20 желтоқсанда Қостанай облысынан Сенатқа сайлау өтеді

Биылғы 20 желтоқсанда Парламент Сенатының Қостанай облысынан шығып қалған депутатының орнына сайлау өтеді. Тиісті шешім бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында қабылданды, деп хабарлайды Кazinform.

сенатқа сайлау
Фото: Мұхтар Холдорбеков/"ҚазАқпарат" ХАА

Сайлау заңнамасына сәйкес Сенат депутаттары жасырын дауыс беру арқылы жанама сайлау құқығы негізінде сайланады. Дауыс беруге тек мәслихат депутаттары ғана қатысады.

Кандидаттарды ұсыну мәслихаттардың сессияларында, сондай-ақ өзін-өзі ұсыну тәртібімен жүзеге асырылады. Өз өкілдері арқылы мәслихаттарда кандидаттарды саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ұсынуға мүмкіндігі бар.

Конституцияға және заңнамаға сәйкес жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, сондай-ақ біздің еліміздің аумағында соңғы 10 және өзі өкілі болып табылатын өңірде (яғни Қостанай облысында) кемінде 3 жыл тұрақты тұратын, 30 жастан асқан Қазақстан азаматы Сенат депутаты бола алады.

Парламент Сенатының депутаттығына кандидат ретінде тіркелу үшін үміткер облыстың барлық мәслихаттары депутаттарының жалпы санының кемінде он пайызының қолдауын алуы қажет.

Кандидат үшін сайлау жарнасы 1 050 000 теңгені құрайды.

Бұдан басқа, кандидат пен оның жұбайы (зайыбы) тіркелгенге дейін тұрғылықты жері бойынша салық органдарына активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсыруға міндетті.

Сенат депутаттығына кандидаттарды ұсыну 21 қазаннан басталып, 19 қараша сағат 18.00-ге дейін жалғасады. Кандидаттарды тіркеу 29 қарашада сағат 18.00-ге дейін өтеді, ал сайлауалдындағы үгіт 2023 жылғы 29 қарашада жергілікті уақыт бойынша сағат 18-ден кейін басталып, 19 желтоқсан сағат 00.00-де аяқталады.

Дауыс беру нәтижесін Қостанай облысының аумақтық сайлау комиссиясы бір күнде – 20 желтоқсанда жарялайды.

Орталық сайлау комиссиясы сайлау қорытындысын жеті күннен – 26 желтоқсаннан кешіктірмей белгілейді.