20 жыл бұрын Мәскеуде журналист Владислав Листьевті атып кетті, қылмыс әлі күнге дейін ашылған жоқ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жексенбі күні тележурналист Владислав Листьевтің өлтірілгеніне 20 жыл толады. Іс әлі ашылмаған күйіне қалды, деп хабарлады Росбалт.
«Листьевті өлтіру бойынша іс тоқтатылған жоқ және ол қашан ашылғанша тоқтатылмайды. Бұл іс бойынша барлық қатысушарды, сондай-ақ осы қылмысқа тапсырыс берушіні анықтауға бағытталған жедел шаралар жүргізілуде», - деп мәлімдеді Ресей Тергеу комитетінің ресми өкілі Владимир Маркин.
Владислав Листьев (1956 жылғы 10 мамыр - 1995 жылғы 1 наурыз) кеңестік және ресейлік тележүргізуші және тележурналист, ОРТ телеарнасының алғашқы бас директоры. Листьев «Ғажайыптар алаңы», «Тақырып» және «Қарбалас сағат» тележобаларын жасаушы және жүргізуші болды. Листьевтің соңғы жобасы ол қаза болғаннан кейін экранға шыққан «Әуенді тап» телеойыны еді.
1995 жылғы 1 наурызда Владислав Листьев «Қарбалас сағат» бағдарламасының түсірілімінен кейін Новокузнецк көшесіндегі өз үйінің кіреберісінде өлтірілді. Оның бағалы заттары мен ақша қаражаттарына ешкім тимеген, бұл тергеушілердің оны өлтіру іскерлік немесе саяси қызметімен байланысты болуы мүмкін деген пайымдаулар жасауына негіз болды.
11 жыл тергеуден кейін қылмыс жасаған нақты адамдарды анықтау мүмкін болмады, осыған байланысты 2006 жылғы 3 сәуірде Бас прокуратура қылмыстық іс бойынша тергеуді РФ ҚПК 208-бабына сәйкес тоқтатты.
Листьевтің өлтірілуі бойынша істі қарау мерзімі 2010 жылы өтіп кетті.