«20 жыл құлдықта болған» ресейлік неге өтірік айтқанын түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «20 жыл құлдықта болдым» деп желіні шулатқан ресейлік неге жалған видео түсіргенін полиция қызметкерлеріне түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«20 жыл бойы Қазақстандағы шаруа қожалықта еркімнен жұмысқа жегілдім» деп желіні шулатқан ресейлік полиция қызметкерлері мен Ресей Федерациясы консулдығының өкілдеріне шынын айтты. Бұл туралы Polisia.kz сайты жазды.

«Әлеуметтік желіге мониторинг жасау кезінде өзін Ресей Федерациясының азаматы Алексей Александрович Котовпын деп таныстырған ер адамның бейне үндеуі табылды. Видеода ол Қарағанды облысының аумағында еркінен тыс өмір сүріп жатқанын айтқан. Желіге тараған ақпарат бойынша қылмыстық іс тіркеліп, оқиғаның мән-жайын тексеру үшін Шет ауданындағы шаруа қожалығына жедел-тергеу тобы барды. Қожалық иесі мен Алексей Котовтан Ресей Федерациясы консулдығы қызметкерлерінің көзінше жауап алынды», - деп жазады Polisia.kz.

Сайттағы мәліметке сенсек, Котов шаруа қожалық аумағында өз еркімен жұмыс істеген және қолында ұялы телефоны болған.

«Ол қалаған уақытында фермадан кетуге мүмкіндігі болғанын мойындады. Ресейлік азамат шаруа қожалығының иесінің үстінен жазған арызынан бас тартып, оған ешқандай шағымы жоқ екенін түсіндірді. Видео жазғандағы жалғыз мақсаты үйге оралу болған», - делінген сайттың мәліметінде.


Соңғы жаңалықтар