20 желтоқсан күні барша қазақстандықтар «ұжымдық медитацияға» қосылса ақырзаман елімізді айналып өтуі мүмкін

Бір апта бұрын ақырзаманның таяп қалғандығы туралы қауесетке қатысты Америка ғарыш агенттігі ресми түрде пікірі білдірді. Кезек біздің отандық ғалымдарға жетті.
Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің доценті, геологиялық-минералогиялық ғылымдардың кандидаты Михаил Казанцев Қазақстан аумағын ақырзаманнан сақтап қалудың бір-ақ жолын көріп отыр ол - «ұжымдық медитация әдісі». Доцент өз ұсынысының мән-жайын «Мегаполис» газетіне ұсынған хатында жазып көрсетті.
Казанцев қазақстандықтарды 20 желтоқсан күні кешкі сағат 22.00-де 5 минут бойы «ұжымдық медитация сеансын» өткізуге шақырады. «Осы минуттарда іштей: «Қазақстанда бәрі тамаша, жайлы әрі тыныш» деген фразаны бірнеше рет қайталау қажет. Ақырзаманға қатысты ешбір ой сізді мазаламауы тиіс», - деп пайымдайды доцент.
Ғалымның пікірінше, билік оның идеясын қолдай отырып «парасатты шешім қабылдар еді», себебі, жоба жарнама мен хабарландыруға кеткен шығыннан басқа ешқандай қаржыны қажет етпейді. Казанцев атап өткендей, медитацияның сәттілігі адамдардың санына байланысты.
Айта кетейік, Михаил Казанцев бұған дейін жасанды жарылыстар арқылы Алматыны жойқын жер сілкіністерінен сақтап қалуды ұсынған болатын. Онымен қоса, оңтүстік астанада тұрақты түрде болып тұратын құйынды дауылдарды болжап, Қазақстан бойынша орташа жылдық температураның артуы мүмкіндігін мәлім еткен болатын.