20 жылда Нұр-Сұлтанның климаты қалай өзгерді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қазгидромет» РМК ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрлан Абаев кейінгі жылдарда ел астанасындағы климат қалай өзгергенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

20 жылда Нұр-Сұлтанның климаты қалай өзгерді

«Қаланың аумағы артып, тіршілігі қызған сайын климаты өзгеріп келеді. Сонымен бірге маңайындағы климатқа да әсер етеді», - деді Нұрлан Абаев ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы берген сұхбатында.

Оның айтуынша, Нұр-Сұлтандағы ең суық ай – қаңтар: орташа температура -14,2 °С. Түнде температура -20 °С-тан төмен болса, күндіз -10 °С деңгейінде болады.

Елордадағы ең ыстық ай – шілде: орташа температура 20,8 °C. Түнде температура орта есеппен 15,0 °C, ал күндіз 26 °C болады.

1936 жылдың 22 шілдесінде қалада ауа температурасы +41,6 °C болған екен. Бұл - әзірге қаладағы рекордтық температура.

«Жиырма бірінші ғасырда ең жоғары температура (+40,1 °С) 2005 жылдың 7 шілдесінде байқалды. Ең төменгі температура (-40,6 С°) 2012 жылы 15 желтоқсанда тіркелді», - дейді маман.

1-кестеде 1980-2000 және 2001-2020 жылдардағы орташа айлық ауа температурасы келтірілген.

Кестеге сенсек, кейінгі 20 жылда ауаның орташа жылдық температурасы 0,5 °С-қа көтерілген.


1-кесте. 1980-2000 және 2001-2020 жылдардағы ауаның айлық орташа температурасы

Кезең

I

II

III

IV

V

VI

VII

VIII

IX

X

XI

XII

Жыл

1980-2000

-14.1

-14.5

-8.7

5.0

13.4

19.5

21.1

18.6

12.1

4.2

-6.7

-12.1

3.2

2001-2020

-14.4

-13.9

-6.6

5.9

14.1

19.6

20.8

19.0

12.5

4.6

-5.5

-12.0

3.7

«Соңғы 20 жылда желдің жылдық орташа жылдамдығы 3,6-дан 2,8 м/с дейін төмендеді. Желдің басым бағыты оңтүстік-батыстан оңтүстік бағытқа өзгерді», - дейді сарапшы.

Ол, сондай-ақ жылдың барлық айларында тынық ауа райы көбейіп келе жатқанын атап өтті.

2000 жылға дейін тымық күндер саны 35-51 аралығында болса, қазір 55-81 аралығына жеткен. Әсіресе тамыз айы тыныш өтетін болған.


2 кесте. Боранды күндер саны

Боранды күндер саны

Кезең

I

II

III

IV

V

VI

VII

VIII

IX

X

XI

XII

Жыл

1980-2000

6

6

4

2

2

4

4

4

27

2001-2020

3

3

2

1

1

1

3

14

Шаңды жел соғатын күрдер

1980-2000

1

2

2

2

2

2

11

2001-2020

2

2

2

1

1

1

9

2-кесте бойынша, жылдың барлық маусымдарында ауа-райы қолайсыз күндер азайып келеді.

Мысалы, боран мен шаңды дауыл 2001-2020 жылдар аралығында екі есе азайған (27 күннен 14 күнге дейін). Шаңды жел соғатын күндер саны 11-ден 9-ға қысқарған.

«Деректерге сүйенсек, кейінгі 20 жылда қаланың қысқы климаты «қатал» режимнен «орташа қатал» режимге ауысып келеді», - деді Нұрлан Абаев.