110 млн теңге қайда түскен: Алматыда заңсыз онлайн-казино схемасы әшкереленді

АСТАНА. KAZINFORM — Алматыда заңсыз интернет-казинолардың жұмысын қамтамасыз еткен адамдар тобының әрекетіне тосқауыл қойылды, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі.

р
Фото: pixabay

Тергеу дерегінше, күдіктілер «Olymp Casino», «Rukh Poker» және «7Kcasino» интернет-казиноларының төлем жүйесін ұйымдастырған. Оның ішінде «Rocket.do» онлайн-платформасы арқылы ойыншылардан ақша қабылдау және оны өңдеу жолға қойылған.

ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжанның сөзінше, бұл іске қатысушылардың бірі — шетел азаматы. Ол 200 АҚШ долларына дейін сыйақы алып, өз банк шоттарын пайдалануға беруге келісетін адамдарды іздеген.

— Тапқан дропперлерін Қазақстанға әкеліп, ЖСН рәсімдету үшін ХҚКО-ға ертіп барған. Одан кейін банк бөлімшелеріне апарып, шот аштырған. Соның нәтижесінде күдікті 15 шетел азаматының банк шоттарына қол жеткізген, сондай-ақ өз шотын да пайдалануға берген, — деді ведомствоның ресми өкілі.

Ол ойыншылардан 16 дроппердің шотына түскен қаражаттың жалпы көлемі 110 млн теңгеден асқанын айтты.

— Күдіктілердің бірі қамауға алынды, тағы үшеуіне ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді, — деді Ернар Тайжан.

Бұдан бұрын елімізде казино ашуға рұқсат етілетін аумақтар белгілі болды.