200-ден астам адам қазақ тілін Skype арқылы тегін үйреніп шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылдың қыркүйек айында Мемлекеттік тілді дамыту қоры Soyle.kz әдістемесі бойынша қазақ тілін Skype арқылы оқыту жобасын бастаған болатын. 

200-ден астам адам қазақ тілін Skype арқылы тегін үйреніп шықты

Бүгінгі таңда Skype арқылы Қазақстан мен шет елдерден (Ресей, Польша, Англия, Қытай) 200-ден астам адам тегін қазақ тілін меңгеріп шықты, деп хабарлайды Мемлекеттік тілді дамыту қорының баспасөз қызметі.

 Жоба Мемлекеттік тілді дамыту қорының  әлеуметтік серіктесі - «Samruk-Kazyna Trust» қорымен бірге ұйымдастырылды.

Жобаның мақсаты - қазақ тілін үйренуді көпшілікке қолжетімді ету, қазақ тілін кеңінен насихаттау, оның қолданыс аясын кеңейту, тілдің қоғамдағы мәртебесін арттыру және шетелдерде тұратын отандастарымыздың туған елі - Қазақстанмен байланысын нығайту.

Skype арқылы оқыту тыңдаушыларды қазақ тілінде емін-еркін сөйлесуге, аз уақыттың ішінде тілді үйреніп, жоғары жетістіктерді көрсетуге мүмкіндік береді.  Курс әр оқушының жеке қазақ тілін білу деңгейіне жеке тәсілдері бойынша бағытталған. Skype арқылы қазақ тілін оқытудың артықшылықтары - уақыттың үнемделуі мен ыңғайлылығы.

Интернет қолданушылардың білдірген көптеген пікірлері мен тілектерін ескере отырып, қазақ тілін Skype арқылы оқыту жобасын осы жылдың күзінде жалғастыру жоспарланып  отыр.

 «Soyle.kz» - Қазақстандағы қазақ тілін онлайн режімінде тегін үйрететін тұңғыш портал. Бүгінгі таңда оның қызметін әлемнің түкпір-түкпірінен 3 миллионнан астам адам пайдаланса, арнайы тіркеліп тіл үйреніп жатқан адамдардың саны 62  мыңнан асты.