20 желтоқсанда Ертіс ауданында 14 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етіледі - Павлодар
АСТАНА. ҚазАқпарат - 20 желтоқсан күні Ертіс ауданы Иса Байзақов ауылында көптен күткен Беловод топтық су құбыры іске қосылады.
«Қазсушар» РМК жұртшылықпен байланыс қызметінің маманы Азамат Битанның айтуынша, Беловод топтық су құбырының бірінші кезеңінің аяқталуы нәтижесінде Ертіс ауданының 14 елді мекені таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Айта кеткен жөн, Беловод топтық су құбырының құрылысы 2010 жылы «Ауыз су» бағдарламасы бойынша басталған болатын. Бастапқыда жобаны жүзеге асыруға астаналық «Спецпластводстрой» ЖШС кіріскен. 2012 жылы кәсіпорын осы уақытта жоспарланған қаржының 55 пайызын игерді. Нақтырақ айтқанда, құбырлар мен электр тарату желілері тартылып, екі траснформаторлы қосалқы станса орнатылды. Алайда жұмыстың сапасыз жүргізілуіне байланысты тапсырыс берушіге 500 миллион теңгеден астам қарыз болып қалды. Сондай-ақ сатылып алынған құрал-жабдықтар ұрланды. Кейін су ресурстары комитеті аталмыш компанияны сотқа беріп, құрылыс үрдісі кейінге шегерілді. Жұмыс тек қана 2014 жылдың қараша айынан бастап қайта жанданды. Бұл ретте, ауылдарға су жеткізіп беру міндеті "Қазсушар" РМК-на жүктелген болатын. Бүгінгі таңда топтық су құбырының ұзындығы 109 шақырымды құрап отыр. Жобаның жалпы құрылысына 6 миллиард 384 млн теңге бөлінген.