200-ден астам елді мекенді су басу қаупі сейілді – ҚР ТЖМ
Бұл туралы ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы Қаһарман Оразалин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазгидрометтің мәліметтері бойынша елімізде қар басқан аумақ көлемі 39 пайызға азайды. 22-24-ші наурызда еліміздің солтүстік өңірлерінде қар және жауын-шашын циклоны өтеді. 21 наурыздан бастап Павлодар және Ұлытау, 22 наурыздан Қостанай, СҚО, Қарағанды, Абай және ШҚО-да күндізгі температура 3-13 градусқа дейін жоғарылауы мүмкін», – деді Қаһарман Оразалин Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
«Қалған қар қоры мен күннің жылынып келе жатқанын ескерсек, Қарағанды, Ақмола, СҚО, Қостанай, Ақтөбе, ШҚО және Абай облысында су тасқыны қаупі жоғары. Әкімдіктер жол картасы шеңберінде 41 іс–шараны (11 млрд теңгеден астам сомаға) іске асырды», - дейді департамент басшысы.
Оның айтуынша, қабылданған шаралар еліміздегі 213 елді мекенді су басу қаупін жойды. Сонымен қатар 550 мыңнан астам адам (551 099) тұратын 580 елді мекендегі қатерді азайтуға мүмкіндік берді.