқталуды жөн санадық. Солардың бірі 20 жастағы электрик – Мұрат Табатаев.

Бурабай курортының жарығына жауапты жас маман Ақмола облысында дүниеге келген. Ол Щучинск қаласындағы техникалық колледжді бітіргеннен кейін бірден электрик болып жұмысқа орналасқан.
Оның негізгі қызметіне курорттық нысандардың тұрақты электрмен жабдықталуы, жарықтандырылуы, желілердің уақтылы жөнделуі мен профилактикасы кіреді. Жас маман ептілігінің, іскерлігінің арқасында өз ісін тиянақты орындап, басшылықтың сеніміне ие болған. Курортқа келген демалушылар да жайлылықты сезініп, мұндағы қызметкерлер алаңсыз өзіне жүктелген жұмысын істеп жүр.
– Бурабайдағы жұмысыма әрдайым ыждағаттылықпен, тиянақтылықпен кірісемін. Сол үшін де менің еңбегімді жоғары бағалайды. Алдағы уақытта мамандығым бойынша жоғары оқу орнына түсуді жоспарлап жүрмін. Бір орында тоқтап қалмай, өсуді, дамуды жалғастыра беремін, - дейді М. Табатаев.

Мұрат – үшінші разрядты электрик. Болашақта ол техникалық білімін жетілдіріп, туған өлкесінің дамуына елеулі үлес қосқысы келеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Өскеменде Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Workshop алаңы ұйымдастырылғанын жазған едік.