20 желтоқсан. Жылнама

календарь
Фото: Kazinform

Kazinform оқырман назарына 20 желтоқсанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік фельдъегер қызметі күні

Қазақстан мемлекеттік фельдъегер қызметі 1991 жылы желтоқсанның соңында Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулысымен құрылды. Ол жоғары мемлекеттік билік органдары мен мемлекеттік басқару, үкіметтік мекемелер мен жоғары әскери қолбасшылық арасындағы фельдъегерлік байланысты қамтамасыз етеді. Осы қызметтің қызметкерлері маңызды құпия құжаттарды жоғары мемлекеттік билік органдарына жеткізумен айналысады.

Халықаралық адамдар ынтымақтастығы күні

Кедейшілікті жоюмен күрес жөніндегі БҰҰ-ның бірінші онжылдығы шеңберінде 2005 жылғы желтоқсанның 22-сінде Бас Ассамблея «20 желтоқсан – Адамдар ынтымақтастығының халықаралық күні» деп шешім шығарды. Бұл шешімді қабылдау кезінде Бас Ассамблея Мыңжылдықтар декларациясында ынтымақтастық XXI ғасырдағы халықаралық қатынастар негізі болатын түпкілікті және салалы құндылық деп танылғанын еске салды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1928 жылы Қазақ КСР Орталық атқару комитеті латын әліпбиіне көшу туралы қаулы қабылдады.

1954 жылы Қазақ КСР Жоғары Кеңесі президиумының жарлығымен Үлкен Жезқазған жұмысшы кенті Жезқазған қаласы болып ауыстырылды.

1970 жылы Сұлтан Қожықовтың қазақтың ұлттық кинематографиясы алтын қорының мұрасына айналған әйгілі кинотуындысы «Қыз Жібек» экранға шықты.

Фильм кезінде бір-бірімен жауласқан қазақ тайпаларынан шыққан жігіт пен қыздың трагедиялық махаббаты жөніндегі қазақ халық эпосына негізделген. Туынды көпшілік қауымның көзайымы, нағыз халық киносына айналды және әлемнің 70-тен астам елінде көрсетілді. Туындының басты рөлдеріндегі Төлеген мен Қыз Жібекті сомдау сол уақытта небәрі 17-ге толған жас актерлер Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешоваға бұйырды.

Фильм Жаркентте түсірілді. Қазақтың ең танымал фильмдерінің бірін шығарғаны үшін режиссер Сұлтан Қожықов Қазақ КСР-нің Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Үздік кинотуындының сценариін жазған Ғабит Мүсірепов болатын.

1991 жылы Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңы қабылданды.

2010 жылы Король Фахд атындағы Құран басып шығару баспа Астанаға кәріс, грек, неміс және болгар тілдеріне аударылған Құранның даналарын беру жөнінде шешім қабылдады. Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық ету жылында сауд тарапы Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасына қазақ, орыс, ұйғыр, түрік, әзербайжан және қырғыз тілдеріндегі мағыналық аудармаларымен Құранның жүздеген кітабын сыйға тартты.

2010 жылы Қазақстанда тестілік режимде спутниктік хабар тарату іске қосылды.

2011 жылы Астана қаласының әкімдігі EFQM сертификатына ие болған қазақстандық бірден-бір мемлекеттік орган болды. Жетістікті мойындау саласындағы EFQM Сертификаты Қазақстан елордасы әкімшілігінің өз қызметінде Еуропада таралған басқару сапасының стандарттарына сәйкес болуға ұмтылатындығын дәлелдейді.

2012 жылы ҚР Әділет министрлігі Қазақстанның ұлттық заңнамасымен онлайн режимде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін қоғамдық маңызы зор жоба «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесін ұсынды. «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесі – іздестіру мүмкіндіктері мен ыңғайлы заманауи интерфейсі бар технологиялық кешен.

2012 жылы «Меломан GRAND» дүкенінде Қазақстан ескерткіштері мен тарих, мәдениет және география көрнекті орындарының «Алтайдан Каспийге дейін» Атласы таныстырылды.

2013 жылы Брюссельде Еуропа Кеңесінің өкілдігінде Қазақстан Республикасы мен Еуропа Кеңесі арасындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы Бірлескен декларацияға қол қою рәсімі өтті.

2013 жылы Алматы метросы Сапаны зерттеудің еуропалық қоғамы (ESQR) нұсқасы бойынша үздік деп танылды. «Платина» («Platinum») жіктелімінде кубок «Сапаны үздік тәжірибелік қолданудың Еуропалық марапаты» аталымы бойынша диплом Венада табысталды.

2016 жылы ҚР Ұлттық банкі 100 теңгелік «Монета – сыйлыққа» сериясынан «Туған күніңмен», 500 теңгелік «Жүректен жүрекке» сериясынан «Махаббат» және 50 теңгелік «Қазақстан қалалары» сериясынан «Петропавл» ескерткіш күміс монеталарын қолданысқа енгізді.

2018 жылы «Алаш Орда: қазақ мемлекеттілігінің құрылымындағы маңызы мен тарихы» атты ғылыми мақалалар жинақ-кітабы әзербайжан тілінде жарық көрді. «Алаш» партиясы өз ниеттестерін тарта білген, Алаш зиялылары ұлттық мемлекеттілікті қалыптастыруда зор еңбек сіңірген. Алаштың бағдарламалық мақсаттары еркін әрі тәуелсіз мемлекет құру турасындағы қазақ халқының баяғыдан бергі арманымен ұштасқаны айқын.

2018 жылы Иордания астанасы көшелерінің біріне Қазақстанның елордасы – Астана атауы берілді. Бұл екі ел арасындағы достық пен жемісті ынтымақтастықты бейнелейді. Көшені ашу салтанатына Қазақстан астанасының әкімі Бақыт Сұлтанов пен Иорданияның бас қаласы Амманның мэрі Юсуф әл-Шауариба қатысты.

2021 жылы Қазақ радиосының «алтын қорынан» қазақ дикторлары мен орындаушыларының бірегей мұрағаттық жазбалары бар шығармалардың аудиожинағы жарық көрді. Бұл жинаққа 1954 жылғы түпнұсқа аудиожазбалар кіреді. Жалпы, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының мұрағат қорында 1940 жылдардан бері сақталған 110 мыңнан астам тарихи-мұрағаттық бейне және аудио жазба бар. Мұрағат материалдарының жалпы ұзақтығы – 42 мың сағат.

2022 жылы әйгілі кеңестік және қазақстандық боксшы, КСРО чемпионы, Қазақ КСР және Қазақстан чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы Болат Теміров қайтыс болды. Болат Бисенұлы 1969 жылы 9 маусымда Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында дүниеге келген. Ол «Автомобилист» спорт залындағы бокс спорт секциясына 8-сыныпта келген. Алғашқы сабақтардан кейін оны жаттықтырушысы Ерболат Бисекенов байқаған. Алғаш рет 1985 жылы жеңіс тұғырына көтерілді.

Болат Теміров 1992 жылғы Олимпиаданың және бірнеше әлем чемпионатының қатысушысы. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында ұлттық құраманың капитаны болды. Бокстағы мансабын аяқтағаннан кейін бизнеспен айналысып, ҚФБ бас хатшысы болып жұмыс істеді, Атырау облысының құрметті азаматы.

Соңғы жаңалықтар
telegram